11 Ақпан 07:24
...

Баталовты да босата ма?

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескертуінен соң облыс әкімдері мен министрлер тиімсіз шығындарын қысқартып жатыр. Nege.kz порталының осыған байланысты ресми сауалына Алматы облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ж.Әлімбековтен жауап келді.

Алматы облысында жергілікті бюджеттің 2 миллиард (1 821 916,0 мың) теңгеге жуық тиімсіз шығындарын қысқарту жоспарланыпты. Ол көлік, білім, мәдениет, спорт және туризм, кәсіпкерлікті дамыту салаларына қатысты.

28 қаңтарда өткен аппарат жиынында облыс әкімі Амандық Баталов көлік сатып алуды уақытша тоқтатқан. «Уақытша» дегеніне қарағанда, арғы жылы әкім аппараты мінетін көліктерді жаңалау қайтадан жоспарға кіруі мүмкін.

Ауылдық округтердегі әкімшілік ғимараттарын күрделі жөндеуге 442 572,0 теңге жоспарланыпты. Ал енді облыстағы мемлекеттік органдарға ең қажетті деген оргтехникалар мен кеңсе жиһаздарына әкімдік 17 миллион теңге шамасында жұмсамақ.

Алматы облысы бұрыннан түрлі мәдени іс-шаралар өткізуге шебер. Аппарат басшысы орынбасарының жазуына қарағанда, түрлі іс-шараларға 1,3 млрд теңге жұмсауды жоспарлап қойыпты.

2019 жылы облыс әкімі аппаратының жалақы қорынан үнемделген қаржы – 6 млн 421 мың теңге.

Облыс әкімдерінің жалақысы Үкімет бекіткен арнайы коэффициент бойынша есептелетінін ескеріп, «А.Баталов өзге әріптестерінен аз жалақы алмауы тиіс» деп болжағанбыз. Солай екен.

Облыс әкімі А.Баталов 967 672 теңге жалақы алады. Бірінші орынбасары Л.Тұрлашевтің алатыны – 700 447 теңге. Қалған орынбасарлары 644-616 мың теңге аралығында айлық алады. Кеше ғана қызметтен кеткен орынбасары М.Мәнізоровтың жалақысы 630 367 теңге болған.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысың әкімі Амандық Баталовтың жұмысын сынады. Облысты газдандыруға байланысты шаруа көңілінен шықпайтынын ескерткен Мемлекет басшысы көктемде Алматы облысына жұмыс сапармен баратынын айтты. Ал көктемге көп қалған жоқ.

Әдетте, облыс әкімдерін орнынан көп қозғай қоймайтын. Оның үстіне Баталов бұрын-соңды Мемлекет басшысынан мұндай сын естіген жоқ. Осыған дейін іскер басшы саналып келген Амандық Баталовты да көктемде қызметінен босатуы әбден мүмкін. Өйткені қазіргі жағдай басқа, оның үстіне Амандық Ғаббасұлы биыл күзде 68 жасқа толады...  

Тегтер: