USD
USD
USD

Санкциялық яхталар, хром және ескі қазақстандық схема: Йылдырымдар туралы оқиғаның екінші бөлімі

Alfa Nero суперяхтасының төңірегіндегі дау сырттай қарағанда әлемдік байлардың кезекті шулы тарихы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл оқиғаның Қазақстан үшін салмағы мүлде бөлек.

Йылдырым
Фото: Ғаламтордан

Өйткені әңгіме жай ғана қымбат активке ие болған адамдар туралы емес. Әңгіме Қазақстанда хром, сода, геологиялық барлау және өндірістік жобалар арқылы орнығып үлгерген ірі инвесторлар туралы болып отыр.

Йылдырымдар фамилиясы Қазақстанға кездейсоқ келген жоқ. Бұл топ мұнда бір күнде пайда болған жоқ, бір жобамен шектелген жоқ және төменнен жоғарыға көтерілген жоқ. Керісінше, олар Қазақстанға жоғары деңгейдегі кездесулер, жеке келіссөздер, мемлекеттік қолдау және стратегиялық секторларға ену арқылы келді. Сондықтан бүгінде осы фамилия халықаралық кеңістікте санкциялық активтер, даулы мәмілелер мен күмән туғызатын капитал қозғалысы аясында атала бастағанда, мәселе олардың өз беделімен ғана шектелмейді. Мұндай жағдайда Қазақстанның да инвестициялық имиджі еріксіз осы әңгіменің ішіне кіріп кетеді.

Мәселе яхтаның өзінде емес. Мәселе – контексте. Егер миллиардтаған долларлық өнеркәсіптік амбициясы бар, мемлекет басшыларының қабылдауында болған, елдің стратегиялық салаларына кіріп үлгерген инвестордың аты санкциялық кеңістіктегі даулы активпен қатар атала бастаса, бұл енді тек жеке бизнестің мәселесі емес. Бұл – сол инвестор жұмыс істеп отырған елдің де репутациялық тәуекелі.

Йылдырымдардың Қазақстанға қалай кіргеніне қарасақ, бұл тарихтың қарапайым бизнес экспансиясы болмағанын көруге болады. Олар бұл жерге нарықтың табиғи сүзгісі арқылы емес, ресми кездесулер мен саяси қолдаудың есігі арқылы енді. 2016 жылдан бастап Yildirim Group Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі бизнес-контактілердің ішінде көріне бастады. Ал 2017 жылға қарай бұл байланыстар нақты саяси сипат алды: әуелі үкімет деңгейінде келіссөздер жүрді, артынша Нұрсұлтан Назарбаев Роберт Йылдырымды жеке қабылдады. Сол кезде Жамбыл облысында кальцийлендірілген сода зауытын салу жобасы талқыланды.

Назарбаев, Йылдырым
Нұрсұлтан Назарбаев пен Роберт Йылдырымның кездесуі, akorda.kz

Осы сәттің өзі көп нәрсені аңғартады. Өйткені Қазақстанда кез келген шетелдік инвестор президент деңгейінде қабылданбайды. Мұндай қабылдау – тек ірі қызығушылықтың емес, саяси сенімнің де белгісі. Яғни Йылдырымдар сол кездің өзінде қарапайым бизнесмен емес, мемлекет үшін қажет әрі қолайлы серіктес ретінде қарастырылды.

Келесі кезеңде бұл қатысу одан әрі тереңдеді. 2018 жылы топ Қазақстанға тек бір өндірістік жобамен шектелмей, Qazgeology арқылы геологиялық барлау бағытына да кірді. Бұл өте маңызды. Себебі геологиялық барлау – жай ақша салып, зауыт тұрғызу емес. Бұл – болашақта қай ресурстың кімнің қолына өтетінін алдын ала белгілеу. Яғни Йылдырымдар Қазақстанға тек дайын активке қызыққан инвестор ретінде емес, елдің келешек шикізаттық картасына да кіруге тырысқан ойыншы ретінде кірді.

Сол жылы Назарбаев олардың басшылығын тағы қабылдады. Бұл жолы сөз хром өндіру мен химия саласындағы жобалар туралы болды. Осы тұстан бастап Yildirim Қазақстанда жай қатысушы емес, нақты орны бар ірі шетелдік топқа айналды. Кейінгі ресми мәліметтерде олардың елдегі қызметі бірнеше бағытқа жайылғаны ашық айтылды: Ақтөбедегі хром өндірісі, Жамбылдағы сода жобасы, бірнеше өңірдегі геологиялық барлау, жаңа өнеркәсіптік жобаларға қызығушылық.

2021 жылға қарай қазақстандық ресми құрылымдар Yildirim-ды елдегі ең ірі түрік инвесторларының бірі, тіпті ең ірісі ретінде атай бастады. Бұл жерде әңгіме жай сөз емес, нақты капитал туралы жүріп отыр. Сол кездің өзінде топтың Қазақстандағы жиынтық инвестициясы шамамен жарты миллиард доллар көлемінде бағаланған. Ал содан кейін сода зауыты секілді жүздеген миллион долларлық жаңа жоба күн тәртібіне шықты. Демек, бұл жерде кездейсоқ немесе уақытша қатысу емес, ұзақ мерзімді, көпсалалы, жүйелі қатысу туралы айтуға болады.

Йылдырымдардың Қазақстандағы негізгі активтеріне келсек, бірінші кезекте Voskhod жобасы аталады. Ақтөбе облысындағы бұл актив топтың елдегі ең салмақты өндірістік тірегіне айналды. Бұл – жай кен орны емес, өндірістік инфрақұрылымы, экспорттық бағыты және халықаралық жеткізу тізбегіне байланған хром жобасы. Оның тарихы бұрынғы иелерден Yildirim құрылымдарына өткен кезеңмен де, оған салынған инвестиция көлемімен де маңызды. Ашық деректер бұл активтің Қазақстандағы стратегиялық салмаққа ие екенін көрсетеді. Мұндай жобалар елдің шикізаттық экономикасында жай ғана табыс көзі емес, ықпал құралы да болады.

Восход
«Восход» хром зауыты, yilmaden.com

Екінші ірі тірек – Qazaq Soda. Жамбыл облысындағы бұл жоба ресми деңгейде импортты алмастыратын, өнеркәсіптік маңызы жоғары жоба ретінде ұсынылып келеді. Билік өкілдері оны тек бизнес бастама ретінде емес, елге керек өндіріс ретінде көрсетіп отыр. Мұның өзі көп нәрсені білдіреді.

Қазақстанда қандай да бір жеке жоба мемлекеттік индустриялық күн тәртібінің бөлігіне айналса, ол жобаға көзқарас та өзгереді. Ол енді тек инвестордың мүддесі емес, мемлекеттің де беделімен байланысып кетеді. Сондықтан мұндай жобаның артында тұрған адамдар төңірегінде халықаралық күмән пайда болса, сол күмән автоматты түрде жобаның өзіне де, оған рұқсат берген жүйеге де жабысады.

Үшінші бағыт – геологиялық барлау. Бұл, бәлкім, көпшіліктің көзіне бірден түсе бермейтін, бірақ саяси-экономикалық тұрғыдан ең маңызды бағыттардың бірі. Өйткені зауыт салу – бүгінгі актив. Ал барлау – ертеңгі ресурс. Кім барлауға кірсе, сол ертең қандай кен, қандай лицензия, қандай өндіріс кімге бұйыратынына ықпал ете алады. Йылдырымдардың Қазақстанға кіру логикасына осы тұрғыдан қарасақ, олардың стратегиясы түсінікті бола бастайды: дайын активке кіру, өндірістік жобаны іске қосу, артынша жаңа ресурстық бағыттарға есік ашу.

Ашық деректер негізінде олардың Қазақстандағы активтерінің шамамен қанша тұратынын есептеп қарасақ, өте сақ бағалаудың өзінде ауқымы айқын көрінеді. Voskhod активінің құны мен оған байланған инвестицияларды, Qazaq Soda жобасының жарияланған құнын және геологиялық барлау жобаларының бастапқы көлемін қосқанда, Қазақстандағы Yildirim экспозициясы шартты түрде 835–877 миллион доллар аралығында шығады. Бұл – аудиттен өткен нарықтық баға емес, ашық деректерге сүйенген жуық есеп. Бірақ дәл осының өзі олардың Қазақстандағы қатысуы символикалық деңгейде емес, миллиард долларға жақын жүйелі портфель екенін көрсетеді.

Сода зауыты
Жамбыл облысындағы сода зауыты, gurk.kz

Міне, дәл осы тұста бұл тарих неге көпшілікке таныс сезілетіні түсінікті болады. Өйткені Қазақстан мұндай модельді бұрын да көрген. Елге ірі шетелдік капиталдың келуі бізде талай рет таза нарық заңы бойынша емес, белгілі бір адамдардың араласуымен, жоғары деңгейдегі кепілдіктермен, бейресми ықпалмен және саяси қолдаумен жүзеге асып келді.

Сондықтан Йылдырымдар туралы әңгімеде жұрттың есіне еріксіз Машкевич пен Миттал түседі. Бұл жай салыстыру емес, Қазақстанның экономикалық жады. Кезінде Машкевич пен оның серіктестері Қазақстандағы ірі активтер айналасында жүріп, шетелдік капиталды елге кіргізетін, жол ашатын, таныстыратын ықпалды ойыншылардың бірі болды. Ал Митталдың Қазақстанға келу тарихы тіпті символдық сипат алды: ол кезде мәселе институционалдық ортада емес, жеке кепілдікте болғаны талай айтылды. Яғни инвестор жүйеге емес, нақты саяси тұлғаға сеніп кірді. Бұл – шын мәнінде инвестор үшін де, мемлекет үшін де қауіпті модель. Өйткені мұндай жүйеде ашықтық та әлсірейді, жауапкершілік те бұлдырайды, ал тәуекелдер уақыт өте келе сыртқа шығады.

Йылдырымдар тарихының алаңдататын тұсы да осында. Егер бұл тек қарапайым түрік инвесторы болса, егер ол Қазақстанға төменгі деңгейдегі коммерциялық байланыстар арқылы келсе, егер оның активтері ел экономикасының стратегиялық бөліктеріне байланбаса, онда Alfa Nero төңірегіндегі шу тек сырттағы даудың бірі болып қалар еді. Бірақ бұл жерде бәрі басқаша. Біз мемлекет басшылары қабылдаған, ресми институттар сүйемелдеген, хром мен химия саласында орныққан, геологиялық барлауға кірген, яғни ел экономикасының ішіне тереңірек кіріп кеткен топ туралы айтып отырмыз.

 Alfa Nero
Alfa Nero яхтасы, ғаламтордан

Сол себепті бұл тарихты бір ғана сөйлеммен қорытындылауға болады: мәселе яхтада емес, мәселе – Қазақстан әлі де инвесторды бағалауда ескі модельден толық шыға алмай отырғанында.

Егер елге ірі капитал жоғары деңгейдегі жеке байланыстар арқылы кірсе, егер оған бірден стратегиялық жобалардың есігі ашылса, егер кейін сол капиталдың аты халықаралық күмәнді контексте атала бастаса, онда сұрақ сол инвесторға ғана қойылмайды. Сұрақ сол капиталды кіргізген жүйеге де қойылады. Қазақстан соңғы жылдары өз инвестициялық бейнесін жаңаша көрсетуге тырысып келеді: құқықтық мемлекет, ашық экономика, әділ ереже, жаңа саяси мәдениет. Бірақ мұндай кейстер сол бейненің астында әлі де ескі схемалардың көлеңкесі бар екенін аңғартып қояды.

Йылдырымдар туралы екінші серияның түйіні де осы: бұл жеке бизнес тарихы емес. Бұл – Қазақстанның өзі үшін тест. Біз шетелдік инвестицияны шынымен институционалдық сүзгіден өткізіп қабылдайтын мемлекетке айналдық па, әлде әлі күнге дейін ірі капиталды жоғарыдағы кабинет арқылы кіргізіп, кейін оның репутациялық салмағын түгел ел болып көтеретін жүйеден толық шыға алмадық па?

Ал Alfa Nero – осы сұрақты қайтадан өткір қойған символ ғана.

Қазір оқып жатыр

Полицей мен дәрігерге шабуыл жасайтындарға қатаң шара қолдану керек – Тоқаев

полиция есертеді

Құрылтай сайлауы тамызда өтеді

Тоқаев

Айбек Оралбай – 3 дүркін Азия чемпионы

Айбек Оралбай

Үш отандасымыз бокстан Азия чемпионы атанды

Нұрбек Оралбай