11 Қараша 18:14
...

«Самарқанның көк тасы» Тұранды тірілте ала ма?

Фото:

Алашапанды ағайын Самарқан қаласында түркі жұртының басын қосып, дүбірлі жиын өткізіп жатыр. Түркі мемлекеттері ұйымының іргетасы осы Самарқанда қаланбақ. Кейбір сарапшылардың пікірінше, түркі мемлекеттерінің басшылары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, іргелі геосаяси бірлестіктің негізін қаламақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде бірқатар бастама көтерді. Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артқанын тілге тиек ете келе, Түркі мемлекеттері ұйымының цифрландыру орталығын құруды ұсынды. Сондай-ақ, көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға,
«Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруға және Түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құруға шақырды.

Қазақстандық сарапшылар Самарқан саммитін «тарихи оқиға» деп атап отыр.  

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Түркі мемлекеттері ұйымының пайда болуы – тарихи оқиға

– Бұл саммиттің маңызы өте зор. 2021 жылы Стамбұл қаласында Түркі мемлекеттері кеңесінің саммитінде осы кеңестің қазіргі геосаяси аренадағы рөлін арттыру мақсатында келелі ұйымға айналдыру ұсынысы қабылданған болатын. Қазіргі таңда Түркі мемлекеттері ұйымы пайда болды. Бүгінгі Самарқанда өтіп жатқан саммиттің тарихи маңыздылығы – Түркі мемлекеттері ұйымының басты құжаттары мен қарарларының қабылдануы.

Бұл ұйымның басшысы, ұйымның әрмен қарай дамуы бойынша арнайы стратегиясы, сонымен қатар, ішкі тетіктері бойынша бірқатар құжаттар қабылданды. Нәтижесінде Түркі мемлекеттері ұйымы халықаралық аренада өз орнын алып отыр.

Сонымен бірге, осы ұйымның құрылуында, жалпы, бұған дейінгі Түркі мемлекеттері кеңесі аясындағы Қазақстанның бастамашыл рөлін де атап өту керек. Әсіресе, мәдени-ағарту саласындағы Түркісойды, Түркі елдерінің парламенті ассамблеясын, ғылым саласы бойынша Түркі академиясын құруға Қазақ елі бастама көтерген болатын. Түркі мемлекеттерінің ұйымында негізгі идеялық бағыттарында Қазақстан ерекше рөл атқарды.

Сонымен қатар «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатының қабылдануына да Қазақстан ұйытқы болды. Яғни, қазіргі таңда, геосаяси турбуленттік жағдайда әлемдегі түрлі ынтымақтастық ұйымдар арасында бірлескен Түркі мемлекеттері ұйымының пайда болуын тарихи оқиға деп айтуға болады.

Алдағы уақытта түркі мемлекеттері одағының болашағы Мемлекет басшысы атап өткен бес бағыттың басымдылығына тікелей байланысты. Ұйымның нақты ішкі басымдықтарын айқындап алу аса маңызды. Ақпараттық заманда өмір сүріп жатырмыз. Ең басты бағыттардың бірі – ІТ саласын дамыту. Бұдан бөлек, интернетте Түркі мемлекеттері туралы ақпарат өте аз.

Бұл саланың дамуы басқа көптеген салаларды да қамтиды. Осы бағытта өзара ынтымақтастықты күшейту ұсынылды. Жасыл экономика – көкейкесті трендтердің бірі. Осыған орай, Президент те осы бағытты Түркі мемлекеттері арасында күшейтуді көтерді.

Ал экономикалық дамуға тікелей әсер ететін фактор – көлік-дәліз инфрақұрылымын, яғни логистикасын дамыту. Бұл тұрғыдан Транскаспий еуразиялық құрлықтық дәлізіне Түркі мемлекеттері ұйымына мүше үш мемлекет қатысады. Алдағы уақытта сауда-саттық қатынасты нығайтуға зор үлес қосатыны сөзсіз. 

Сондықтан бұл ұйымның болашағы зор деп білемін. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер әр бағыттар бойынша өз белсенділігін көрсете алады.

Көптеген сарапшылар осы ұйымның құрылуына Ресейдің немесе Қытайдың ықпалы туралы да сөз қозғаған болатын. Бірақ бұл нақты саяси ұйым емес. Экономикалық, гуманитарлық бағыттарды дамытуды көздейді. Саяси ұйымға айналу мәселесі мүше мемлекеттердің өз қызметін қалай көретініне, саяси көзқарастарына тікелей байланысты болмақ. Қазіргі кезеңде Президент көтерген бастамалар бойынша нақты тетіктер, жұмыстар жасалынатын болса, алдағы уақытта бұл ұйымның шын мәнінде геосаяси тұрғыдан басымдығы бар ықпалдастық ұйымға айналу мүмкіндігі зор.  

Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:

Бұл – жақсы интеграциялық қолшатыр

– Жалпы қажеттілікті, мұқтаждық қауіп-қатерді адамды да, қоғамды да тез есейтетін құбылыс деп атауға болады. Көріп отырғанымыздай, әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп жатыр. Әлемдегі ірі державалар өзара қақтығысқа баруда. Мұның өзі көптеген елдер этностық, ұлттық, басқа да эгоизмді ысырып, үлкен жобаларды қолға алуға мәжбүрлеп жатқан тәрізді. Бұл – бір.

Екіншіден, Орталық Азия елдерін алып қарасақ, отыз жыл бойы тәуелсіздігімізді құрдық. Ел ретінде балалық шағымызды бастан өткердік. Балалық шақ – еркіндіктің, еркеліктің, тентектіктің уақыты. Бірақ есейгеннен кейін адам да, қоғамда жауапкершілікті сезіне бастайды. Түркі мемлекеттерінің бірлігінде ішкі және сыртқы мәжбүрлік бар.

Біздің елдерді жеке қарастыратын болсақ, әрбір экономика бүгінде өзінің шарықтау шегіне жетті. Таңдалған экономикалық үлгілер қалыптасып, потенциалын әрі қарай дамытуы шарт. Демографиялық өсімі жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Өсіп келе жатқан қоғамға жаңа экономика, жаңа жұмыс орындары және жаңа инвестиция керек.

Кезінде Кеңес одағының құрамында болған елдер: «Югославияға қарағанда бейбіт тарқастық» деп мақтанатын еді. Бірақ отыз жылдың ішінде Қап тауының баурайындағы әрбір елде соғыс болды. Бауырлас елдер Украина мен Ресей арасында кескілескен соғыс болып жатыр. Бжезинскийден бастап біраз ғалымдар: «Орталық Азия елдері де Балқан сценарийімен жүруі ықтимал» дегенді айтқан еді. Қазір мұның шет-жағасын көріп отырмыз. Өзбекстан мен Тәжікстанның арасында мәселе туып жатады. Қырғызстан мен Тәжікстанның арасы онша жақсы емес. Бәлкім, осындай интеграциялық қадамдар – біздің аймақта соғысқа жол бермеудің бірде-бір жолы болар.

Аймақта рухани, мәдени одақтастық, тарихи бірлестіктер секілді түрлі жобалар болды. Әрине, олар өз жемісін берді. Бірақ өзара мүдделестік экономикадан, сауда қатынасынан туындайды. «Жақсы саудаласып жүрген елдер бір-біріне соғыс ашпайды» деген қағида бар. Өйткені, адамдар араласады, туризм дамиды, тағысын тағылар. Яғни адамдар соғысуды жөн көрмейді. Бұл да болашақтағы қақтығыстарға жол бермейтін фактордың бірі.

Үшіншіден, айналамызда алпауыт елдер тұрғанын жақсы білеміз. Олардың біздің аймақта мүдделігі бар. Біздің аймақтың субъектілігінің артуын қаламайтыны анық. Өйткені, «бөліп ал да, билей бер» деген қағидат бар. Ресейдің және басқа да елдердің баспасөзін қарасаңыз, Түркияға қызғанышпен қарайды. «Бұл одақтан ештеңе шықпайды, ешқашан ел болып көрген емес, ішкі кикілжіңі көп, бізге  арқа сүйегенде ғана ел бола алады», – деген әңгімелер жиі айталады. Осының өзі де көп нәрсені аңғартады.

Біздер тарихты да, уақытты да, алпауыт елдерді де алдайтын саясат жүргізуіміз керек. Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесі қатты ұнады.

«Түркі елдері одақтастықтың, интеграцияның ауқымын арттырып көрсетуіміз керек», - деді Президент. Қосымша жаңа форматтарды ұсынды. Отыз жыл эгоизмнен шыққан соң, үлкен парасаттылық танытып, күш-жігер салуымыз қажет. Бәлкім, отыз жылда атқармаған істерді алдағы он жылдықта атқарып шықсақ, сауда-саттықты арттырсақ, шекараларымызды ашып, идеялардың, технологиялардың емін-еркін өтуіне көмектесетін болсақ, меніңше, Түркі одағы жақсы нәтиже беруі тиіс.

Қазір Түркияның әлемдегі рөлі артып отырғанын көріп отырмыз. Түркия ірі державаға айналып келе жатыр. Ресейдің өзіне ықпал ете алатын жағдайға жетті. Осыны пайдаланып, айналамыздағы алпауыт елдердің теріс ықпалынан шығып, олардың біздің елдерге шантаж жасауынан құтылып, тәуелсіздігімізді, тұтастығымызды сақтап қалуымыз абзал. Бұл жақсы бір интеграциялық қолшатыр болмақ. Осыған арқа сүйей отырып, өзіміздің әлеуетімізді көтеріп, әскерімізді күшейтсек, болашақта шын мәнінде тәуелсіз мемлекет ретінде сақталудың  жақсы мүмкіндігі бар.

Соңғы кездері ірі державалар Орталық Азия елдеріне қатар қарап, S 5 деген қағидамен келіссөз жүргізіп жатады. Осы форматты мойындамай келген Ресейдің өзі тұңғыш рет саммит өткізді.

Тарихи тұрғыдан бір аймақ болғанымыз анық. Ежелден бері жалғасып келген байланыстарымыз тек кеңес дәуірі кезінде ғана үзілді. Мұны ескеретін болсақ, аймақтық, түркі елдерінің интеграциясы жобалары – Қазақстанның әлеуетін арттыратын, жаңа мүмкіндік беріп, жаңа жауапкершілік жүктейтін одақ деп айтуға болады. 

Тегтер: