7 Маусым 17:35
...

«Сахнаға қызығушылығым қалмады...» – Әнші Жазира Байырбекова НЕГЕ кумирін іздеп жүр?

Әнші
Фото: Фото: ғаламтордан

Жазира Байырбекова шоу-бизнестегі шудан алыс жүрсе де, оны хайпқа салатын жұрт аз емес. Қазақ қызының үлгісіндей болған болмысы бөлек әншімен тілшіміз тілдесіп, көпшілік көкейіндегі біраз сауалды қойып көрді.

– Кезекті туындының тұсауын кескелі жатыр екенсіздер. Бұл жолғы ән бұрынғылардан өзгерек пе?

– Иә, Жанболат екеуіміз соңғы кезде баяу әндерге басымдылық беріп кеттік, сондықтан халықтың көңіл-күйін көтеретін ән сыйласақ деген оймен «Аппағым» атты туынды жаздық. Әнге Ташкент қаласына барып бейнебаян түсіріп қайттық. Қазір өңделу үстінде, бұйырса, алдағы оншақты күннің ішінде жарыққа шығады.

– Бейнебаян түсірілімінен үзінді салғаныңызды көрген желідегі жұрт «стиліңіз өзгеріп кетіпті» десіп жатыр.

– Мен негізі күнделікті өмірде заманауи үлгіде киініп жүремін. Осы жолы бейнебаянға сол қалпымда түсіп едім, жұрт жаңа стильге көшті деп қабылдаса керек.

Әнші
Фото: ғаламтордан

– Жалпы сізді ашық-шашық киінген қалпыңызда көрген емеспіз. Бұл тәрбиенің көрінісі ме?

– Мен бала жастан сахнада әкем берген бағыт-бағдар бойынша жүрдім. Әрі ол кісі мен ән айтуға шыққанда алдыңғы қатарда өзі бақылап отыратын. Өмірден өтсе де, әлі күнге дейін залда маған қарап отырғандай көрінеді. Себебі, біз етек-жеңі жабылған, орамалын тағынған қазақы ортада өстік.

– Бірақ кеудесі ашық қалыңдықты ұзатамын деп жұрттан біраз сөз естіп қалдыңыз ғой...

– Негізі ол ашық киінген қызды бірінші рет ұзатуым болды және қалыңдықты дәл ел алдына шығар кезде ғана көрдім. Мен енді ешқандай қалыңдыққа «былай киін» деп талап қоя алмаймын ғой. Әркім өзі үшін жауап береді. Бірақ, бейнежазба желіге тарағанда ашық киінудің көзге түрпідей көрінгені біраз қызға ой сала ма дедім. Дегенмен, ол жағдай қоғамда бұлайша талқыға түседі деп ойламадым. Егер ағат кеткен жеріміз болса халықтан да, Алладан да кешірім сұраймын.

– Жазира, қазір әншілікпен қатар продюсер деген атыңыз бар. Тізгіндеген топтарыңыздың тұрмыс-тіршілі қалай жүріп жатыр?

– Иә, алғаш тыңдарманға таныстырған «Әгугай» ансамблінің жетегінде «Дударай», «Тұмар», «Сақ» этно-фольклорлық ансамблі құрылды. Бұдан өзге эстрада жанрында «Бриллиант» деген ансамбліміз бар. Қазіргі таңда аталған өнер ұжымдарында ұзын саны елуге жуық адам жұмыс істейді. Команданың басы-қасында жетекші, музыкалық продюсер, әкімші, мобилограф сынды бірнеше маман қызмет атақарады. Ешкімге алақан жаймастан, қауқарымыздың жеткенінше ұлттық өнерге үлес қосып жүрген жайымыз бар. Бір қуанатыным, қазіргі таңда ұлттық өнерді дәріптеген өнер ұжымдарына сұраныс арта түсті. Тіпті шетелден келген қонақтарға дәстүрімізді дәріптеу мақсатында біздің қыз-жігіттерге өнер көрсетуін өтініп, жан-жақтан түрлі ұсыныс түсіп жатады.

– Сізді «өмірден өтті» деп ақпар таратқандарды сотқа беретініңізді айтып едіңіз. Соңы не болды?

– «Өмірден өтті» деп паблик таратқандар «бір жерден алып салғанбыз» деп ақталып, кешірім сұрады. Сонымен қатар мені қылмыскермен қосақтап қойып, ақпар таратқандар да алдымнан өтті. Оларға әлдебіреу тарапынан халық арасында қандайда бір шу шығару мақсатында арнайы тапсырма берілген сияқты.

«Мен енді жануарларды қинап, терісін тірідей сыпырып жасайтын шубаларды сатып алмаймын» деп жазған едіңіз. Уәдеңізді бұзбаған боларсыз?

– Иә, бірнеше жылдан бері жан-жануардың терісінен тігілген тон кимейтін болдым. «Қалай шубасыз жүресің, ұят емес пе?» деген сияқты әңгімелер де айтылды. Бірақ мен өз уәдемнен танған жоқпын.

Әнші
Фото: ғаламтордан

– Жуырда желідегі парақшаңызда құмар ойын туралы жазып, осы тақырып төңірегінде сөз қозғап жүрген парламенттегі екі депутатты қолдауға шақырдыңыз. Бұл шенеуніктердің тарапынан болған тікелей ұсыныс болды ма?

– Мен құмар ойынның зардабын тілге тиек етіп жүрген ол депуттаттарды бетпе-бет көрмедім, сөйлеспедім де. Қазақты құрдымға кетіретін мәселені көтеріп, шырыладаған соң көпшілік құлақ түрер деген мақсатта қолдау танытуға шақырдым.

Мойындауымыз керек, азарт ойын қаншама отбасының шырқын бұзып жатыр. Өзім де осы тұзаққа түскен таныстарымды емдеттім. Сондықтан оның зардабын жақсы білемін.

Танымал адамдардың арасында да құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жүргендер көп. «Бас жарылса бөрік ішінде» дегенге салып, көпшілік мұны ұят санайды. Ондай жанның айналасындағы қаншама адам зардап шегіп жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан ел болып бұл мәселемен күреспесек, түбімізге жете ме деп қорқамын.

Айтпақшы, Украинада соғыстан ата-аналары қайтыс болған балаларды бауырыңызға басқыңыз келетінін мәлімдегеніңіз бар еді. Бұл жанашырлықпен ғана айтылған сөз болды ма, әлде қандайда бір жолдарын қарастырып көрдіңіз бе?

– Дәл сол кезде жәутеңдеп, жетім қалған балалардың жағдайы жаныма қатты батты. Көзіме жас алып, күйзеліске түстім. Одан кейін Палестинадағы жағдай жүректегі жараны тырнай түскендей болды. Алаңдайтын мәселелер жан-жақтан көбейіп, жүрегіме ауыр тиген соң жаңалықтар қарауды доғардым.

Дара қыз тәтті қылықтарына тамсандырып өсіп келе ме?

– Қыз бала болған соң ба, үнемі жағдайымды ойлап, жұдырықтай болса да қамқорлық танытып отырады. Кейде ойға шомып үнсіз отырып қалсам, өз айтатын сөздерімді қайталай: «Неге күлмей отырсың, ботақаным?», – деп қояды.

Әнші
Фото: ғаламтордан

Қашық сапар болмаса көбіне қасымнан тастамай алып жүруге тырысамын. Ал үйде қалса, жанында туғаннан бері қарайласып келе жатқан апасымен болады. Одан өзге де ет жақындарымыз бар, сондықтан қызым көпшіліктің арасында өсіп жатыр. Ұлым Қазбек кішкентай кезінде де үйде ағайын-туыс, келімді-кетімді студент жастар болған еді. Дара да солай бауырмал, көпшіл болып өсіп келеді.

– Кімге ұқсап қартайғыңыз келеді?

– «Менің осы кумирім кім? деген ойға шомамын кейде. Бірақ танымал адамдардың, танымал әйелдердің ешқайсысына ұқсағым келмейді екен. Өнерде де кумирім жоқ. Осыдан болса керек, қазіргі таңда сахнаға бала күнгідей қызығушылығым қалмады. Бұл менің жұмысым, кәсібім деп қарайтын болдым. Оның үстіне күні кеше сахнаға шыққан әнші де, еңбек сіңірген әртіс те бір болып кетті. Қалтасы қалыңдар Халық әртісі жүрген телеарна мен Республика сарайында ән салып жүр. Танымал адам болудың маңызы жоқ болып қалған тәрізді. Осы себепті мен кумирді қарапайым халық ішінен іздейтін болдым.

Әншілер
Фото: ғаламтордан

Мәселен, карантин кезінде көпшілік «Жамал апа» деп танитын бір қарапайым адам өмірден өтті. Жеті баласымен жетім қалған ана сауда жасай жүріп, ұл-қыздарын оқытып, тоқытып жеткізген екен. Бәйтеректей жайқалған сол кісінің ұрпағы бүгін бір-бір беделді азаматқа айналды. Бір қызығы, сонша баланы тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсірген әлгі кейуананың бір қабақ шытып отырғанын көрмеппін. Қай жерде жолықтырсам да жүзі жарқын, көңілді, айналасына нұр шашып жүретін еді.

Бірде сол кісінің үйіне бір топ ұры түсіп, үйдегі бар жақсысын тонап кетіпті. Полицейлер күдіктілерді алдына ұстап әкелгенде әлгі апамыз «Балаларға қолдарыңның ұшын тигізбеңдер, қайбір жетіскеннен қарақшы болып жүр дейсің?!» деп араша түсіпті. Соңында әлгі ұрыларға ас-суларына деп ақша беріп, «адал еңбек етіңдер, жарқындарым. Кісі малы кісіге жұғысты болмайды» деп ақылын айтып шығарып салған екен.

Осыны естігенде әлгі әжейдің даналығына, даралығына сүйсіндім. Мен де қартайғанда осындай пейілі кең, иманды, кешірімді, әріден ойлайтын аналардың үлгісіндей болғым келеді.