Рүстем Әбдірәш қанды Қаңтар құрбандарына арнаған фильмін таныстырды

Рүстем Әбдірәш кезекті кинотуындысының тұсауын кесті. Режиссер бұған дейін таспалап келгендей, өткенді бейнелейтін емес, қазіргі қоғамның болмысынан сыр шертетін жоба ұсынды.
«Fake-овый арман» корноновирус кезіндегі жағдайды айна-қатесіз береді. Жақынынан айырылып, өміден баз кешкен жандар мен қатар ақшаны адамшылықтан жоғары қоятын тоғышар жандар да туындыда көрініс тапқан. Үйден шығуға тыйым салынғандықтан тамақты тасымалдаушыға алдырып, ал оның барған жерінде түрлі оқиғаға тап болуы қаланың қым-қуыт тіршілігінен боямасыз сыр шертеді. Тіпті жұрттың емге шипа деп тапқан саумалдың саудасы да қалай қызығаны қалыс қалмаған.
Фильм сюжеті ойдан құралғанымен, ондағы әр кейіпкердің өмірде өз прототипі бар. Мәселен, сал ауруымен ауыратын інісінің ем-домы мен оқуының қаражатын төлеу үшін көшеде скрипка шерткен қызды Ақбота Қаба ойнаса, қымыз тасушы курьерді Ербол Семқұлов сәтті сомдаған.

Әбдірәштің кәсіби актерлермен жұмыс жасап келгенін ескерсек, бұл жолы жас бейнелерді таныстырудың өзіндік себебі бар екен. Мұны өзі: «Жастардың алға деген ұмтылысы, жаңа көзқарасы қоғамға керек. Біз оларды елеп-ескеруге тиіспіз. Сондықтан жастарды туындыға тарттым», – деп түсіндірді.
Ал жылқышы Баханың ауылдан безіп, қалаға қашқан келіншегінің орынын Ева атты орыс қызы алмастырады. Бұл пәтерден-пәтерге сандалса да, қалада тұрғанды бақ санайтын бірқатар қыз-келіншектің бейнесін боямасыз береді. Қырда келін болуды таңдаған Светлана Тарасованы таңдауда да режиссердің өз айтары бар. Мұны ныспысы басқа болса да өзін қазақ сезінетін жандардың бар екендігімен байланыстырды.

«Ұлты басқа болса да жан дүниесі қазақ адамдар баршылық. Құжатында қазақ деп жазылғанымен, өзін бөтен сезінетіндер бар. Азаматтық қоғамға ұлттық нақыштың негізінде келуіміз керек. Оған жұмылдыратын басты құрал – тіл. Бір тілде сөйлеу азаматтық қоғам қалыптастырудың қайнар көзі болып табылады. Фильмге қазақша таза сөйлеп, ұлтымыздың салт-дәстүрін бір кісідей меңгерген орыс ұлтының қызын алғандағы мақсатым – осы», – дейді режиссер.

Көкпардан түскен көлікті басыбайлы иемденіп алған Базарбай да арамызда жүрген бәзбіреулердің бейнесін береді. «Назарбаевтың заманында әрбір ауылда жалғанды жалпағынан басқан бір-бір Базарбайлар отырды. Тойымсыз сондай жандарды көрсеткім келді. Биліктің айналасында да ондайлар жүрді. Кешегі Талғардағы оқиға да осындай өзімнің дегенім болады деген жандардың әрекетінен туындады. Біз Жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз дегенімізбен, ескеліктің екпіні әлі еседі» дейді Рүстем Әбдірәш. Фильм авторының Мархаба Сәбидің «Жүйе» деген әнін саундтрек етіп таңдап алуында осындай мән жатса керек.
Шығарылымның тағы бір ой салар тұсы – ұлттық спорт түрі көкпарды насихаттауда. Бұл бір жағынан жастарға қазығынан жерімеуге ой тастаса, енді бір жағынан сау өмір сүрудің кепілі екенін жеткізеді. Кинодағы церебральды сал ауруына шалдыққан жеткіншектің атқа мініп, желіп жүргеннің арқасында аяққа тұрып кеткені осының айғағы бола алады.

«Ұлттық кодымыз осы ат пен домбырада жатыр. Әсілінде қазақ таңертеңнен кешке дейін ет жеп жата беретін қарыны қампиған халық болмаған. Еріміз де, әйеліміз де салт атты болған. Ол салауатты тіршілікке бағыт береді. Өйткені артық салмақ жинап, саба қарын болып кетемін деп те қорықпайсың. Жүйрікке қайта қарғып мінетін жағдайға жетсек, халқымыздың жағдайы дұрыс болады. Сондай-ақ атқа мінген адам жігерлі әрі еті тірі келеді. Және ұзақ жасайды», – деп режиссер көкпарды экрандаудағы мақсатын жеткізді.
Премьераға қазақ киносында қолтаңбасы қалыптасқан аға буын актерлерден бастап, көкжәшікте енді көріне бастаған жастар да төбе көрсетті. Әбдірәшівтің туындыларын қалт жібермейтін «Дос-Мұқасан» ансамбльнің жаңа солисі Айбек Мұхамедәлі киноны көруге неге асыққанын жасырмады.

«Рүстем атақ пен мансап үшін саны көп, сапасы жоқ кинолар түсіре бермейді. Сирек таспаласа да сапалы, салмақты ой салатын дүние шығарады. «Фэйковый арман» кәдімгі күнделікті күйбең тіршілікті суреттегенімен, дүрбелең қаланың шулы өмір ағысы, жан бағыс, жұмыссызық, талас-тартыс, жемқорлық, әділетсіз саясат қылаң береді. Сондықтан фильмді тұщымды туындылар қатарына қосамын», – деп баға берді.
Рүстем Әбдірәш коронаврус кезінде халықтың көрген қиындығы Қаңтар дүрбелеңіне алып келгенін алға тартады. Осы ретте туындысын Қанды қаңтарда нақақ кеткен жандардың рухына арнағанын мәлімдеді.
«Болашаққа ұмытылу үшін қоғамға қанат біту керек. Еңбектеніп тіршілік жасаса, сонда ғана өзгеріс орнап, арман жалғанмен емес, шындықпен ұштасады», – дейді фильм авторы.