Роботтар, Tesla, Нобель лауреаты: QOSTANAI TECH қалай өтті?
Қостанай қаласында «QOSTANAI TECH» атты отбасылық ғылыми-инновациялық фестиваль өтті. Ауқымды іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылған.
Астана, NEGE. Фестиваль «Жастар сарайы» ғимаратында және оған іргелес Индустриялық аймақта өтіп, ІТ саласының мамандарын, ірі компания өкілдерін, қоғам белсенділері мен жастарды бір алаңға жинады.
Іс-шара барысында келушілерді фестивальдің арнайы маскоты – Q-AI трансформері қарсы алып, заманауи технологиялар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өз сөзінде фестивальдің ауқымдылығына ерекше тоқталып, шараға Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарынан келген делегациялар қатысып жатқанын атап өтті.
Бұл бастама өңіраралық тәжірибе алмасуға жол ашып, еліміздің түрлі аймақтарын ортақ ғылыми-инновациялық алаңда тоғыстырды.

«Цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллектіні енгізу бүгінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және қызмет көрсету салаларын кеңінен қамтып отыр. Бұл үдерістер экономиканың барлық бағытында жаңа мүмкіндіктер ашып, даму қарқынын жеделдетіп отыр. Бүгінде біздің басты міндетіміз – білімге негізделген экономиканы қалыптастыру және жаңа буын мамандарын даярлау», – деді аймақ басшысы.

Іс-шараның модераторы ретінде Қазақстан мәдениетін насихаттайтын «Alga.peterburg» блогымен танымал Иван Червинский қызмет атқарды.
Фестивальдің хедлайнерлері қатарында «KIA QAZAQSTAN» компаниясының бас директоры Ким Де Ки, Freedom Cloud компаниясының CEO-сы әрі ҚР Президенті жанындағы ЖИ-ді дамыту жөніндегі кеңестің жұмыс тобының кеңесшісі Темірлан Зиналабдин, «Allur» компаниялар тобының өкілдері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев, кәсіпкер Ғабит Бекахметов және өзге де белгілі мамандар бар. Сонымен қатар, шараның құрметті қонақтары ретінде спортшы Василий Левит пен оның анасы Татьяна Левит, сондай-ақ белгілі спортшылар мен мәдениет қайраткерлерінің ата-аналары қатысты.
Олар TED форматында сөз сөйлеп, қатысушылармен тәжірибе бөлісті.

Фестивальдің іскерлік бағдарламасы аясында ерекше оқиға болды. Іс-шараға 2007 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, оңтүстіккореялық дипломат әрі ғалым Ра Квон Чунг онлайн форматта қосылып, қатысушыларға арнайы үндеу жолдады. Бұл халықаралық деңгейдегі қатысу фестивальдің мазмұнын тереңдете түсті.
Өз сөзінде Ра Квон Чунг технологиялық дамудың тұрақты даму қағидаттарымен тығыз байланыста болуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, инновация мен экономикалық өсім қоршаған ортаны қорғау және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Бұл ой қазіргі жаһандық үрдістермен толық үндеседі.

Нобель лауреатының пікірінше, экономикалық ілгерілеу табиғатты сақтаумен және ресурстарды ұтымды пайдаланумен үйлескенде ғана мәнді болмақ. Ол қатысушыларды болашаққа жауапкершілікпен қарауға және технологияларды адамзат игілігі үшін тиімді пайдалануға шақырды.
Осындай беделді халықаралық сарапшының қатысуы фестивальдің маңызын арттырып, оны технологиялар мен болашақ мәселелерін талқылайтын жаһандық диалог алаңы ретінде айқындай түсті.

Фестиваль барысында ұйымдастырушылар келушілерге түрлі тосынсыйлар ұсынып, интерактивті аймақтарда заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін таныстырды. Мұнда ақылды өндіріс 5.0, автономды жүйелер, қаланың цифрлы инфрақұрылымы, XR-білім беру, болашақ мамандықтары, экология, логистика және цифрлы қауіпсіздік мәселелері қамтылды.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы алаңда киберспорт турнирлері, робототехника, конструкторлық зертханалар мен VR/AI технологиялары ұсынылып, олар нақты өндірістік үдерістерді тәжірибе жүзінде байқап көруге мүмкіндік алды.

Фестиваль аясында ашық аспан астында ғылыми шоулар, химия және физика тәжірибелері, сондай-ақ Тесла шоуы мен сұйық азот тәжірибелері ұйымдастырылған.

Бұдан бөлек, өңірдегі ірі кәсіпорындардың техникасы қойылған көрме жұмыс істеді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін өндіріс орындарына экскурсиялар өткізіліп, өнеркәсіп саласының жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берілді.
Фестиваль қазақстандық эстрада жұлдызы Bayansulu-дың жарқын әрі әсерлі концертімен аяқталды.