Рысбек Сәрсенбай, қоғам қайраткері: Кінәсіз адамдарға қатысты сот ісі қайта қаралсын!
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы «Тәуелсіз елде саяси тұтқындар болмасын» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 9 наурыз күні қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай мен құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова саяси тұтқындардың туыстары мен адвокаттарымен бірге дәл осы тақырыптағы шараға қатыспақшы болғанда полиция қызметкерлері дөрекі күш қолданған еді. Алайда, Рысбек Сәрсенбайдың қан қысымы көтеріліп кетсе де, полиция бөлімшесіне жеткен соң ғана жедел жәрдем шақырған.
– Жүздеген адам қорлық көрді, азапталды, денсаулығынан айырылды. Солардың бір де біреуінде полиция қызметкерлері жауапқа тартылған жоқ. Бұлар қылмыс жасады. Заң бойынша қудалануы тиіс. Сонда басқа ұр да жықтарға сабақ болады. Бұған қоғам тарапынан қолдау болады деп сенемін.
Сөз жоқ, олар қазірден жасаған қылмыстарын жасырып, жапқысы келеді. Оған дәлел Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, ешқандай күштеу болмаған, мен өз еркіммен барған екенмін, қараптан қарап қан қысымым көтеріліп кеткен көрінеді. Қан қысымым 300-ге жетті. Өзім қорқып кеттім. Соған қарамай полиция қызметкерлері жол ережесін бұзып, асқан жылдамдықпен Талғардағы ішкі істер бөліміне алып кетті. Сол көлікте отырған біздің де, өздерінің де, көшедегі көлік жүргізушілерінің де өмірін қатерге тікті. Бұларға шара қолдану туралы шағым түсірдік, – деді қоғам қайраткері.
Бұдан кейін баспасөз мәслихат ұйымдастырушылар ҚР президенті Қ.Тоқаевтың атына үндеу жолдады. Онда: «Тәуелсіз елде саяси тұтқындар болмасын! Еліміздің басты заңы – ҚР Конституциясында көрсетілген азаматтардың құқықтарының қорғалмауы, керісінше өрескел түрде бұзылуы 2022 жылғы қаңтардағы қырғыннан бері тұрақты көрініске айналды. Жалпы, адамзатқа тән демократиялық құндылықтардың сақталмауы, авторитаризмнің тоталитаризмге ұласуы қауіпті деңгейге жетті. Қаңтар оқиғасы кезінде мыңдаған адам қамалды, қудаланды. Азапталды. Қорланды. Қатыгездік пен жауыздық погон таққандар тарапынан жасалды. Міне, соларды сынағандар, ақиқатты ашық айтқандар «биліктің жауы» саналып, 37-жылдардағыдай қуғын-сүргінге түсті», – делінген.
– Думан Мұхамметкәрім Youtube бейнехостингіндегі ND арнасында «Жырақта жүрген шахматшы. Мұхтар Әблязовпен тікелей эфир» бейне жазбасын жариялағаны үшін ҚР ҚК 258-бабының 1-бөлігінде, 405-бабының 2 -бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген айыппен тоғыз ай бойы қамақта отыр. Алматы облысы ПД ТБ аға тергеушісі Ж.М.Есжанов оны тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысушы, қаржыландырушы санатына қоспақ болған. Егер сұхбат беруші «экстремист» болса, онда осы уақытқа дейін М.Әблязовты сондай баптармен неге қаралап, сот өткізбеген? Немесе одан сұхбат алған басқа да журналистерді Д.Мұхамметкәрім сияқты жазаламаған?
Қонаев қаласындағы істі қарай бастаған судья Н.Қойшыбаев прокурордың дегенін жасап, айыпталушының және оның қорғаушыларының негізді, заңды талаптарын қанағаттандырмады. Сот тергеуі басталмастан, үкім шықпастан Д.Мұхамметкәрімді «сотталған» деп ресми құжатта жазды. Сот процесін жабық жүргізіп, тергеудегі заңсыздықтардың, дәлелдемелердің қисынсыздығын қоғамнан жасырып қалуды көздеді. Д.Мұхаметкәрімді Алматыда немесе тұрғылықты жері маңындағы қамақ орындарында ұстамай, басқа облыстың орталығында, Талдықорған қаласында оқшаулауы – оның өзіне, ата-анасына жасалған қысымның бір түрі. Ал сотқа Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына әкеліп, ары-бері 500 шақырым болатын ұзақ жолда, қысқы аязда азынаған жел соққан суық көлікпен тасымалдауы – нағыз азаптау, қинау, денсаулығына қасақана зақым келтіру. Қалайда қайсар, шындықты тайсалмай көпке жария ететін журналисті сындыруға, намысшыл азаматты өзін құрбандыққа шалуға итермелеп отыр, – деді Р.Сәрсенбай.
Қоғам қайраткеріне полицияның күш қолдануына қатысты Маржан Аспандиярова былай деді: «9 наурызда болған жағдайдан кейін көптеген азамат хабарласып, қолдау білдірді. Мәселе – Рысбек Сәрсенбайды ұстап әкеткенде емес, жағдай саяси көзқарас үшін, саяси белсенділік үшін қудалаудың шектен шығып кеткені. Полиция қызметкерлері күш көрсетпей-ақ мәдениетті түрде ескертіп, бөлімге келуімізге шақырту жіберсе болмай ма? Бізді ұстап әкеткенде дәлел ретінде түсірілген бейнежазбаның көзін жойды. Жеке адамның деректерін жоюға байланысты 202-бап бойынша шағым түсірдік. Біз құқықтық мемлекеттің азаматы ретінде елдегі жағдайды өзгертуге тырысып келеміз. Біз таңдау жасадық, енді қорқытып-үркітудің қажеті жоқ».
– Ұлым сәуір айынан бері қамауда жатыр. Ол тергеуде болғанда күдікті ретінде қарамай «сотталған» деп жазып жібергеніне қарағанда, оған үкім шығарып қойған сияқты. Қаншама адамға жалған жала жауып, бір баппен соттап жатыр. Думан бар болғаны журналист ретінде сұхбат алды. Ол қаңтар оқиғасының басталатыны туралы үндеу жасаған еді.
Екіншіден, баламның денсаулығына зиян тигізді. Бүйрегі ауырып, ем-дом қабылдап, дұрысталып еді. Соты басталып Қапшағайға әкелгенде екі бүйрегі қайта ісіп кетіпті. Бұл – нағыз азаптау. Оның үстіне Думан қазір аштық жариялады. Қазір анасы осы ауыртпалықты көтере алмай ауруханада жатыр, – деді Д.Мұхамедкәрімнің әкесі Алмас Тепов.
Адвокат Жалғас Сапарханованың айтуынша, азаптау фактісі бойынша полиция қызметкерлерінің үстінен шағым түсірген.
– Бүгінде негізсіз қамалып отырған саяси тұтқындарға байланысты жиын 9 наурыз күні өтуі тиіс еді. Алайда, полиция қызметкерлері қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайды жұбайымен бірге Талғардағы полиция бөлімшесіне алып кетті. Бұл жиынды өткізудегі мақсат – менің қорғауымдағы тәуелсіз журналист Думан Мұхаметкәрімге қатысты қылмыстық істің заңсыз қозғалып отырғанын жеткізу. Ол бұл заңсыздықтарды тоқтату үшін наразылығын білдіріп, өзіне қол жұмсауға дейін барды. Сот отырысына Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына әкелген кезде полиция қызметкерлері тарапынан бірқатар азаптау фактісі болғанын және ол сот отырысы барысында азаптау туралы арыз-шағым түсіргенін баяндады.
Сол сияқты Ә.Тілеужанова, А.Достияр, М.Жыланбаев сияқты қудаланған барлық саяси тұтқындарға қатысты ашық жиын өткізуге кедергі келтірді. Осы фактілер бойынша ҚР Бас прокуратурасына, Ішкі істер министрлігіне, Алматы облыстық прокуратурасына, Талғар аудандық прокуратурасына Қылмыстық кодекстің 451-бабына және 146-бабына сәйкес полиция қызметкерлерінің үстінен азаптау фактісіне байланысты, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағым түсірдік. Сондай-ақ, жеке мүлкін, яғни ұялы телефон тартып алуына орай ҚК 191-бабы бойынша да арыз бердік, – деді адвокат.