Саясаттанушы: КҚК-ға жасалған шабуыл кездейсоқ емес, жоспарланған операция
Саясаттанушы Замир Қаражанов Каспий Құбыр Консорциумына жасалған шабуылдың әдейі жоспарланғанын, оның салдары Қазақстан экономикасына тікелей әсер ететінін мәлімдеді.
«КЕЗДЕЙСОҚ ШАБУЫЛ ЕМЕС»
Каспий Құбыр Консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдың сипаты Қазақстанда кең талқылануда. Сарапшы мұны ресми түрде Ресей–Украина қақтығысының бір бөлігі ретінде қарастыруға болатынын, бірақ шын мәнінде бұл әдейі жасалған операция екенін айтады.
«Формалды түрде солай көрінгенімен, іс жүзінде олай емес. Бұл – кездейсоқ емес, анық жоспарланған операция», – деді Қаражанов.
Сарапшы КҚК-ның бастапқыда қазақстандық мұнайға арналғанын еске салып, ресейлік мұнайдың үлесі өте аз екенін атап өтті.
«Иә, бұл жүйемен ресейлік мұнай да өтеді, бірақ оның үлесі шамамен 10 пайыз ғана. Ол Ресей экономикасына айтарлықтай зиян келтіре алмайды. Ал құбырдың жұмысына жасалған соққы Қазақстан экономикасына өте сезімтал әсер етеді», – деді ол.
Ол сондай-ақ бұл транзитке санкциялар жүрмейтінін айтып, бұл шабуылды ақтап алу мүмкін емес екенін ескертті.
«Ресей аумағы арқылы өтетін қазақстандық мұнай транзиті санкцияларға жатпайды. Сондықтан КҚК-ға жасалған мұндай шабуылды ешқандай заңды негізбен ақтап алу мүмкін емес», – деді Замир Қаражанов.
УКРАИНАНЫҢ ЖАУАБЫ ЖАЙЛЫ
Сарапшының айтуынша, Қазақстан жіберген наразылық нотасына Украина тарапынан келген жауаптың жағдайды күрделендірген.
«Қазақстанның нотасына Украина берген жауап жағымсыз жағдай болды. Өкініш білдірудің орнына, барлық тарапты агрессорды дереу тоқтатуға шақырған үндеу жолданды», – деді.
Ол Қазақстан үшін мұндай риторика «қақтығысқа тарту әрекеті» ретінде қабылданғанын түсіндірді. Алайда Замир Қаражанов Қазақстан мен Украина арасындағы диалог ушықпай, сақталып келе жатқанын алға тартты.
«Қазақстан мен Украина президенттері ең күрделі кезеңдердің өзінде тұрақты түрде телефон арқылы сөйлесіп отырды. 2025 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Тоқаев пен Зеленскийдің алғашқы кездесуі өтті», – деді ол.
«ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОҒЫС СИПАТЫНА ИЕ»
Сарапшы бұл жағдайдың Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасына еш әсері болмайды дейді. Тек КҚК жасалған шабуыл экономикалық соғыс сипатына ие бола бастады.
«Бұл оқиға Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынасқа еш әсер етпейді. Өйткені бұл екі елдің арасындағы мәселе емес. КҚК-ға жасалған шабуыл украин-ресей қақтығысының әскери шеңберден шығып, экономикалық соғыс сипатына ие бола бастағанын көрсетеді», – деді ол.
Егер дипломатиялық шаралар нәтиже бермесе, Қазақстан келген залалды тіркеп, халықаралық соттарға жүгініп, экономикалық шығынды өтеуді талап ете алатынын айтады сарапшы.
Замир Қаражанов мұнай экспортын әртараптандыру керек десе де, КҚК көлемін толық алмастыру қиын екенін ескертті. Ол үшін ондаған ірі танкер, жаңа порт терминалдары және көп жылдық жұмыс қажет.
- Тақырыпқа орай: КҚК-ға жасалған шабуыл: «Үлкен ағайынның» табалдырығында қалдық