«РЕСЕЙ шабуылдың алдын алу үшін УКРАИНАҒА соққы жасады» деген миф қалай жоққа шықты?
«Мен сіздерге қай жақтан Беларуське қарсы шабуыл дайындалғанын айтып беремін...», – деген президент Александр Лукашенконың сөзі өткен жылғы басты мемге айналды.
Дегенмен, бұл көбінесе интернеттің украиндық бөлігінде болды. Соғыс басталғаннан бері украиндықтар үшін бұл сөз «қой бағып жүрген қасқырдың сол қойды айыптап, белгілі бір мақсатпен өзін қараңғыда торуылдады» дегеніндей абсурдтың классикалық мысалы саналады.
Бұл халық арасында таралған әзілдерде де көрініс берді. YouTube осы сөздерге орай тапқырлықпен айтылған мемдерге толы.
Бірақ әзіл өз алдына, 2022 жылдың 11 наурызында Лукашенко Киевтің Минскіге қарсы жасамақ болған шабуылының жоспарын ашатын-мыс бір картаны Владимир Путинмен келіссөздер жүргізу үшін Кремльге ала барды.
«Олардың жоспарындағы соққы беру нысанасында тек Донбасс қана болған жоқ. Олар Беларусь жаққа төрт бағыттан соққы беру үшін әзірленген», – деді Лукашенко.
Бұл мәлімдемені беларусь пен ресейлік үкіметтің сөзін сөйлейтін жүздеген БАҚ бірден таратып жіберді. Олар «Ресей өз аумағында соғыс болдырмау үшін алдын орай соққы жасап, Украинаға басып кірді» деген тезисті іліп әкетіп, таратты.
Дегенмен, бұл жерде бірден Украина мен НАТО-ның Ресей мен Беларуське қарсы шабуыл жасауға бағытталған агрессивті жоспарының жүзеге аспауына мүмкіндік берген алдын орау соққысы туралы тезис соғыстан бұрын емес, ол басталғаннан кейін пайда болған басты әрі даусыз фактіні ескерген жөн.
Фейк қалай пайда болды?
22 ақпандағы ЛХР және ДХР-ды тәуелсіз мемлекеттер деп тану туралы «бағдарламалық сөзінде» және 24 ақпандағы «арнайы операцияның» басталғаны туралы сөзінде Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ақылға қонымды және қонымсыз айып түрлерін Украинаға барынша тағып баққанымен, оның Ресей, Қырым немесе Беларусь мемлекетіне қарсы шабуыл жасамақ жоспарлары туралы жақ ашпаған болатын.
Бұл фейк шабуыл ресми түрде басталғаннан екі аптадан кейін ғана қолданыла бастады. Бұл кезде блицкригпен Киевті үш күнде басып алу жоспары мен «күштінің арты диірмен тартады» деген тәмсілдің бұл жолы сәтсіз болғаны айқындалған еді. Сондықтан, басталған қантөгісті бүкіл әлем мен өз халқының алдында нанымдырақ түсіндіру керек болды. Ал туған жер мен туған елді қорғаудан асқан қасиетті не бар? «Олар шабуыл жасамақ болды, біз өзімізді қорғау үшін алдын-ала соққы бердік» деген сылтау соғыстың басталу себептерінің жаңа ресми нұсқасына айналды.
9 наурызда Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі әлеуметтік желілерде ұрыс алаңдарында ресейлік әскерилердің қолына түскен-міс делінген «құпия» құжаттардың фотосуреттерінің көшірмелерін, атап айтқанда, Украина Ұлттық гвардиясының қолбасшысы генерал-полковник Николай Баланның 21 қаңтардағы бұйрығын жариялады. Бұл құжатқа сәйкес, Украина Донбасс пен Қырымға шабуыл операциясын наурыз айында бастауды жоспарлаған.
Бұл хабарламадан кейін бірнеше сағат өтпей жатып, Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин «Украина Ұлттық гвардиясының соққы беретін әскери тобын Донбассқа шабуыл жасауға дайындау фактісі бойынша» қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады және бұған қатысы барлардың барлығын қылмыстық жауапкершілікке тартуды бұйырды. Мұны Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі генерал-майор Игорь Конашенков толығырақ брифингте мәлім етті.
Ресейлік генерал тіпті құжаттың басынан: «4-оперативтік бригаданың батальондық тактикалық тобын оқытуды ұйымдастыру үшін Украина Ұлттық гвардия қолбасшысының «Украина Қарулы Күштерінің Біріккен Күштері операциясында жауынгерлік (арнайы) тапсырмаларды орындау үшін Ұлттық гвардияның 4-оперативтік бригадасының батальондық-тактикалық тобын дайындауды ұйымдастыру туралы» бұйрығын жібереміз» деген үзінді келтірді.
Бұл ретте Қорғаныс министрлігінің брифингінде де, әлеуметтік желілерде де, ресейлік БАҚ-та да құжаттың толық нұсқасы әдейі көрсетілмеді.
Өйткені бұйрықтың (айтпақшы, оның түпнұсқалығын Украина билігі де мойындаған болатын) келесі беттерінен бастап-ақ құжаттың, біріншіден, құпия емес екені, екіншіден, Донбассқа басып кіру туралы бірде-бір сөздің жоқтығы, үшіншіден, бұл Львов облысындағы жаттығуларға қатысты екені түсінікті болатындықтан осылай жасалды.
Құжатта Старычи ауылы туралы бірнеше рет айтылады. Онда Польшамен шекараға жақын Львов облысындағы, оқу-жаттығулар өткізіледі деп жоспарланған Яворов полигонының қолбасшылық бөлімшесі орналасқан. (Орай келгенде айта кетейік, бұдан кейінгі ұрыс қимылдары кезінде Яворовский полигонын ресейлік әскерлер талай рет атқылады, соңғы рет одан жүз шақты шақырым жерде ғана АҚШ президенті Джо Байден Польшада жүрген кезде тағы атқылады).
Дегенмен, осындай ауыр айып тағылғандықтан, халықаралық сарапшылар мен факт-тексеруші журналистер Украина Ұлттық гвардиясынан бұл мәселе бойынша түсініктеме алды.
Ұлттық гвардия қолбасшылығының ресми жауабында бұйрықтың нақты екені, бірақ құпия еместігі айтылған. Өйткені, құпия құжаттардың тиісті мөрі (грифі) болуы керек, сонымен қатар, артқы жағында танысқаны туралы қол қоюға қатаң тыйым салынады және дәл осындай ереже әлемнің кез-келген армиясында қолданылады.
«Бұл құжаттың шабуыл операциясын жоспарлауға ешбір қатысы жоқ. Шабуыл операциясының жоспарында кейбір нақты нысанаға алынатын көздер көрсетілуі тиіс екені анық, ал құжатта ол жоқ. Бұл БКО (Біріккен күштердің операциялары – Донбасс жауынгерлік қимылдарының аумағы Украинада осылай деп аталды) аймағындағы қандай да бір позицияға кейіннен шабуылға кірісу үшін жайғасу туралы бұйрық емес. Бұл Львов облысында жауынгерлік тактикалық дайындыққа кірісу туралы бұйрық», – деп түсіндірді Ұлттық гвардия. Дәл осындай бұйрықтар жыл сайын беріледі деп толықтырды.
Бұл ақпаратқа президент Владимир Зеленскийдің өзі түсініктеме берді. «Әрине, ешқандай жоспар болған жоқ. 2019 жылдан бастап мен президент Путинге де, басқаларға да өз аумағымызды әскери жолмен қайтарып алуға тырыспайтынымызды, келісім жасауымыз керек екенін айттым. Ыңғайлы форматты тапқым келеді. Украина мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста біраз уақыт созғым келді. Түрлі жолдарын іздедім», – деді ол ресейлік журналистерге берген сұхбатында.
Жалған медальдар
Насихатшылар жабыса қалған келесі фейк – көктемде ресейлік БАҚ-та және Z-басылымдарда кеңінен тараған әрі «Украинаның басып алынған аумақтарынан табылды» делінген Украина Қарулы Күштерінің «Қырымды алғаны үшін» медальдарының фотосуреттері мен олардың куәліктері.
Бұл ақпаратты, мысалы, жазушы және саясаткер Захар Прилепин, саясаттанушы Сергей Марков, басқа да Кремль жақтастары, Ресейдегі қоғамдық пікір көшбасшылары барынша таратты.
Олардың насихаты «Украинаның Қырымды күшпен қайтарып алуға дайын екендігінің бұлтартпас дәлелі енді табылды» дегенге сайды.
Әрине, бұл асығыс құйпалақталған жалған ақпарат екені украин тілін білетін кез-келген адамға түсінікті жайт.
Біріншіден, ресми құжатта украин тіліндегі мұндай өрескел қателерді жасауға жол берілуі мүмкін емес. Онда жарлық «бұйрық» (украин тілінде «наказ») деп аталған, ал президент Владимир Зеленскийдің инициалдары украин тілінде В.О («Володимир Олександрович») деп емес, орыс тілінде «В.А» деп көрсетілген.
Оның үстіне марапат тұжырымының өзі қате. Украина Қырымды оккупацияланған аумақ деп санайтындықтан, мұндай медаль, егер ол шын мәнінде бар болса, «Қырымды алғаны үшін» деп емес, «За звільнення Криму» («Қырымды азат еткені үшін») деп аталар еді.
МАГАТЭ Украина тарапынан төнген ядролық қауіп туралы
Алдын-ала соққы беру туралы үшінші фейк – Украинаның ядролық бомба жасамақшы болғаны және онымен Ресейді қорқытқаны.
Алайда, Украина Қазақстан сияқты, сонау 1994 жылы ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, әйгілі Будапешт меморандумына қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес ядролық қарулы елдер, соның ішінде Ресей де Украина шекарасының мызғымастығына кепілдік берген болатын. Ресейдің өз міндеттемелеріне қалай қарағанын бүкіл әлем 2014 және 2022 жылдары білді...
Соған қарамастан, Украина тарапынан туындаған «ядролық қауіп» туралы жалған ақпаратты осы саладағы басты әлемдік ұйым – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) жоққа шығаруға мәжбүр болды. Олар Украинаның ядролық қару жасауды мүлдем жоспарламағанын дәлелдейтін объективті деректері бар деп сендірді.
«Бұл мәселе біз үшін өте маңызды және бізде Украинаның ядролық қаруды таратпау жөніндегі міндеттемелерін орындауына күмән тудыратын ақпарат жоқ», – деді МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси.
Бұл туралы 1995 жылдан бері МАГАТЭ-ге ядролық материалдардың саны, орналасқан жері және түгендеудегі өзгерістер, сондай-ақ ядролық қондырғылар мен ядролық материалдарға қатысты ғылыми қызмет туралы ақпарат беретін Украинаның Ядролық реттеу жөніндегі мемлекеттік инспекциясы да хабарлады.
«Барлық ақпаратты МАГАТЭ инспекторлары ядролық материалдар орналасқан жерлерде тексеру немесе тиісті іс-шараларды жүзеге асыру кезінде мұқият тексереді. Ал МАГАТЭ кепілдіктерін қолданған 26 жыл ішінде Украина ешқашан Келісімнің талаптарын орындамады деп айыпталған жоқ», – деп атап өтті инспекция.
Тұжырым
Жоғарыда айтылғандардың барлығын қорытындылай келе, тіпті мәселенің моральдық қырын былай қойғанда, Батыстың қолдауына барынша зәру Украинаның басқа мемлекетке тікелей шабуыл жасау түріндегі осындай жанкешті қадамға бару мүмкіндігін елестету қиын.
Біріншіден, қазір Ресей Федерациясымен болып жатқандай, бүкіл әлем Украинадан сырт айналар еді дегенді Киев тамаша түсінді.
Екіншіден, 17 миллион шаршы шақырым жері бар ядролық мемлекет Ресей Федерациясына немесе оның тікелей сателлиті Беларуське шабуыл жасау үшін ақылдан адасқан болу керек.
Сонымен қатар, барлау деректеріне де, мыңдаған гигабайттық спутниктік суреттерге де сүйене отырып, бүкіл әлем 2021 жылдың күзінен бастап Ресей әскерлерінің соққы беру топтары Украинамен шекарада шабуыл жасауға әзір тұрғаны туралы айта бастады. Украина президенті әкімшілігінің өкілі Сергей Лещенко былай деп мысқылдады: «Украина Беларусь аумағында жүздеген мың ресейлік әскер жинақталған сәтті 8 жыл бойы күтті, ақыры содан кейін шабуыл жасауға ниеттенді... Дәл солай болды».
Оған қоса Зеленскийдің президент әкімшілігі ешқашан Ресейге қарсы болған емес. Керісінше, оның 2018-2021 жылдардағы сөздерінен «көзге үңілу», «жол ортада келісу», «Ресей Федерациясының президентімен қандай да бір форматқа қол жеткізу» қажеттігі туралы көптеген мәлімдемелер табылады.
Басқыншылық шабуыл басталған сәтке дейін, тіпті 2022 жылдың қаңтарында Украина президенті Ресей әскерлерінің Украинамен шекарада не істеп жүргенін түсіндіруі үшін Мюнхендегі халықаралық қауіпсіздік конференциясында Путинмен кездесу ұйымдастыруға тырысып бақты. Әйтсе де бұл еш нәтиже бермеді, ресейлік тарап Киевтің бейбіт ұсыныстарымен еш келіспеді. Керісінше, Кремль «бауырлас халықты» қанға бөктіріп, орыс пен украин халқының қаншама буын ұрпақтары арасында өшпенділік отын тұтатты.
Бұл мақала АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссияның қолдауымен шағын БАҚ гранттар бағдарламасы аясында жарияланды. Оның мазмұнына авторлар жауапты. Материалдар АҚШ үкіметінің немесе Қазақстан Республикасындағы АҚШ миссиясының көзқарасын білдірмейді.
Жоба туралы
Ресейдің Украинада кең ауқымды соғыс бастағанына бір жылдан астам уақыт болды. Бірақ украин тақырыбына қатысты жалған насихаттық ақпаратты Ресей бұдан әлдеқайда ертерек тарата бастаған. Интернетте «Горловка Мадоннасы» («горловская Мадонна»), Украинадағы биологиялық зертханалар, Ресейді айнала қоршаған «НАТО әскерлері» және басқа да осындай көптеген жалған ақпараттар мен қолдан жасалған бейнематериалдар бірнеше жылдан бері таралуда.
Өкініштісі, қазақстандықтар арасында осыған сенетіндер аз емес және арнайы операцияны Ресей бірінші бастамағанда, Украина шабуылға кірісетін еді деп кәмілсіз иланады. Өкінішке қарай, мұндай қазақстандықтар мыңдап саналады. Ресейдің Украинадағы «арнайы операциясын» әлі күнге ресейлік нарратив негізінде қабылдайтындарға, Киевті нацистер жаулап алды, Ресей армиясы тек әскери нысандарға шабуыл жасайды деп санайтын отандастарымыз және осы тақырыпта жазатын журналистер мен редакциялар үшін біз фейктерді әшкерелейтін жеті мақала дайындадық. Бұл – «Украинадағы соғыс: фейктерді әшкерелеу» атты топтаманың үшінші мақаласы.
1. «Донбасс 8 жыл бойы бомбаланды». Ол жерде соғысты нақты кім және не үшін бастады»
2. «Буча туралы фейктер». Бұл қалада ақиқатында не болды?»
Материалды дайындаған журналистер тобы: Назира Дәрімбет, Оксана Макушина, Владимир Радионов, Александр Закладный.