16 Наурыз 16:48
...

КоммерсантЪ НЕГЕ арандатқысы келеді?

Фото:

Ресейдің КоммерсантЪ басылымы «КСРО-ны қалпына келтіру қажет деп есептейсіз бе?» деп сауалнама жүргізіп жатыр.

Толық мәтіні мынадай: «Кез келген ұлт адамының құқықтары мен бостандықтарына толық кепілдік бере отырып, тең құқықты егемен республикалардың жаңартылған федерациясы ретінде КСРО-ны қалпына келтіру қажет деп есептейсіз бе?».

Қазіргі уақытта 2622 адам «иә» деп, 3431 адам «жоқ» деп дауыс беріпті.

Яғни, сұралғандардың 43,32% қолдаса, 56,68%-ы қарсы болған. Бұл сауалнаманың тағы бір ерекшелігі, адамдар өз пікірін жазып қалдыра алады.

КоммерсантЪ бұл сауалды бекер көтеріп отырған жоқ. «КСРО-ның ыдырауы – Ресей қоғамының ұлы өкініші» десек артық айтпағандық. Кремль қожайыны Путиннің бұған «ХХ ғасырдағы ең ірі геосаяси апат» деп баға бергені есте. Тіпті, орыс тілінің оқу құралдарында да «КСРО-ның неге ыдырап кеткеніне тұщымды жауап, нақты себеп жоқ» деген сыңайдағы тіркестерден көз сүрінеді.

КСРО-ны көксеушілердің арасында коммунистерді айтпағанда, партия құрамында болмаған қарапайым адамдардың қарасы басым. Сондықтан бұл елде КСРО-ны қайта құруды көздеген саяси қозғалыстар аз емес.

Сергей Кургинян

Соның бірі – ресейлік Сергей Кургинян атты саясаткер басқаратын «Суть времени» қозғалысы.

Бұл ұйым Кеңес Одағын жаңа форматта құруды көздейді. Ұяшықтары Қазақстанда ашық жұмыс істеп, жақтастарының қатарын күн санап көбейтіп келеді. Украинаның шығысындағы жанжал кезінде бұл қозғалыс ерекше белсенділігімен көзге түсті. Мүшелері сепаратистерге қару-жарақ, техника жеткізумен айналысты. Ерікті ретінде «Восток» батальоны сапында Украина қарулы күштеріне қарсы ұрыстарға қатысты.

Сауалнамаға оралсақ, бұл басылымның тұрақты оқырмандары көзі ашық, өз пікірі бар адамдар. Ал қалың көпшілік оқитын басылым болса, сауалнама қорытындысы мүлде басқаша болып шығары даусыз. Десе де, бұл сауалнама Ресей қоғамында біршама оңды өзгеріс барын көрсететіндей. КСРО-ны көксеушілерден гөрі оны тарихтың еншісіне қалдыруды қалайтындар көбейген тәрізді.

Қарсылардың пікірі:  

Vladimir Goth:

«КСРО кезінде Ресей ең кедей республика болды. Шартты лоялдылық үшін саттеллиттерді асырып жатқанда, Ресейдің деревнялары мен шағын қалалары құлдырап, халық кедейленді. Осы мақсатта ресурстарын өндіріп, инновациялық экономиканы дамытудан бас тартты. Қазір де солай. Бұған псевдо-советтік режимнің басындағы дөрекі, кеңестік ойлау себеп болып отыр. Өз еліміз туралы ойлайтын уақыт жетті. Ал көршілеріміз, тең құқықты әріптестеріміз дамыған экономикаға өздері жетеді. Өзімізге зиян тигізбей, біржақтылықтан арылсақ, қарым-қатынастарымыз өзара тиімді болады».

Труба Шатал:

«Жолдас Сталиннің КСРО халықтарын тундраға жер аударуы тең құқықтылыққа жата ма?»

Рост:

«Мұны алдымен бұрынғы  республикалардан сұрау керек. Біздің империялық амбицияларымызға олардың түкіргені бар».

Николай Алехин:

«Мұның бәрі – бостандықтар мен құқықтарға берілген «кепілдіктер», «уәделер» бір топ бандиттердің аузынан шығып жатыр ма? Бұл да зейнетақы жасына берілген уәде сияқты нәрсе. Бүкіл ғаламшарға «бақыт» әкелмек пе?».

Соловей:

«Еуроодақтың филиалы ретінде түр көрсетуді қояйықшы. Ол жақта тәуелсіз әрі еркін елдер ортақ мүдде жолында бірікті. Ауылшарушылығы мен саясатта мелиорация және люстрация деген ұғымдар бар. Бұл екеуін әдейі қатар қойып отырмын. Қалай түсінсеңдер олай түсініңдер, бастысы бізді ақымақ санағанды қойып, деліқұлы сұрақтарды қоймаңдаршы».

Анархист:

«Коммерсантъ 30 жыл бұрынғы референдумның шаңын қағып жатыр ма?».

Қолдаушылардың пікірі:

Робот:

«Жақсы сауалнама екен. Бесінші колоннаның кімдер екенін осы жерден көруге болады екен. Бәрі осында жиналып алыпты».   

Евгений Халипа:

«Бір өзенге екі рет түсе алмайсың» дейді. Бірақ бір-біріне қайта үйленіп жатқан ерлі-зайыптылар да бар емес пе? Ендеше, неге қарсы болуымыз керек? Өмірде бәрі бола береді».

Қазақ қоғамында да бұл сауалнамаға емекси кететіндер аз емес. Олар ортамызда толып жүр. Империялық амбициясы күштілер осыны ескеріп, бұрынғы саттелиттерінің арасына әдейі жамбы лақтырып отырғандай.

Тегтер: