10 Маусым 14:38
...

«Үстіме екі шелек суды құйып жіберіп, өртеніп жатқан пәтерге кірдім...»

Фото:

Мемлекеттің байлығы – адам. Ал адамның өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен қымбат. Біздің тыныштығымызды қамтамасыз ететін арнайы сала мамандарының жұмысы көзге көрінбесе де, ерен екені сөзсіз.

Бүгінгі жастар өте батыл, талапшыл. Олардың өз ісіне деген жауапкершілігі, адалдығы қуантады. Соның бірі – Ішкі істер министрлігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті РУ-170/1 мекемесінің бақылаушысы Абылай Төлеев Мерланұлы.

Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Тегісшіл ауылынында туып-өскен ол бала кезінен құқық қорғау саласында жұмыс істеуді армандапты. Мектепті бітіре сала әскер қатарына өзі сұранып барған. 2018 жылы Шымкент қаласында ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6506-әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп келген Абылай Төлеев бірден жұмысқа қабылданады. Сірә, жалындап тұрған жігіттің ынтасы мен жігері, еңбекке деген құштарлығы сол кезде байқалған шығар...

Сөйтіп, ол 2019 жылдың қараша айынан бері тәртіп пен талап үйлескен РУ-170/1 мекемесінде бақылаушы ретінде еңбек етіп келеді. Небәрі екі жылдың ішінде Абылай Мерланұлы ерлік жасап, екі адамның өмірін тілсіз жаудың құрсауынан аман алып қалды. Ол бұдан бұрын Оралда тергеу изоляторының екі қызметкерін өрттен құтқарған.

«21 қаңтар күні түнгі сағат 01.00 шамасында серуендеп жүр едім. Бір жігіт жүгіріп келіп, Мұхит көшесіндегі үйдің 5-қабатынан өрт шыққанын  айтып, көмектесуімді өтінді. Жүгіріп, дереу бесінші қабатқа көтерілдім. Алдымен сол үй тұрғындарының бәрін сыртқа шығардым.

Жанып жатқан пәтер есігін ашайын деп едім, ыстық екен, ұстатпады. Сосын 4-қабаттан терезе арқылы кіруге талпындым, бірақ өрттің қызуы жақындатпады. Содан ойланып тұратын уақыт жоқ, көршілердің көмегімен темір есікті сындырып аштым. Үйдің іші көрінбейді, қою түтіннің исі де шыдатпайды. Үстіме екі шелек суды құйып жіберіп, пәтерге қабырғаны жағалап кіріп, екі адамды алып шықтым.

Содан кейін өрт сөндірушілер де келді. Өзім де газдан уланып, бес күн ауруханада жаттым», – деп еске алады Абылай Төлеев.

Бірақ ол осы батыл әрекетін ерлік деп санамайды. «Бұл кім-кімнің де қолынан келеді. Қалыпты жағдай деп ойлаймын. Егер көз алдыңда адам өмір мен өлімнің ортасында арпалысып жатса, қалайша бұрылып кетесің? Жалпы, адам баласы жер бетіне бір-біріне көмектесу үшін келді ғой. Сол үшін мұндай кезде ешкім бейжай қарамайтын шығар», – дейді ол.

Өрттен аман қалған екі тұрғынның туыстары осындай ұлды азамат етіп тәрбиелеген ата-анасына алғыс жаудырды. Ал өз отбасы туралы Абылай: «Үйде алты баламыз. Ағам Сәкен осы Оралдағы Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінде қызмет етеді. Одан кейінгі ағам Өркеннің өмірі қысқа болып, 2015 жылы қайтты. Әкем Мерлан да 1999 жылы 26 жасында дүниеден озды. Сол кезде мен бір жаста болсам, қарындасым Данагүл анам Әдемінің құрсағында қалған еді, қазір тұрмыста. Содан соң бес жасар Инабат Қайратқызы мен үш жасар Төрәлі деген кішкентай іні-қарындасым бар», – дейді.

«Еліңді сүймей, ерлік жасай алмайсың». Өз өмірін қауіпке тігіп, көзсіз ерлікке барған 23 жастағы оралдық азаматтың ерлігі мемлекет тарапынан елеусіз қалмады. Оның кеудесіне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Ерен ерлігі үшін» төсбелгісін тағып, марапаттады.

«Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» деген сөз бар, мен де сардар атанып, қызметтің ең биік шыңын бағындырғым келеді» деп түйіндеді пікірін Ішкі істер министрлігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті РУ-170/1 мекемесінің бақылаушысы Абылай Төлеев Мерланұлы.  

Тегтер: