Нұрлан Ноғаев: Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығы мәселесін шешу – біздің басты міндетіміз

25 қараша, 14:44
Нұрлан Ноғаев: Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығы мәселесін шешу – біздің басты міндетіміз
Фото: ғаламтордан

Бүгін, 25 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органның өңірдегі ауыз су тапшылығы мәселесін шешу үшін қабылдап жатқан шараларына тоқталды.

Алматы, NEGE.  Облыстың дамуы мен халық санының қарқынды өсуіне орай өңірде суға деген сұраныс артып келеді. Бүгінгі күні облыс 150 мың текше метр су тұтынады. Жаз мезгілінде 51 мың текше метр су тапшылығы байқалады. 2025 жылға қарай суға деген қажеттілік 250-260 мың текше метрге жетеді деген болжам бар. Президенттің халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыста 2025 жылға дейін жалпы қуаты 286 мың текше метр суды тұшытатын 9 жобаны іске асыру жоспарлануда.
 
Биыл Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17 мың текше метр су тұшытатын зауыт іске қосылады. Инвестициялық жобаның құны - 21,4 млрд.теңге. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін «Астрахань-Маңғыстау» су құбыры арқылы келіп түсетін 10 мың текше метр су Жаңаөзен қаласына, Бейнеу және Жетібай ауылдарына жіберіледі.
 
Сондай-ақ, «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі басталды. Бұл жұмыстар 2022 жылы аяқталады. Жергілікті атқарушы билік аталған зауыт өндіретін су көлемін тәулігіне 100 мың текше метрге дейін жеткізуді көздеп отыр. Қазір 3-ші кезеңін жүзеге асыру үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде.
 
Жаңаөзен қаласын толықтай сумен қамтамасыз ету үшін Кендірлі аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшыту зауыты салынып жатыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясы жүзеге асырып жатқан жоба 2024 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.  
 
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясы аумағында тәулігіне 24 мың текше метр су тұшытатын қондырғы салынбақ.
 
Форт-Шевченко қаласында қуаты тәулігіне 5 мың текше метр су, Ақшұқыр ауылы мен Сайын Шапағатов ауылдық округінде қуаты тәулігіне 10 мың текше метр су болатын қондырғы салынады. Ал Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында тәулігіне 80 мың текше метр су өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Ақтау қаласында қуаты тәулігіне 20 мың текше метр теңіз суын тұшытатын зауыттың құрылысы басталды.
 
- Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша өткен кеңесте өңірдегі ауыз су тапшылығын шешу үшін нақты тапсырмаларды жүктеген болатын. Біз белсенді жұмысты бастадық, инвесторлармен келіссөздер жүргізудеміз, басқа елдердің тәжірибесін зерделеудеміз. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығы мәселесін шешу біздің басты міндетіміз болып табылады, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
 
Сонымен қатар, Президент 2022 жылға дейін 12 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл орталықтандырылған сумен 2 ауыл қамтылады: Бекі және Басқұдық. Нәтижесінде елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету 96% - ға дейін жеткізілетін болады. Қалған 10 ауылды ауыз сумен қамтуды 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.