27 Қыркүйек 15:51

Нұрлан Ноғаев: Ауыз су өндірісін ұлғайту ісіне мемлекеттік қызметшілер жеке жауапты болады

Фото:

Өңір басшысы 2022 жылдың соңына дейін өндірісі екі есе артатын «Каспий» су тұшыту зауытының қуаттылығын  ұлғайту жобасымен танысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алматы, NEGE. 22 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына келген сапарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде өткен кеңесте «Каспий» су тұшыту зауытының қуаттылығын арттыру жобасының созылып кеткенін және құнының өсуін сынға алған болатын.
Мемлекет басшысы аталған жобаны келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Қазіргі уақытта зауыт тәулігіне 20 мың текше метр су тұшытуда. Кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін кәсіпорынның техникалық мүмкіндігі тәулігіне 40 мың текше метрге дейін, яғни екі есеге ұлғаяды. Жобаның құны 12,3 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге бөлінді. Қалған бөлігі де республикалық бюджеттен сұралатын болады. Тиісті бюджеттік өтінім министрлікке жіберілді.
Жоба 2022 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Зауыттың жұмысымен танысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

- Өңірді ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету ең басты міндет болып отыр және бұл Мемлекет басшысының жеке бақылауында.  Жобаға қатысты барлық лауазымды тұлғалар ауыз су өндірісін ұлғайтуға бағытталған жұмыстардың мерзімінде іске қосылуына жеке жауап береді, - деді облыс әкімі.

Тегтер: