19 Сәуір 18:51

«Рахатгейт» әлі біткен жоқ. Баян Мақсатқызы атышулы «кланға» қатысты тағы бір құпияны ашты

Фото:

Танымал продюсер Баян Мақсатқызы күйеуінің бизнесін рейдерлік жолмен тартып алмақ болғандар компанияға шабуыл жасап, тергеуге кедергі келтіріп жатқанын мәлімдеді.

Б.Мақсатқызының айтуынша, белгілі кланның адамдары күйеуі Тұрсынғали Алагөзовтің Galanz Bottlers компаниясына шабуыл жасаған.

Фото: yandex.kz

«Белгілі кланға жақын адамдар заңсыз құжаттар жасаумен және тіркеумен әлі де айналысып келеді. Өткен аптада олар компанияға басып кіріп, төбелес ұйымдастырды, жұмысшыларды қуып шығуға тырысты, ғимаратты басып алып, қолма-қол ақша кассасын тартып алуға әрекет жасады.

Тұтқындаулардан соң, биыл 17 наурызда бұл адамдар дәлелдерді жасырып, сауданы тоқтату үшін барлық деректер базасын жойып жіберді.

Басты кінәлілердің аты жөнін атаймын. Олар: Айдархан Бектібаев – қауіпсіздік қызметінің бұрынғы бастығы. Бұрын адам ұрлағаны, қинағаны үшін сотталған.

Талғат Мылтықбаев – директорлар кеңесінің тырнақшадағы директоры.

Светлана Недопряченко – басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары.

Ильдар Акчурин – бұрынғы басқарма төрағасы. Сондай-ақ заңсыз құжаттарға қол қойған тағы 14 адам бар», – деді Б.Мақсатқызы.

Б.Мақсатқызы мен Т.Алагөзов. Фото: ғаламтордан.

2008 жылы Алмалы аудандық сотында атышулы Рахат Әлиев пен оның сыбайластарына қатысты сот үкімі шыққан.

Естеріңізге салайық, сол жылы «Нұр Банктің» менеджерлері Ж.Темірәлиев пен А.Хасенов із-түссіз жоғалып, кейіннен олардың өлі денелерінің қалдығы Көктөбедегі тау бөктеріндегі шұңқырға көмілген бөшкеден табылған еді. Бұл аса ауыр қылмысты Р.Әлиев пен оның сыбайластары жасағаны сотта дәлелденді.

Сот үкімінде былай дейді: «...2007 жылдың 9 ақпанында, шамамен сағат 11-де «Тойота Ланд Крузер» А 002 AW автокөлігімен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері Ә.Мұсаев, Р.Әлиев, В.Кошляк келеді. Бұл үшеуі қылмыстық әрекетін жалғастырып, Темірәлиев пен Хасеновтің еркіндігін шектеу үшін оларға «лидокаин» препаратын бірнеше рет салады. Лидокаин қан қысымын төмендетіп, адам өліп кетуі де мүмкін.

«Рахатгейт». Фото: zonakz.net

Қылмыс іздерін жасыру үшін Әлиев, Кошляк, Мұсаев және Бекмұратов Темірәлиев пен Хасеновтің үстіне спорттық костюм кигізіп, белгісіз жаққа алып кеткен. Қазірге дейін олардың қайда екені белгісіз».

Біз атышулы «Рахатгейт» ісін не себепті еске алып отырмыз? Сот үкімімен Р.Әлиев 20 жылға, Ә.Мұсаев 15 жылға сырттай сотталғаны жұрттың есінде. Алайда осы қылмыстық топтың ішінде Баян Мақсатқызы атаған Айдархан Бектібаевпен аты-жөні ұқсас адам бар.

2008 жылы 15 қаңтарда Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының үкімімен Айдархан Амангелдіұлы Бектібаев ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабының 3-бөлігімен (күш қолдану арқылы адам ұрлау, өміріне қауіп төндіру – ред.) 5 жылға сотталып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім кесілген. Сондай-ақ А.Бектібаев полковник деген әскери шенінен де айырылды. Өйткені ол бұрын ҚР Президентінің күзет қызметінде бөлім бастығы болған.

Рахат Әлиев. Фото: Johannes Kernmayer

Егер Баян Мақсатқызы айтып отырған Айдархан Бектібев нақты осы адам болса, онда ол кімге қызмет еткен? Рахат Әлиевтің бұрынғы әйелі Дариға Назарбаеваға ма? Әлде қамаудағы Қайрат Сатыбалдыға ма? Бәлкім...

Экс-президент Н.Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев 2015 жылы Венадағы түрмеде белгісіз жағдайда көз жұмды. Алайда оның «өзіне қол жұмсағанына» көпшілік сенген жоқ. Р.Әлиев өлген соң оның елдегі және шетелдегі активтері бұрынғы әйелі Д.Назарбаева мен кланның өзге де мүшелеріне өтті... 

Тегтер: