4 Қыркүйек 17:42
...

«Ескі Қазақстан» өкілдерін аулау: Бекетаевтан – Байбекке...

Байбек
Фото: Коллаж NEGE

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Болашақ» консалтинг тобы» ЖШС бас директоры Сағидолла Баймұратқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы кеше Nege.Aqsha телеграм каналы жазды. 

«Антикор «Болашақ» консалтинг тобы» ЖШС бас директоры Сағидолла Баймұратқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Бұған қатысты биылғы жылдың 24 тамызындағы сот құжаты қолымызда бар. Онда Жоғарғы аудиторлық палата Әділет министрлігінде және компанияда тексеру жүргізген. Тексерудің қорытындысы әзірге құпия. Ал материалдар қылмыстық іс аясында алынған», – деп жазды Nege.Aqsha.

«Болашақ» консалтинг тобы» деген қандай топ? Кімдердің тобы? Немен айналысады? «Ескі Қазақстан» өкілдерінен кімдерге қатысы бар? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ресми сауал жолдадық.

Бұған дейін «Болашақ» тобы молдавалық ағайынды бизнесмендер Габриэль және Анатол Статилердің ісі бойынша Қазақстанның мүддесін қорғаған еді. «Мүддесін қорғаған» дегенде атышулы сот ісіндегі статусын ғана айтып отырмыз, әйтпесе мүдде қорғаған ештеңесі жоқ, керісінше, дауды ушықтырып жіберді. Қазір қамауда отырған Марат Бекетаев Әділет министрі болып тұрған кезде «халықаралық сотта Қазақстанның мүддесін қорғаймыз» деген желеумен «болашақтықтар» бюджет қаржысына молынан қол салған болуы мүмкін.

Бизнес
Коллаж NEGE

Естеріңізде болса, жыл басында «Азат» партиясының төрағасы Азат Перуашев: «Статилердің компаниясы біздің мемлекетке 140 млрд теңгеден астам сомаға залал келтіріпті. Ашық ақпарат көздері олардың компаниясының нарықтағы құны шашамен 500 млн доллар екенін хабарлады. Ал Статилер шығынын 4 млрд долларға бағалап, Стокгольм сотына жүгінді де, 544 млн доллар өндіріп алды.

Бұл сот ісіне Қазақстан Статилер талап етіп отырған сомадан екі есе көп қаржы жұмсаған. Бұдан бөлек, осы дау-дамайда Қазақстанның мүддесін қорғаған Bolashak Consulting Group заң компаниясының тиімділігі мен қаржылық тазалығы күмән тудырады. Кейбір деректерге қарағанда, компания бюджеттен жылына 60 млн доллар алып отырған», – деп мәлімдеп, Әділет министрі Азамат Есқараевқа депутаттық сауал жолдады.

Қазақстан бұл іске қанша ақша жұмсады және ол сома Статилердің талабымен сәйкес келе ме? Bolashak Consulting Group бөлінген қаражаттан қанша ақша алды, компанияның артында кім тұр? Компания қызметі мемлекетке шығын келтірді ме? Заңсыз активтерді қайтару аясында ол қаражат қайтарыла ма? Қазақстан Республикасының қандай мүлкіне салынған арест әлі сақталып тұр? Бұл жеке компания мен ұлттық бизнеске зиянын тигізіп жатқан жоқ па? Министрлік Қазақстанның мүддесін қорғауды жалғастыра ма?

Депутат
Фото: ғаламтордан

Міне, депутаттың сауалдары осындай болды. Әділет министрі А.Есқараев депутаттық сауалға не деп жауап бергені белгісіз. Белгілісі – 2023 жылы күзде бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев ұсталып, оған «қызмет бабын асыра пайдаланды, мемелкетке аса ірі көлемде зиян келтірді» деген айып тағылды. Дәл осы Бекетаев Әділет министрі болып тұрғанда (2016-2022) атышулы Статилермен арадағы дау қатты ушықты.

Сондай-ақ Бекетаевтың 2019 жылы министр кезінде экс-президент Н.Назарбаевтың мәртебесі қазіргі президент Қ.Тоқаевтан жоғары тұратынын айтып, жұртты дүрліктіріп қойғаны бар. Мұндай қателік ешқашан ұмытылмасы анық.

Айтқандай-ақ, Қаңтар оқиғасынан кейін іле-шала М.Бекетаев қызметінен кетіп, біршама уақыт Премьер-министрдің кеңесшісі болып жүрді. Бірақ көп ұзамай ешқайда кетпеу жөнінде қолхат жазды, кейін қолына кісен салынды.

Болашақ
М.Бекетаев. Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Кейбір БАҚ-тың жазуынша, Бекетаев ешқайда кетпеймін деп қолхат жазып берген соң Қазақстаннан қашып кетпек болған. Алдымен Стамбұлға жетіп, одан әрі Лондон аспақ болған-мыс.

Қазір Бекетаев қамауда отыр. «Болашақ» консалтинг тобы басшысына қатысты тергеу Бекетаев ісімен байланысты деседі. Сондай-ақ бұл істің Бекетаевқа ғана қатысты болмауы мүмкін. Азат Перуашев Әділет министріне депутаттық сауал жолдағанда бүй деген: «Статилермен арадағы дау 13 жылға созылғанын ескерсек, жүздеген миллион доллар осы компанияның («Болашақ» консалтинг тобы– ред.) құрылтайшыларының қалтасына түскен болуы мүмкін. Кейбір деректерге қарағанда, компанияның құрылтайшылары «Ескі Қазақстанның» шенділері екен...»

«Ескі Қазақстан» туралы сөз етуге А.Перуашевтың моральдық құқығы болмаса да, оның көпшіліктің көкейіндегі мәселені айтқанын ескеруіміз керек.

Nege.Aqsha телеграм каналының жазуынша, Марат Бекетаев қызметтен кеткен соң «Болашақ» консалтинг тобының кірісі күрт азайып кетіпті. Айталық, 2019 жылы компания 648 млн теңге салық шегерімін төлесе, бұл сома азая келе өткен жылы бар-жоғы 55 млн теңге салық төлеген. Мұның екі себебі бар: біріншісі – М.Бекетаевтың биліктен кетуі, екіншісі – Статилермен арадағы даудың қызуы қайтуы.

Назарбаев
Б.Байбек. Фото: ғаламтордан

Жалпы «Болашақ» туралы сөз болғанда Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің аты-жөні қоса аталуы тегін емес. Өйткені кейбір деректерге қарағанда, Б.Байбек 2013 жылдың қарашасынан 2014 жылдың наурызына дейін «Болашақ» консалтинг тобы құрылтайшыларының бірі болған. Одан бөлек, жұрт арасында Б.Байбекті «болашақтықтардың» лидері дейтін сөз бар. Бұлай дейтіндер «Болашақ» дегенде шетелде оқуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламаны ғана емес, «Болашақ» консалтинг тобын да меңзейтін болса керек...

Қысқасы, Назарбаев кланына кіретін кейбіреулердің артына қоңырау мықтап ілінген сыңайлы. «Самат Әбіштің жақын досы» М.Бекетаев түрмеде отыр. Енді сол арқылы «қайда жүргені белгісіз» Б.Байбекке шалма тастау әрекеті жасалуы әбден мүмкін.