29 Тамыз 17:44
...

Қазақстанда қауға сақалға заң жүзінде тыйым салу қажет пе?

Дін
Фото: Коллаж: NEGE

Көршілес Өзбекстанда жат ағымдардан арылу жолында түрлі заң қабылданып жатқаны аян. Хиджаб киіп, бет-ауызын тұмшалаған қыз-келіншектерге тыйым салып, қауға сақалдыларды көшеден ұстап сақалын қырқып, айыппұл сала бастады. Біздің елде де салт-дәстүр мен мәсхабымызға жат діни ағымдар аз емес екенін ескерсек, тізгін тартқызар осындай заң зайырлы Қазақстанға да керек сияқты...

 Қазақстанда «сақалдылар» мен «оранғандар» көп екі сала болса, оның бірі – спорт, екіншісі – шоу-бизнес. Сақалы сапсиған жігіт ағасын айтпағанда, селдір сақалды жастарды көргенде, екұдай күш кешеміз. Тілшіміз сахнада жүрген танымал адамдарға хабарласып, сақал қоюға қатысты және түрлі діни ағымдар туралы пікірін сұрады.

Өмірқұл Айниязов, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші:

                                        Жарасымды сақал болса, әңгіме басқа...

Айниязов
Ютубтан скриншот

 Біздің халқымызға сақал-мұрт қою таңсық емес. Келбетіне келістіріп қияқ мұрт, қаба сақал қойған тұлғалар аз болмаған. Сол сияқты жарасымды, бет-бейнесінің сымбатын ашатын сақал болса, әңгіме бір басқа.

Ал қазір көсе болса да бес-алты сақал өсіріп алғандар бар. Тіпті, кейбіреулер келіссін-келіспесін кеудесіне дейін түсіріп алады. Бұл әрине көзге оғаш көрінеді. Сондықтан сақал қоюдың да өзіндік мәдениеті, әдебі болады деп айтар едім. 

Ал діни тұрғыда мұның дұрыс-бұрыстығын тарқатып айта алмаймын. Бірақ маған бір Қазақстанда тұрып бір мұсылмандық шартын түрлі көзқараста айтатындар ұнамайды. Бәрі бір мәсхапқа қарай тұра, ойларының бір жерден шықпайтыны мазалайды. Өз басым дінге де, сақалға да қарсы емеспін. Бірақ оның ұлтымызға, табиғатымызға, болмысымызға сай қазақи болғаны дұрыс деп санаймын.

Уәлибек Әбдірайымов, «Шаншар» театрының жетекшісі, әзілкеш:

                                        Сақалдылар уағызды Үкімет үйіне барып айтсын

Әбдірайымов
Фото::smartnews.kz

Менің білетінім – ата-бабамыздан қалған имам ағзамның мәсхабы. Соған сай діннің шарттарын ақсақалдарымыздан естіп өстік. Мен білетін сол қариялар сақалын күзеп, түзеп әдемі етіп қоятын еді. Ал жан-жағына тарап кеткен, рең басын құртып тұратын сақалдың қажеті қанша?! Қазақстан Әбу Ханифа мәсхабына қарайтын болғандықтан, үй ішінен үй тігіп жүрген өзге ағымдарға тоқтам қою керек деп ойлаймын. Егер оған көнбейтін болса, әлбетте, заң шығару керек. Бір мешітте бір намазды түрлі етіп оқитындар бар. Осыны ретке келтіретін заң бізге де керек. Сұрай қалсаң, бәрі бір мұсылман баласымыз дейді. Сонда олар кімді алдап жүр?! Мысалы, Түркияда сүнниттердің және шейіттердің мешіті деп бөлінеді екен. Бір-біріне кедергі келтіріп, тартысқа түспеу үшін бізге де солай жасау керек сияқты. Әйтпесе, жұрттың миы ашып бітті.

Сақалдылар уағызды Үкімет үйіне барып айтсын. «Пара алғандар, ішіп жегендер, тозақтың отына өртенесіңдер» деп соларға айтқан жөн бе деймін. Күнін әрең көріп жүрген халықты «күнаһарсың» деп қорқыта берудің қажеті жоқ. Мықты болса, ата-бабамыздан қалған мұсылмандықтың мұрасын бұрмалап, адасып жүргендерді бір мәсхабтың заңына жұмылдыруға тырыссын. Қарапайым халық онсыз да жұма намазға барып, ауызашарларын беріп, ауыздарын бекітіп жүр.

Мен бір қызық айтайын. «Қыз Жібек» фильмінде жоңғарлармен соғыс нәтижесінде қазақ жауынгерлерінің қынадай қырылып қалатын тұсы бар. Сонда еңсесі түсіп отырған Төлегенге Бекежанның: «Мұңайма, Төлеш! Ел мен жер үшін соғыста өлгеннің бәрі шейіт», – дейді. Дінге қарсы тұрған Кеңес үкіметінің тұсында осындай туынды жазып кеткен Ғабеңнің (Ғабит Мүсірепов – ред.) әруағына бас иемін. Ал отанын сатып, әке-шешесін жылатып, Сириядағы соғысқа кеткен адам қалай шейіт болады. Мен осыны түсінбеймін.

Нұрлан Әлімжан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, әнші-композитор:

                                        Сақалдан қорқудың қажеті жоқ

Әлімжан
Фото: stan.kz

– Біздің елде сақалдан басқа да шешімін табуға тиіс мәселелер көп. Бұрынғылар «ердің көркі – сақал» деп текке айтпаса керек. Сондықтан сақал қою-қоймау әркімнің жеке басының таңдауы деп білемін. Оның үстіне біз демократиялы әрі зайырлы мұсылман елміз.

Діни тұрғыдан алғанда Діни басқармаға тікелей бағынуға тиіспіз. Ал сақалға бола заң шығаруды қажет деп санамаймын. Тек адамдардың ұстанған бағыты мемлекетке, қоғамға зиянын тигізбесе болды.

Сақалсыз жүріп те бүлік шығаруы мүмкін. Әйел болып киініп алып та бомба тастап жіберуі ықтимал. Иман сақалда емес – жүректе. Сондықтан сақалдан қорқудың қажеті жоқ. Оданда бар күшімізді ұлтын сүйетін жастарды тәрбиелеу мен руханиятқа арнағанымыз жөн болар.

Мадияр Серікбаев, «Өнер қырандары» театрының жетекшісі:

                                        Сау болыңыз...

Серікбаев
Фото:әлеуметтік желіден

– Өзбекстанда қолданысқа енген ол заңнан хабарым жоқ. Сондықтан оның жөнін білетін адамдардан сұрамасаңыз, мен тарқатып ештеңе айта алмаймын. Сау болыңыз!

Бекжан Тұрыс, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:

                                     Маған ата-бабамның айтып кеткені қымбат

Қайраткер
Фото: ғаламтордан

– Өзбекстан сақалға тыйым салу арқылы әсіредіншілдікпен күресуге ұмытылған болар деп ойлаймын. Жат ағымға жол бермеу бізге де керек. Дегенмен, бізде шаш ал десе, бас алатындар бар. Сондықтан сақал қойғанның бәрін қаралауға келмес. Діннің сенім екенін пайдаланып, басқа ағымдарды алып келіп жатқандар бар.

Маған қазіргілердің уағызынан гөрі, кешегі тізесін бүкпей, тік тұрып өлген ата-бабаларымның айтып кеткені қымбат. 

Қазақ ұрпағын ұят болады, жаман болады, обал болады деген үш сөзбен-ақ тыйған. Мұның астарында тұнып тұрған тәрбие жатыр.