ПУТИНІҢ Қазақстанға сапары: ГААГА сотын қайтеміз?

УТИН күзде Қазақстанға келмек. Бұл жайт Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Дәурен АБАЕВ пен Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей ЛАВРОВТЫҢ кездесуінде мәлім болды.
Көрші елдердің басшыларының күн құрғатпай кездесіп, екі ел арасындағы түйткілдерді дер кезінде шешіп отырғаны – құптарлық жағдай. Десе де, қоғам арасында Ресейдің агрессиялық сыртқы саясаты дүйім елді қатты тіксіндіріп отырған жайы бар. Оның үстіне, Кремль қожайынын халықаралық қауымдастық «әскери қылмыскер» деп есептейді. Оны тұтқындау туралы Гаага сотының арнайы шешімі де бар.
Алайда Қазақстан мен Ресей Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ және өзге де интеграциялық құрылымдар арқылы қарым-қатынас орнатып келеді. Ең жақын серіктес елдер.
Путиннің Қазақстанға сапарында қандай мәселелер талқылануы мүмкін? Сапардың салдары қандай болады? Қазақстандық сарапшылар NEGE-ге бұл жөніндегі болжамын бөлісті.
Қазбек БЕЙСЕБАЕВ, дипломат, саясаттанушы:
Гаага сотын АҚШ-тың өзі де мойындамайды
– Путин Қазақстанға шекаралық ынтымақтастық мәселесімен келе жатыр. Бұл шара екі жыл бұрын жоспарланып, бекітілген. Екі мемлекет басшылары арасындағы кезекті кездесу ғана. Не бізде, не Ресейде өтеді. Бұрын мұндай басқосу Омбыда да, Орынборда да болды. Павлодар мен Қостанайда да өтті.
Біз Ресеймен Еуразиялық экономикалық одаққа кіреміз. Ресей – серіктесіміз. Саясатымыз бірдей болмаса да, халықаралық ұстанымдарымыз өте жақын деп айтуға болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы қарым-қатынасты «эталонды» деп бағалады.
Бұдан өзге екі ел арасында шешімін табылмаған мәселелер бар. Біз қазір Ресейден электр қуатын алып отырмыз. Қазақстан үшін өте күрделі мәселе – су тапшылығы. Шындықты айту керек, елімізге су жетпей жатыр. Су қоры Ресейде мол. Қазақстан тарабы сол мәселені де көтеруі мүмкін. Екі ел арасындағы ынтымақтастық, экономикалық мәселелер қозғалады. Біздің Ресейден сұрайтын нәрселеріміз көп. Ресей де өз талаптарын қояр.
Гаага соты. Фото: ғаламтордан
Рас, Гаага сотының Путинді тұтқындау туралы шешімі бар. Бірақ бұл халықаралық сотты көпшілік мойындамайды. Тіпті, АҚШ-тың өзі де. Басқа мемлекеттердің ешқайсысы да Путинді тұтқындамайды. Өйткені, Ресей – әлемдегі екінші орында тұрған ядролық держава. Сот шешімі – тек қана саяси шешім.
Ал Путиннің сапары бұрыннан жоспарланған, келісілген. Екі ел арасында талқыланатын мәселе көп.
***
Серік БЕЛГІБАЕВ, саясаттанушы:
Қазақстан мен Орталық Азия геосаяси құрсауда қалды
– Путин неге сапарлап келе жатыр? Тараптар мынаны талқылады, ананы талқылады деген хаттамалық сөйлемдерді айтпағанда, қазір екі ел басшыларының арасында көп мәселе бейресми түрде талқыланады. Жабық шешімдер авторитарлық елдер үшін әдеттегі нәрсе. Мәселен, Кеден одағына кіру мәселесі де қоғам ішінде талқыланған емес. Бәрі ПУТИН мен НАЗАРБАЕВТЫҢ жабық кездесуінде шешілді.
Десе де, бұл сапарда не сөз болатынын қосалқы оқиғаларды индикатор етіп, топшылауға болады. Айталық, Қырғызстанның саяси бағыты күрт өзгерді. Садыр ЖАПАРОВПЕН арада жасалған келісімдерден кейін бұл ел ресейшіл мемлекетке айналды. Ресейдің алдында тұрған қазіргі басты міндет – Орталық Азия мемлекеттерін өз жағына тарту. Өйткені, Украинаға қарсы агрессиясынан, соғыстағы сәтсіздіктерінен кейін бұл мемлекеттер Ресейге сақтықпен қарай бастады. «Ресей интеграцияны бұрынғыдан бетер күшейте түспек» деп күдіктенеді. Бұл елдердің басшылары мұны қаламайды. Әсіресе, Ресейдің жетегінде кетіп, соғысты қолдайтын ресейлік жобаға қатысқысы келмейді. Себебі, батыс санкциясының астында қалатынын түсінеді. Бірақ олар Ресеймен ынтымақтастық орнатуға мәжбүр.
Ресей билігі ықпал аймағын құруға ұмтылып жатыр. Бірақ көп бастамаларының ешқандай мәні жоқ. Путин сапарының нәтижесін іске асқан кезде ғана білуіміз мүмкін. Сондықтан қазір тек долбар мен болжам айтуға ғана болады.
Ресей соғыс кезінде белгілі бір одақ немесе батысқа қарсы бағыттағы елдердің коалициясын құруды көздейді. Қытай және Иран елдерімен келісімдер жасауға әзір. Әсіресе, Иранмен белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр. Ресей, Қытай және Иран елдері біздің аймақты қоршап тұр. Ал объективті себептерге байланысты Ауғанстан арқылы транзит әзірге мүмкін емес. Қазақстан мен Орталық Азия геосаяси құрсауда қалды.
Путиннің сапарынан кейін ахуал түбегейлі өзгереді деуге келмес. Қазір Қазақстанның ұстанымына келсек, агрессияға қатысты Ресейден өзін алшақ ұстағысы келеді. Америкалықтармен, еуропалықтармен келіссөз жүргізіп жатыр. Салмақты бағыт ұстанып отыр. Бұл жоғары биліктің әрекетінен көрінеді. Яғни, Тоқаевтың, оның төңірегіндегілердің және Назарбаев элитасына тиесілі ресурстарды, қаржы ағымдарын алып жатқандардың әрекетінен. Олар қазір меншікті алу және баю науқанын жүргізіп жатыр. Олар осы дүние-мүліктерді Ресейге сатуда. Мәселен, уран кешендерін.
Фото: ғаламтордан
Мұны Ресейдің талабымен жасады. Ресейліктер онысын жасырып жатқан да жоқ. Путинмен кездескенде ресейлік уран өндіруші компания өкілі Ресейдің басшысына осы мәмілеге ықпал еткені үшін алғысын ашық білдірді. Қазақстанның мемлекеттік билігі формалды түрде Ресейден алшақтап жатыр. Ал екінші жағынан Ресеймен жақындаса түскені байқалады. Бұл екі үрдістің қайсысы басым түсетіні Қазақстанның өзіне байланысты.
Бұдан бөлек, газ одағы бар. Ресейде орасан зор газ жинақталып қалды. Еуропаға газ сату тоқтады. Мұншама көп газды енді бір жаққа өткізу керек. Газ одағы арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның ішкі тұтынуын қамтамасыз ете отырып, Қытайға жеткізуді көздейді. «Путин Қазақстанға неге келе жатыр?» деген сұрақтың жауабы осы.