Президент көтерген мәселе: Әскерде НЕГЕ тәртіп жоқ?
Әскердегі әлімжеттік – қай кезде болмасын барша халықты алаңдататын мәселе. Әсіресе, соңғы жылдары «Отаныма қызмет етемін» деп кеткен жауынгерлердің кейбірі мүгедек болып қайтып жатыр, жабық табытпен келгендері қаншама?! Соңғы 10 жылда 220-дан астам сарбаз суицид жасаған…
Әскери қызмет туралы заң не дейді?
Қазақстандағы әскери қызмет – бұл мемлекеттің тәуелсіздігін, территориялық тұтастығын және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды аспект. Әрбір қазақ жігітке Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскери қызмет мемлекет алдындағы парыз болып саналады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әрбір азамат өз елінің әскери қызметін орындауға міндетті. Бұл борыш «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» заңымен реттеледі.
Қазақстанда әскери қызметтің екі түрі бар: Біріншісі – міндетті әскери қызмет: 18 бен 27 жас аралығындағы барлық ер азаматтар әскери қызметке шақырылып, 12 айдан 2 жылға дейін отан алдындағы борышын өтейді.
Екіншісі – шартты әскери қызмет: бұл әскери қызмет түрі азаматтармен қол қойылған шарт арқылы өз еріктерімен жүзеге асырылады. Шарт негізінде әскери адамның қызмет мерзімі, міндеттері, жалақысы және басқа да міндеттер көрсетіледі. Шартты қызметпен жұмыс істеп жатқан әскери қызметшілердің жалақысы тәуір және мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік кепілдіктері кеңірек.
Қазақстанның Қарулы Күштері — Қазақстан Республикасының әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердiң түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әскери оқу орындары мен ғылыми мекемелердi қамтиды. Қарулы күштердің Бас қолбасшысы – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Қазіргі Қорғаныс министрі – генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Соғыс уақытында құрамына қорғаныс министрлігіне қарайтын әскер түрлерiнен басқа Ішкi iстер министрлігінiң iшкi әскерлерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi және басқа да әскерлерi, республикалық «Ұлан», азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кiредi.
Елімізде төрт әскери қолбасшылық өңір бар: «Астана» өңірлік қолбасшылығы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы.
Әрбір өңір гвардиялар мен бөлімдерге бөлінеді. Республика бойынша 40 әскери бөлім бар. Әрбір бөлім шекараны қорғап, сарбаздардың әскери қызметтерін жүзеге асырады. 2023 жылғы статистикаға сәйкес, Қазақстан әскери қарулы күштері жағынан әлем бойынша 63 орында.
Әскерде өлім-жітім НЕГЕ көбейді?
Айдын-күннің аманында, ешқандай соғысқа қатыспай-ақ сарбаздар мүгедектер арбасына таңылып немесе табытпен қайтып жатыр. Неге? Заң қайда? Тәртіп қайда?
Гүлмира Ұзақбаева 9 ай бұрын Астанадағы әскери бөлімге борышын өтеуге кеткен баласының қорлық пен азап көргенін айтады. Әскерге бара сала, бала анасына хабарласып, таяқ жегенін, басқалар оны зорламақ болғанын жеткізген. Анасы қазір ұлын ауруханадан ауруханға сүйреп жүр...
Жақында теңіз жаяу әскерін дайындайтын бөлімде командир қатардағы бес жауынгердің басынан орындықпен аяусыз ұрған. Сондағы сылтау – командирдің атын дұрыс айтпау, сапқа кешігіп келу немесе сөз қайтару. Кейіннен командир мен оның орынбасары қызметтен шеттетіледі. Бірақ бұдан жағдай оңалып кеткен жоқ. Бұл оқиға таспаға түсіп қалғандықтан ғана жария болды, әйтпесе жария болмаған осындай оқиғалар қаншама?!
Қатардағы сарбаз Ербаянның оқиғасы мүлдем сұмдық жайт. 2023 жылдың 27 мамырында Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне 21 жастағы Ербаян Мұхтар борышын өтеу үшін әскерге қабылданған. Төрт айдан кейін ата-анасы баласын ес-түссіз күйде көрді. Ербаян мүгедек боп қалған. Басының бір бөлігін алып тастаған. Ас-суын өзі іше алмайды, өздігімен қозғала алмайды. Он екі мүшесі сау кеткен өрімдей жас бүгінде төсекте таңылып жатыр. Әскери басшылықтың сөзінше, сарбаз унитазға басын абайсызда ұрып, осы жағдайға тап болған-мыс.
Ал анасы былай дейді: «Істі жылы жауып қою үшін 25 миллион теңге ұсынды. Біз баламыздың тағдырын сатпаймыз, аяғына дейін апарамыз! Баламның құр сүйегі мен терісі ғана қалған, егер абайсызда болса, бір-ақ жері жарақат алатын еді, басының үш жерінде ауыр жарақаттар бар».
Қайырымды халықтың арқасында Ербаянның еміне 218 миллион теңге жиналды, бірақ сарбаздың орнынан тұрып кететініне ешқандай кепілдік жоқ...
Ана үшін баланың тауқыметін тартқаннан өткен қасірет жоқ. Әскерде жұмбақ өлім көбейіп барады. Сарбаз суицид жасады ма, әлде оны өлтірді ме, бұл жағы жұмбақ. Сержан Оңғаров, Нұрғасыр Темірбеков, Досымжан Сәлімжан, Әлібек Қалбай, Алмас Шахимов, Бекбол Мираш, Өсербай Ақан... Соңғы 2-3 жылды ғана алғанда тізімді осылай жалғастыра беруге болады.
«Жігіттерден еркектік қасиет кетіп барады»
Бір жыл бұрын әскери борышын өтеп келген Сұлтанды (есімі өзгертілген – ред.) әңгімеге тарттық.
– Семей қаласында бір жылдай әскери борышымды өтеп келдім. Әскерде әлімжеттік деген не себепті болады? Әскерге дейін ата-анасына қарсы шығып, сөз қайтарып, үлкендердің сөзіне құлақ аспағандар әскерге келген соң сержанттың сөзін тыңдағысы келмейді. Бәленің бәрі осыдан шығады.
Әскерде тәртіп деген нәрсе бар. Тәртіпке бағынған адам ешқашан құл болмайды. Егер сержанттың айтқанын істеп, жаса деген жаттығуларын жасап, дисциплинаға үйренетін болсаң, ешкім әлімжеттік көрсетпейді. Командир бәрібір өз айтқанын істеді, ал оған бағынбасаң, арты таяқ жеумен аяқталады.
Қазір жігіттерден еркектік қасиет кетіп барады. Ата-аналар балаларын әбден еркелетіп жіберген. Айтқанды тыңдамайды, білгенін істейді, еркелейді. Әскерде борыш өтеу оңай емес. Ол жерде сені ешік еркелетіп отырмайды. Көп жағдайда ерке-тотайлар шыдамай, суицид жасайды.
Менің ойымша, әлімжеттік дегенде ең алдымен әскерт тәртіп туралы айту керек. Жауынгерлері тәртіпті әскери бөлімде әлімжеттік болмайды, – дейді ол.
«Әскерде қырсық, тоңмойын, жалқаулар таяқ жейді...»
Алматы қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде борышын өтеп жатқан қатардағы сарбаздарды сөзге тартып көрдік. Қазақстанның әр түпкірінен келген сарбаздар әскерде әлімжеттік бар екенін жоққа шығармайды. Бірақ олар «бәрі өзіңе байланысты» дегенді айтты.
– Әскерде кімдер таяқ жейді? Командирдің бұйрығына бағынғысы келмеген қырсық, тоңмойын, жалқаулар таяқ жейді. Содан кейін «әскерде бәрі жаман» деген әңгімені солар таратады. Тәртіпке бағынып, дұрыс жүріп дұрыс тұрсаң, сенде ешкімнің шаруасы жоқ. Әрине, көптің ортасынан тентектер шығады, бірақ әскердегі күштінің бәрі өзінен әлсізге күш көрсетеді деуге болмайды, – дейді сарбаздардың бірі.
Жауапты адамдар не дейді?
Әскерде әлімжеттік бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал енді мұны тоқтатуға бола ма? Әбден болады. Ол үшін темірдей тәртіп пен қоғамдық бақылау керек.
Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаметінің бастығы Тілеухан Басқожаев былай дейді: «Қазір «ананың көзімен баланың әскери қызметі» деген үлкен ауқымды акция жүріп жатыр. Оның аясында барлық ата-аналар керек кезінде Қарулы күштерден ақпараттар ала алады. Сонымен қатар, аптасына екі рет бейнеқоңырау арқылы сарбаздар отбасымен сөйлесуге толық құқылы. Ата-аналар киім, тамақ сапасын қадағалай да алады».
Президенттің сыны
Кеше Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда әскердегі жайттар мен сарбаздардың қауіпсіздігіне қатысты айтты.
– Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет.
Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», – деді.
Түйін
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың сөзіне сенсек, әскерде бәрі жақсы, бәрі тамаша. Бірақ «бәрі жақсы, бәрі тамаша» емес екенін Президенттің өзі меңзеп отыр. Сондықтан да ендігі жерде бейбіт күнде өлім құшқан, мүгедек болған сарбаздардың обалы Қорғаныс министрі Р.Жақсылықовтың мойнында.
Аружан АСҚАРҚЫЗЫ, Ақпараттық технологиялар университетінің 2-курс студенті.