27 Тамыз 12:24
...

Праймериз: «Көлеңкемен төбелес»

Фото:

Праймериз аса таңсық жайт емес. Сайлау алдында партиялар ішкі сайлау өткізіп, саяси додаларға тас-түйін дайындық жасау – демократиялық елдердің саяси дәстүрінде бар дүние. Саяси мәдениеттің бір көрінісі. Яғни, көсемдері ұнаған адамын монархтарша тағайындай салмайды. Партияға кіріп, бір идеология төңірегінде бас қосқан адамдар лайықты үміткерлерге дауыс беріп, іріктей алады. Қарапайым партия мүшелерінің пікірі ескеріледі деген сөз. Мұның бір жақсы жері – осы.

«Нұр Отанға» келсек, билік партиясы алғаш рет осы саяси тәсілді қолданып отырған жоқ. 2016 жылы мәслихатқа үміткерлерді праймериз арқылы електен өткізген. Тек ол кезде дақпырты, насихаты қазіргідей алапат болған жоқ. 340 мың нұротандық ың-шыңсыз қатысқан. Бұл жолғы Мәжіліс сайлауының жөні бөлек. Праймериздің дабырасы көп. Айғайға сүрең қосушылар одан көп. Сонда да, алдағы мәжіліс сайлауынан гөрі осы праймериз көрігінің қызуы қаттырық болар түрі бар.

Неге дейсіз бе? Ойымызды тарқатып көрейік.

Жұрттың бәріне ұғынықты болуы үшін, сайлау мен боксты салыстырайық. «Олимпиадаға ел атынан кім барады?» деген сұраққа жауап беру үшін іріктеу ойындары өтеді. Кіл мықтылар қолғап түйістіріп, күш сынасады. Жеңгені жолдамаға ие болады. Праймериз дегеніміз – осы. Жеңген адам партия атынан дүбірлі додаға түседі.

Олимпиада – бұл Мәжіліс сайлауы. Кіл мықтылар атой салатын жер. Қазіргі заң бойынша, сайлауға тек партиялар ғана түсе алады. Ендеше, боксшы «Нұр Отан» олимпиада ойындарында (сайлауда) кіммен жұдырықтаспақ, кіммен бәсекеге түспек? Жаңа партиялар тіркелген жоқ. Ескілері кілең ақсақ-тоқсақ. Немесе «барып кел, шауып келмен» зыр жүгіріп жүрген қолбалалары. Оның үстінде, бақ сынап көрем деген бірді-екілі партияның өзі карантинде қамалып отырған жұртқа қалай үгіт-насихат жүргізбек?

Бокста «көлеңкемен төбелес» деген тәсіл бар. Ол жаттығу кезінде жасалады. Ешқандай қарсылас болмайды. Бәсекелесіңнің бейнесін, қимыл, қозғалысын көз алдыңа елестетіп, қорғанасың, соққы жаудырып, төмпештей бересің. Соққыны ауаға жасайсың. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, електен өткен мықты боксшы финалда. Елдің туы көтеріліп, рингке бір боксшы шығады. Қарсыласы жоқ. Үш раунд бойы «көлеңкесімен» төбелеседі. Ауаны олай да соғады, былай да соғады. Гонг. Жалғыз боксшының қолы көтеріледі. Медаль тағылады. Қошемет. Ду қол шапалақ. Күлкілі ме? Иә. Біздің Мәжіліс сайлауының осылай өтер түрі бар.

Әрине, бұл әбүйірсіз тірлік. Одан да пәленбай жыл спортзалға бас сұқпаған, сыра қарын байлаған бірді-екілі боксшыға: «Екінші, үшінші орынды саған берем. Жарысқа қатыс. Рингке шығып, жұдырықтасқан боламыз. Көлеңкемен төбелесті ұмытпаған шығарсың. Басты ереже – осы», – деп келіскен әлдеқайда сүйкімді. Әсілі, алдағы сайлау осындай келісім бойынша өтер. Өткен сайлаулардың тәжірибелеріне қарағанда, осылай деп ұйғарым жасауға әбден болады.

Бізде сайлаулардың қалай өтетіні баршаға мәлім. Мұндай жағдайда праймериз өткізу – жай көштен қалмаушылық па (тренд), әлде, көзбояушылық па? Әлде «Нұр Отан», ғайыптан тайып, жаңа сапалық өзгерістердің қажеттілігін ұқты ма? Праймериздің дүбірі қатты, ендеше, бұл сайлау жақын деген сөз. Сонда, қашан? «Нұр Отанмен» бәсекелесуге қай партияның шамасы жетеді? Бұл сайлаудың өзге сайлаулардан басты ерекшелігі не болмақ? Сауал көп. Соларға берілер жауапты сарапшылардың еншісіне қалдырайық.

Елнұр Бейсенбай, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы: 

Өзімізді қамшылап жатырмыз

– Былтыр тамыз айынан бастап біз партиямызды қайта жаңғыртуды қолға алғанбыз. Праймериз – жақсы реформалардың бірі. Елбасының тікелей қолдауымен мықты лидерлерді қатарымызға тартып жатырмыз. «Мықты партия – мықты лидер» деген ұстаным арқылы партияның қатарында ойын ашық айта алатын, кез келген істі дөңгелетіп кете алатын, қолынан іс келетін парасатты азаматтар көптеп тартылып та жатыр. Өздеріңіз білетіндей, праймериз дегеніміз – партияішілік іріктеу. Алдағы өтетін сайлаудан бұрын өз ішімізде кіл мықтыларды анықтап, олардың тізімін жасақтап, саяси тұрғыдан өзімізді қамшылау, бұл.

Көп азаматтар мұны популистік идея деп ойлайды. Бірақ оған ешқандай негіз жоқ. Біріншіден, праймериз ашық түрде өтіп жатыр. Кез келген азамат партия мүшесі болып, осы праймеризге қатыса алады. Қатысу тәртібі толығымен жеңілдетілген. Мүше боласыз да, бақ сынайсыз.

Мәслихат та, Мәжіліс сайлауы да пропорцианалды жүйе бойынша өтеді. Яғни, партия пайыздық жүйе бойынша тізім ұсынатын болады. Партия ішінде де бұрыннан мүше болып келе жатқан, депутаттыққа түспеген, идеологиясын жүзеге асырып, жарнасын төлеп жүрген азаматтар көп. Оларға да бұл – үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда 8 000-нан астам азамат ұсыныс беріп, соның 7 000-ға жуығы тіркеуден өтті.

Праймериз де онлайн дауыс беру арқылы өтеді. Дауыс беру формасы ашық. Қосымшалар арқылы партия мүшелері дауыс береді.

2021 жылы наурыз айында қазіргі депутаттардың өкілеттік мерзімі бітеді. Заң бойынша, кезекті сайлау екі ай бұрын ұйымдастырылуы қажет. Менің ойымша, сайлау өз уақытында өтетін шығар. Бұл сайлаудың ерекшелігі – пропорцианалды жүйеде. Бұрын мәжіліске ғана қатысты болса, қазір мәслихат та осы жүйемен сайланады. Бәйгеге жеке азаматтар емес, партиялық институттар түсетін болады. Партия сол азаматтар үшін кепіл болады. Басын құрайды. Сол азаматтарды жауапты, сапалы жұмыс істейтініне бірден бір кепіл болып, жауапкершілік алады. Сайлаудың ерекшелігі осы.

Екінші ерекшелігі, біздің партияға келсек, 20 пайыз квотаны жастарға беріп жатырмыз. 30 пайыз квота әйел азаматтарға беріледі. Бұл – біздің партия 20 пайызға жасарады деген сөз. Праймеризге өтініш беріп жатқан жастардың үлесі – 25 пайыз. Біз сайлауға жастардың жаңа толқынымен барамыз.

Қазір тіркеліп, жұмыс істеп жатқан алты партия бар. Біздің басты бәсекелестеріміз солардың ішінен шығады деген ойдамын. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясына шын бәсекелес тудыру мақсатында, өз ішімізде бәсекелестік сатысын жасап жатырмыз. Ішкі сайлау өткізу арқылы алдағы сайлауға шыңдалып барамыз. 

Максим Казначеев, саясаттанушы:

Бәрібір шешімді партияның өзі қабылдайды

– Меніңше, праймериз өткізу  тек қана декоративті рөл атқарады. Праймериздің мақсаты – жалпы әлеуеметтік жағдай нашарлаған тұста билік партиясына назар аударту. Праймериз шеңберінде партия өзінің болашақ көшбасшыларын, депутаттыққа үміткерлерді көрсетеді дегенді алға тартады. Осылайша, соңғы бес жыл ішіндегі қарапайым азаматтардың партия қызметіне теріс көзқарасын жуып-шайғысы келеді. Бірақ праймериз үдерісі партия ішінде өтеді. Партия функционерлері өткізеді. Қарапайым азаматтардың қолдауына ие болады-ау деген қоғамдық пікірдің көшбасшыларын партия басшылығы мақұлдай қоймайды. Сондықтан олар партиялық тізімге өтпейді. Демек, «Нұр Отанның» праймеризіне назар аудармай-ақ қоюға болады. Қалай десек те, қарапайым азаматтардың пікірін елеместен, шешімді партияның өзі қабылдайды.

«Нұр Отанның» праймеризі 3 қазанда аяқталады. Әйтеуір, партия көшбасшысы осы күнді белгілеген. Шамамен, осы тұста сайлау науқаны басталады деп ойлаймын. Мәжіліс сайлауы әдеттегідей мерзімінен бұрын өтеді деп тұспалдаймын. Небәрі 2-3 ай қалғандықтан, жаңа партиялар тіркеліп, науқанға дайындалып үлгермейді. Тіркелген партиялар өзінің меншік иелерін өзгертіп, байыпты оппозициялық көзқарастағы сайлаушыларды тарту үшін, жаңа идеологиялық тетігін табуға ұмтылады.

Дос Көшім, саясаткер:

Бұл – демократияның декорациясы

– Барлық депутаттар праймериз арқылы өтпейді. Жартысын праймериз, жартысын жоғарыдағылар тағайындайды. Сондықтан мұны «праймериз» деп айтуға болмайды. Мен сараптамалық құжаттарды қарағанда, осыны көріп таңқалдым. Демек, жүз пайыз жаппай сайлау болмайды. Бұл – демократияның декорациясы ғана. Партия ішкі демократиялық принциптерді ұстанған сыңай танытып отыр.

Сайлау сәуірде өтуі мүмкін. Бірақ, менің ойымша, әділдік орнатқысы келсе, партиялар арасында жақсы бәсекелестікті көздесе, олардың халықпен кездесіп, жиындар, митингілер, үгіт-насихат жұмыстарын жасауына мүмкіндік беру керек. Біз төрт-бес айдан бері карантинде отырмыз. Сондықтан науқан төрт-бес ай әріге жылжытылуы тиіс. Қисыны осы. Онсыз «басқа партиялар неге жоқ?» дегенде биліктің қалай жауап беретінін білмеймін. Парламент уақытша өтпелі кезеңге арнап заң шығаруы керек еді. Немесе сайлауды кейінге қалдыру керек еді.

Сайлауға дайын басқа партияларды көріп отырған жоқпын. Карантин кезінде ол партиялардың жұмысына қалай баға беруге болады? Жасырын дайындалып жатқан топтар болуы да мүмкін. Билік саяси реформа жасаймын деп уәде бергенімен, нақты жасалған қадамдарды әлі көргенім жоқ. Тек «отыз пайыз – жастар, отыз пайыз – әйелдер» дегенді алға тартады. Мұндай квотаның өзі адам құқығын бұзатын жайт. Президенттікке түсетін адам бес жыл мемлекеттік қызмет атқаруы керек деген ережені бәріміз сынағанмен, сол күйі қалды. Тәуелсіз бақылаушылардың ұсыныстарының бірде-бірі қаралып, талқыланған жоқ. Партиялар туралы заң да сол. Бейбіт шерулер туралы заң ешқандай рәмкіге сыймайды. Мұның бәрін халық карантинде үйде қамалып отырғанда жасағаны мүлде ұят болды. Билік пен азаматтық қоғам арасы «Түлкі мен тырна» ертегісін еске түсіреді.

Тегтер: