6 Қаңтар 11:01

Зейнетақы қорындағы ақшаны қалай алуға болады?

Фото:

2021 жылдың басты жаңалығы – халық зейнетақы салымындағы қаражаттың белгілі бір бөлігін алып, қажетіне жаратуы болмақ. Бұған дейін талқыланған «Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдалану қағидалары» туралы заң жобасы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

Демек, жаңа жылдан бастап Қазақстанда шамамен 760 мыңдай азамат БЖЗҚ-дағы жинақтаушы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін жоғарыда аталған қажетіне ала алады. Алайда, көпшілік жұрт зейнетақы қорындағы жинаған салымын кімдер және қалай алу керегін түсіне алмай дал. Қыркүйек айының басында әр жастағы адамның қорда болуы тиіс «жеткілікті шек» белгіленді. Яғни, сол қорда қалатын соманың үстіндегі ақша ғана шешіп алынады. 
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың түсіндіруінше, «жеткілікті шек» – салымшының қордағы есепшотында қалуы тиіс жинақ ақшасының ең төменгі мөлшері. Ол болашақта салымшыны жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажет. Сондықтан салымшының есепшотында белгілі бір мөлшерде қаражаттың болуы шарт. Одан асқан бөлігін алуына рұқсат етіледі. «Жеткілікті шек» салымшының жасына қарай белгіленеді.

Зейнетақы қорындағы ақшасын кімдер алады?

БЖЗҚ-дағы жинақ салымы «жеткілікті шектен» асатын, жұмыс істеп жүрген азаматтар;
бұрынғы табысының (еңбекақы) кемінде 40 пайызына тең мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер БЖЗҚ-дағы қаражатының 50 пайызына дейін ала алады;
бұған дейін өзіне зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін де БҚЖЗ-да салымы қалған азаматтардың ол ақшасын толығымен алуға хақы бар.

Салымшының есепшотында қалуы тиіс «жеткілікті шек» мөлшері қанша? Министрліктің есебінше, 20 жастағы азамат үшін «жеткілікті шек» – 1 млн 720 мың теңге. Ал осыдан асқан қаражатын ол жоғарыда аталған мақсатқа пайдалану үшін БЖЗҚ-дағы есепшотынан ала алады.

Өзге жастағы адамдар үшін «жеткілікті шек» мөлшері төмендегідей:

30 жас – 2 млн 538 мың теңге;
35 жас – 2 млн 961 мың теңге;
40 жас – 3 млн 437 мың теңге;
45 жас – 3 млн 947 мың теңге;
50 жас – 4 млн 495 мың теңге;
55 жас – 5 млн 84 мың теңге;
59 жас және одан әрі қарай – 5 млн 586 мың теңге.

«Жеткілікті шек» қандай есепке негізделген?

Әр жастағы азаматтар үшін «жеткілікті шек» мынадай талаптарды ескере отырып бекітілген:
азаматты ең төменгі еңбекақы мөлшерінен кем болмайтын айлық зейнетақымен қамтамасыз етуге (инфляцияны есепке ала отырып);
өмір бойы зейнетақы төлеуге (азаматтар орташа есеппен 73,2 жыл өмір сүреді деп есептегенде, зейнетке шыққаннан кейін 22 жыл бойы) жететіндей болуы керек;
болашақта ең төменгі еңбекақыдан тұрақты (жылына 12 рет) төлеп тұратын зейнетақы жарнасы есепке алынады.
«Жеткілікті шек» азаматтың табысынан (ең төменгі жалақыдан кем емес) БЖЗҚ-ға ай сайын тұрақты түрде аударатын 10% зейнетақы жарнасын ескере отырып, 82 жасқа жеткенге дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен (38 636 теңге) кем болмайтын зейнетақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ақшаны қандай мақсатқа пайдалануға болады?

Салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақ есепшотындағы қаржысының шекті мөлшерден асқан бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беруге құқылы.

Бірінші мақсат – сіз өзіңізге жеке үй сатып алған кезде кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша толық есеп айырысу. Бұл сатып алу-сату шарты, үлестік қатысу, жекешелендіру, тұрғын үй-құрылыс кооперативіне үлестік қатысу, бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау туралы шарттар болуы мүмкін», – деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. 
Екінші мақсат – баспана алу үшін ипотека рәсімдеген кезде, зейнетақы қаражатын бастапқы жарна ретінде қолдану.
Үшінші мақсат – ипотекалық займ бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу. 
Төртінші мақсат – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы баспана алу үшін ипотекалық қарыз алу.
Бесінші мақсат – қайта қаржыландыру. 
Алтыншы мақсат – тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде ұсынылған сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті толық өтеу де қарастырылған.
Жетінші мақсат – үлкен сұранысқа ие. Бұл жағдайда клиент жеткілікі шегінен асатын өз жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу үшін жақын туыстарының пайдасына бере алады. 
 Сегізінші мақсат – емделу (көз аураларын емдеу және ота жасау, косметологиялық және стоматологиялық күрделі ем мен ота жасау). 

Салымшы ақшаны қандай тетік арқылы алады?

«Отбасы банкі» зейнетақы жинақтарын алуға өтініш беруге онлайн-платформаны бір-екі күнде іске қосуға дайын. Өтініш беру үшін тек жарамды ЭЦҚ болуы қажет. «Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, портал өте қарапайым болады. «Онда сіз өзіңіздің зейнетақы жинағыңызды қандай мақсатқа жұмсағыңыз келетінін айқындап, қолданғыңыз келетін сома көлемін белгілейсіз». 
БЖЗҚ-дағы жинақ қаражатының бір бөлігін емделуге пайдаланғысы келетін салымшы облыс, республикалық маңызы бар қаладағы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы арнайы комиссияға өтініш береді. Медициналық көмекке зәру екені туралы комиссия қорытындысын алып, емделетін клиниканы таңдағаннан кейін салымшы уәкілетті операторға («Отбасы банкіне») зейнетақы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін емделуге пайдалану туралы өтінішін тапсырады.

Салымшы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін (жаңадан салынған я пайдалануда болған үй немесе жер телімін сатып алу, ипотекалық қарызын қайта қаржыландыру немесе өтеу, өзіне тұрғын үй салу) зейнетақы жинағының бір бөлігін алуына болады. Салымшы зейнетақы жарнасының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жасқарту үшін алғанда уәкілетті оператор («Отбасы банкі») қызметін пайдалана алады.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін басқаруға бергісі келетін салымшы қандай жеке қаржы компаниясын таңдағаны жайлы БЖЗҚ-ға өтініш береді. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын уәкілетті орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады.

БЖЗҚ-дағы қаржының бір бөлігін салымшы туысының қажетіне жұмсай ала ма?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, салымшы зейнетақы жинағының бір бөлігін өзі немесе туысының (ата-анасы, бауыры, әпкесі, сіңлісі, қарындасы. т.б.) баспана жағдайын жақсартуға, емдеуге немесе өзге қаржы компанияларына салу үшін пайдалана алады. «Тұрғын үй мәселесі бойынша бір ғана шектеу болуы мүмкін: осы қаржыға сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайта сатуға болмайды», – деді Нұрымбетов.

Б.Нұрымбетов.

Алайда, әлі күнге бір мәселе белгісіз. Зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін жинақ иесі бір әке-шешеден туған туысқандарына, баласы мен немересіне берсе, әйеліне бере алмайды екен. Себебі, Неке және отбасы кодексінде ерлі-зайыптылар туысқан боп саналмайды. Осылайша, аталған заң арқылы жинақтағы қаржымызды біріктіріп ипотекамен үй аламыз немесе ипотекалық несиемізді жабамыз деп отырған отбасылардың үміті желге ұшты. Ең қызығы, сол ерлі-зайыптылар бірігіп ипотекаға үй алатын болса, отбасы мүшелерінің ішім-жемі мен киім-кешегіне кететін шығынға дейін есептейді, ерлі-зайыптыларды бір-біріне гарант етіп қояды. Ал енді жинақтағы ақшаларын біріктіріп баспаналы болайын десе, рұқсат етпейді. Неге? Бұл туралы «Отбасы банкі» төрағасы Ләззат Ибрагимова да журналистің осы түйткіл бойынша қойған сұрағына күмілжіп «бұл мәселені қарастырамыз» деп жауап берді. Демек, бұл тұрғыда заңды әлі де жетілдіре түсу керек сияқты.

Мақсат Сералы, экономист:

Бұл жоғары тап өкілдерінің ақшасын шығарып алу үшін жасаған механизмі сияқты

– Өтініш қабылдайтын платформа әлі іске қосылған жоқ. Басты оператор «Отбасы банкі» екені анық. Яғни, тек механизмі ғана бар. Сосын әр адам тұрғын үйінің алғашқы жарнасын құюға жұмсай алады. Бірақ бір отбасында тұратын адамдардың салымдарын біріктіріп алуға болады деді. Бұл жерде туындайтын сұрақ – алатын сомаға байланысты. Қаншама салымшының жинаған ақшасы «жеткілікті шекке» жетпеген. Мәселен, 35 жастағы азаматтар ақша алу үшін зейнетақы салымында 2 млн 961 мың теңге болуы тиіс. Осы ақшадан көп жинаса, соның үстіндегісін ғана алады. Халық осыны әлі түсінбейтін сияқты. Олар осы салымның жартысын алуға болады деп жүр. Ал «жеткілікті шек» сомасын жинаған азаматтардың саны көп емес.

Біздің еліміздегі жалақының мөлшерімен қарағанда зейнетақы қорына 35 жаста 2 млн 961 мың теңгені жинау қиын. Сондықтан мұның пайдасын жоғары жалақы алған жоғары тап өкілдері көруі мүмкін. Бірақ олар үшін ақшаны шешіп алу қаншалықты өзекті? Байқауымша, көбінің негізгі мақсаты – зейнетақы салымындағы ақшаны қалай да шығарып алу.

Бұл негізі – айналымдағы ақша. Оны шешіп алса, тұрғын үй, құрылыс нарығына экономикалық тұрғыда тиімді. Бірақ «Отбасы банкі» екінші қолданыстағы үйді алуға, жер сатып алуға мүмкіндік беруі керек. Өйткені, көп адамның жинаған қаражаты 14 млн тұратын бір бөлмелі пәтердің 50 пайызын құюға жетпейді. 35 жастағы азамат қанша туысының салымын қосса да, 7 млн-ға жеткізе алмайды. Кейбіреулер бар үйіне күрделі жөндеу жүргізуі мүмкін, жер алып, үй салатын шығар. Осы жағын да қарастырған абзал. Меніңше, бұл жоғары тап өкілдерінің зейнетақы қорындағы ақшасын шығарып алу үшін жасаған механизм сияқты көрінеді. Олар да үйін басқа біреудің атына аударып тастауы мүмкін. Әрқайсысын қадағалауға Зейнетақы қорының да, «Отбасы банкінің» де мұршасы да, мүмкіндігі де жоқ. 
Екінші, қарапайым экономикалық сауаты төмен халықпен тығыз қарым-қатынас орнамады. «Отбасы банкі» мұны өз қолына алып, түсіндіру жұмысын дұрыс жүргізуі керек. 

Мақсат Халық, экономист: 

Бұл жобадан білім саласы неге тыс қалған?

– 2020 жылдың күзінде зейнетақы қорындағы қаражатты 721 мың адам пайдалана алады делінді. Одан бері саны өскен шығар деп ойлаймын. Олардың бәрі артық қаражатты шешіп алуға мүмкіндігі бар десек те, үстіндегі шешіп алатын ақша көп емес. Одан бөлек халықтың басым бөлігінің ипотекалық несиесі бар. Ал үй сатып алу үшін алғашқы жарнасын құятындар шамамен 100 мыңның үстінде. Сондай-ақ, отбасында кімнің артық қаражаты болса, соны біріктіре алады. Мәселен, зейнетақы қорында 2,5 млн теңгесі болуы керек 30 жастағы азамат 3,5 млн теңге жинаса, үстіндегі 1 млн теңгені шешіп алады. Ал оның әйелі де солай жинаса, екеуі біріктіріп, 2 млн теңге алады. Осылайша, ипотекаға алатын үйдің алғашқы жарнасын құюына болады.
Жұрт әлі де болса түсінбей жүр. Мысалы, медицина бойынша қандай мақсатқа пайдалануға болатыны жайында Денсаулық сақтау министрлігі нақты мәлімет беруі керек еді. Тұрғын үй мәселесіне байланысты нақты шешімді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айтуы керек болатын. Әйтеуір «Отбасы банкі» жауапты болған соң Зейнетақы қорымен бірігіп, барынша әрекет жасауда. Бірақ сайттарына кірсек, толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ, ақпарат жеткіліксіз. Меніңше, бұл процесс әлі созылады. 

Тағы бір мәселе – бұл ақшаны неге білім саласына пайдаланбасқа? Ата-ана баласының оқуын неге төлемеске? Алдағы уақытта бұл мақсатты да тізімге қосу керек. Себебі, ең бірінші инвестицияны білімге құю керек.

Қазіргі кезде барлық басымдық баспанаға беріліп отыр. Қазақстан бойынша жылына 200-250 мың жаңа пәтер нарыққа ұсынылады екен. 100 мыңнан астам адам тұрғын үй сатып алады десек, биыл жылдағы сұранысқа тағы 100 мың адам қосылуы мүмкін. Бұл тұрғын үй нарығындағы бағаны қымбаттатуға әсерін тигізеді. Сарапшылар екіге бөлініп, бірі баспана бағасы жылдан жылға шарықтай береді десе, енді бірі зейнетақы қорынан үлкен көлемде ақша шешіп алатын 2021 жылы ғана өседі дейді. Жарнаманы тыңдасаңыз, «зейнетақы қорынан ақша келгенше, үй алып қалыңыз» деп жатыр. Олардың сөзінше, 760 мыңдай адам салымындағы ақшаны алса, үй бітіп қалатын сияқты.      

Тегтер: