20 Қазан 15:56

Мамин қашып кетті, ал Мусин «тұзаққа» түсті

Фото:

Бүгін  бір жарым жылдық үзілістен кейін Парламент Мәжілісінің отырысы БАҚ өкілдерінің қатысуымен офлайн форматта өтті. Бұған дейін ұстатпай келген Мәжіліс депутаттары мен министрлерді журналистер тарпа бас салып, қалаған сұрағын қоюға тырысты. Алайда Үкімет басшысы Асқар Мамин әріптестердің тұзағына түспей, сытылып кетті.

Үкімет басшысы оңай құтылғанымен «тұзаққа» ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин түсті. Сбер компаниясы бойынша сынның астында қалған министрді журналистер қауымы әбден терлетті.

«Сбербанктен басқа компаниямен жұмыс істеуге болмады ма? Аталған компания өзара соттасып жатыр» деген сұраққа министр банк пен компанияны шатастырмау керек екенін ескертті. Сондай-ақ ол технологиялық комапния ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай Қазақстанға бастапқы кодтарды беруге дайын екенін айтты.

«Біз соңғы 20 жылдың ішінде microsoft, oracle сынды талай бағдарламалардың лицензиясын сатып алдық. Сол бағдарламаны сатып алған кезде тек қана біздің азаматтар аталған программаның ішінде жұмыс істейді. Осы технологияны алатын болсақ, біздің азаматтардан басқа ешкім жұмыс істемейтін болады. Бұл жұмыстар біздің ІТ мамандарының көмегімен жасалатын дүние. Бұл – бір. Екіншіден, бастапқы кодтарды беру біздің талап емес. Заңда көрсетілген талаптардың бірі. Бүгінгі таңда бастапты кодтарды беруге ынталы платфорамалар әлі кездескен жоқ. Сондықтан да осы платформамен жұмыс істеу талқыланып жатыр.

Негізі «біздің деректер басқа мемлекеттің бақылауында болады» деген сөз дұрыс емес. Өйткені бүгінгі таңда біздің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мүмкіндігіміз бар. Бастапқы кодтарды алып, өзіміздің серверлік ресурстарымызда ақпараттық жүйені қалыптастырып, Еговты үлкен деңгейге алып шығуға бет бұрып жатырмыз, – деді министр.

Еліміз цирфлық саясат бойынша Ресейден оқ бойы озық тұрса да, неге көрші елдің көмегіне жүгініп отыр? Қазақ елі Оңтүстік Корея секілді дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне неге сүйенбейді?

«2012 жылы Грузияда болғанда аталған ел мемлекеттік қызмет көрсету жағынан алғашқы 20 елдің қатарында болған жоқ. Бірақ біз ХҚКО-ын арнайы сол жақтан алып келдік. Себебі ол жақта халыққа қызмет көрсету орталықтары жақсы болды. Платформалық жүйеге көшу деген Ресейдің технологиясын алып келу деген сөз емес, ол –тәжірибе. Бұл жөнінен Сбердің тәжірибесі жақсы. Ең бірінші кезекте Қазақстан тарапының талап етіп отырған ақпараттық қауіпсіздік мәселесі шешіліп, бастапқы кодтар берілсе ғана көшіру жұмыстары басталады», – деді ол.

Сбер дауынан кейін Бағдат Мусин еліміздің телефон коды +997 нөміріне ауысады деп сүйіншілеген болатын. Алайда министрдің бұл жаңалығына 1999-2001 жылдары Көлік және коммуникация министрі болған Серік Бүркітбаев қуана қоймады. Себебі ол Қазақстанды +7 аймағында қалдырып, қасиетті екі санды +77 телефон кодын сақтап қалу үшін қыруар еңбек еткен көрінеді. Алайда Бағдат Мусин экс-министрдің өзіне сын айтты.

С.Бүркітбаев пен Б.Мусин.

«+997  мәселесі, ең біріншіден, құқықтық мәселе. «Біздің 7 деген сан киелі еді, жағымды, жақсы сан еді» деген емес. Мәселеге құқықтық жағынан қарау керек. Құқықтық жақтан қарасақ, Ресей федерациясы мен Қазақстанның арасында 2006 жылы қабылданған келісімшарт бар. Аталған келісімшарттың 11-бабында 6 айдың ішінде бізге олар сол келісімшарттан бас тарту мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы Ресей тарапы бізге 6 ай ішінде хат жазып, «бас тартамын» десе, біз ештеңе істей алмаймыз. Ал 6 айдың ішінде басқа нөмірлік ресурсқа көшу мүмкін емес. Сондықтан біз халықаралық ұйымға жүгініп, +997 деген кодты резервке қойдық.

Бірақ Ресей тарапымен қазір сол келісімшартты өзгерту бойынша және 11-бапты алып тастап, басқаша шешім қабылдауға жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл шешімнің екі жолы бар. Ресей тарапы екінші +7-ден бас тартып, халықаралық ұйымға хат жіберуі керек. Егер Ресей +7-ден бас тартса, Ресей емес, халықаралық ұйым ол кодты бізге бере алады.

Бұрынғы министрлердің жұмысын сынағым келмейді. Бірақ соңғы 30 жылда телефон кодын ауыстыру мәселесінде ілгері жылжымадық. Сондықтан мен өзіме жүктеме алып, келешек ұрпақ осындай мәселемен Ресейге барып келіссөз жүргізбесі үшін осы қазір көтеріп жатырмын. Өйткені бұл келсімшарт ратификациядан да өтпеген. Жалпы біздің екі елдің байланыс әкімшілігінің арасында  ведомствоаралық келісім-шарт бар. Алты айдың ішінде бізге хат жіберсе, аталған келісім-шарттан бас тарту мүмкіндігі қарастырылған. Сондықтан менің көтеріп жатқан мәселем киелі нөмірді сақтап қалмай, басқа нөмірге көшу емес. Құқықтық мәселе», – деп түсіндірді министр.

Бағдат Мусиннің сөзінен түсінгеніміз +997 телефон кодынан Қазақстан амалсыздан көшіп отырған секілді. Естеріңізде болса, 1991 жылдың 12 желтоқсан күні КСРО-дан Ресей бөлінген соң Қазақ елі 16 желтоқсанда Тәуелсіздігін жариялаған болатын. Тап сол секілді +77 кодынан Ресей қуып шыққан тәрізді. Министрдің сөзін басқаша қалай түсінуге болады?

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: