26 Қаңтар 20:16

Құқық пен саясат: Жовтистің ұйымы неге уақытша жабылды?

Фото:

Елімізде бірқатар құқық қорғаушы ұйымдардың қызметі тоқтады. Ресми түрде, салық органдары үкіметтік емес ұйымдардың жұмысынан кілтипан тауып, әкімшілік айыппұл салып отыр. 

Атап айтқанда, Евгений Жовтис басқаратын Қазақстанның адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюродан өзге, Амангелді және Айна Шорманбаевтардың «Халықаралық құқықтық бастамалар», Павел Лобачевтің «Эха» ұйымы да қызметін уақытша тоқтауға мәжбүр. Жовтистің пікірінше, мұның астарында саясат тұр. Бұған Беларусь пен Ресейдегі жаппай шерулер түрткі болуы мүмкін.

Ақиқаты қайсы? Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдарға билік неге шүйлігіп отыр? Мұның астарында шынымен де үлкен саясат жатыр ма? Бұл сауалдарға сарапшыларымыз жауап іздеді.

Мақсат Ілиясұлы, заңгер:

Билік өзіне қиындық тудырып жатыр

– Құқық қорғаушы ұйымдар қашанда керек. Жовтистің ұйымы – кеше аяқ астынан құрылған ұйым емес. Қанша жылдан бері қызмет атқарып келеді. Тәжірибесі мол. Аты да, заты да дардай жақсы ұйым. Әзірге уақытша тоқтатылды. Қазіргі саяси ахуалда «адамдар соларды қолдап кетеді, болмаса, адамдарды алаңға шығарады» деген биліктің қорқынышынан туындап жатқан шығар. Сондықтан бір қорқытып, тұқыртып алайын деген шығар.

Бұл – адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйым. Сондықтан мүлдем жауып тастауға биліктің дәрмені жете қояр ма екен? Қазақстан қаншама халықаралық құжаттарды бекітті. Соның үшінде адам құқықтары жөніндегі пакті де бар. Сондықтан біржола жаба қоймас. Бірақ белсенділігін бәсеңдету үшін қысым көрсеткен болар.

Адам құқықтарын қорғайтын ұйымдарға қысым жасап, қызметін тоқтату арқылы  билік өзіне қиындық тудырып жатыр. Өйткені, халықаралық ұйымдар мен демократиялық елдердің Қазақстанға қысымы күшейе түседі.

Максим Казначеев, саясаттанушы:

Шетелдік ықпал агенті қызметін атқарып келді

– Менің түсінгенімше, бәр гәп мынада. Құқық қорғаушы ұйымдар шетелдік демеушілермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бірінші кезекте, АҚШ-пен. Осылайша, Қазақстанның саяси алаңында шетелдік ықпал агенті қызметін атқарып келді. Бұрын билік бұған көп назар аудармай келген. Енді қазіргі жағдайда – әлемдік державалар арасындағы геосаяси бәсекелестік ушыққан кезде, Қазақстанның аумағында шетелдік құрылымдар мен ықпал агенттерінің болуы дұрыс емес деп шешім қабылдап отыр. Сондықтан бұл құрылымдардың қызметі уақытша тоқтатылды.

Марат Шибұтов, саясаттанушы:

Бұл – біздегі бюрократияның көрінісі ғана

– Былтыр мен осы аталған үкіметтік емес ұйымдардың отырыстарына қатыстым. Сол кезде салық органдарының бастапқы қойған талаптары жөнінде талқыланған. Шынымды айтсам, маған салықшылардың айтқандары негізді болып көрінді. Мұның астарынан ешқандай саясат көріп отырғаным жоқ. Расында, бәрі мағынасыз әрекеттер. Бұл – біздегі бюрократияның көрінісі ғана. Басқа ештеңе емес. Ауыр айыппұл салып, қызметін тоқтатып, жазаға тартатындай да соншалықты заң бұзушылық жоқ.  Менің ұстанымым – осы.

Тегтер: