25 Сәуір 12:23

Су тасқыны: Үйін өз күшімен қалпына келтіремін деген азаматтарға өтемақы төлеудің бөлек жолдары қарастырылады

Құлсары қаласы
Фото: Фото: из открытых источников

Үйін өз күшімен қалпына келтіремін деген азаматтарға өтемақы төлеудің бөлек жолдары қарастырылады, деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында.

Астана, NEGE. «Азаматтар экономикалық әлеуеті зор және экологиялық ахуалы жақсы елді мекендерден баспана алып немесе үй салып, қоныс аудара алады. Қауіпті жерде орналасқан елді мекендерді көшіру туралы шешім тасқын судан зардап шеккен әрбір отбасының пікірін ескере отырып, жан-жақты ойластырып қабылданады. Үйін өз күшімен қалпына келтіремін деген азаматтарға өтемақы төлеудің бөлек жолдары қарастырылады. Ең бастысы, қаражат баспананы жөндеуге жұмсалуы керек. Шығынды өтеу және мүлікті қалпына келтіру туралы өтінім беру үдерісі цифрлық форматта жүзеге асырылады.

Әрбір елді мекен жұртқа жәрдем беруге ниет білдірген ірі кәсіпкерлерге бекітіліп беріледі. Сонда олар өздері бөлген қаржының қайда жұмсалып жатқанын нақты көре алады. Тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысын өзім жеке бақылауға аламын.

Қарғын судан зардап шеккен адамдардың несиесін төлеу мерзімі үш айға дейін шегеріледі. Сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты төлем уақытын өткізіп алған борышкерлерге айыппұл және өсімпұл салынбайды. Бұдан бөлек, мемлекет табиғат апатынан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне, су шайып кеткен аудандардағы шаруаларға қолдау көрсетеді.

Атап айтқанда, осы өңірлердегі кәсіпкерлер мен шаруалардың несиесіне және лизинг төлемдеріне қатысты пайыздық өсімді төлеу мерзімі кейінге шегеріледі. Сондай-ақ егіс науқанын уақтылы және ойдағыдай өткізу үшін диқандарға қажетті көмек беріледі. Тағы да қайталап айтамын: осы қиын-қыстау кезде ешкім ескерусіз қалмайды. Мемлекет барлық міндеттемесін толық орындайды», – деді Тоқаев.