Экстремизм мен лаңкестікпен күрестің түрі мен сипаты өзгеруде
ХХІ ғасыр жаһандық ынтымақтастықтың ғана жаңа дәуірі болып
қана қоймай, әлемдегі экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрестің де түрі мен сипатын өзгертуде.
Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы 2 сәуірде жарияланған «Әлем. ХХІ ғасыр» деп аталатын манифестінде: «Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға айналып үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр», – деген еді.
Әлемдегі түйткілді мәселенің шешімін іздеу үшін адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажеттігін қоғам назарына ұсынған Н.Назарбаев ол ұлттың соғыстар мен жанжалдардың вирусын жою жөніндегі үйлесімді және жауапты іс-әрекеттерді айқындауға тиістігін алға тартты. Онда нақты мазмұндау керек деп басты үш қағидатты атап өтті.

Біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңілетінін.
Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды.
Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек.
Елбасының сөзі шындыққа айналды. Оны сыртқы күштердің араласуымен өз территориясынан айрылған Грузия мен Украинаның қазіргі жағдайынан да көруге болады. Сондай-ақ әлемдік қауымдастықта ғана емес, әлемнің бірқатар елдерінде де лаңкестік ұйым деп танылған Талибан қозғалысын билікті толықтай өз қолына алғаннан кейін өзін Ауғанстан мемлекетінің заңды өкіметі деп мойындатуы экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрестің де түрі мен сипаты жиырма жылдың ішінде қаншалықты өзгергенін көрсетіп отыр.
Осы арада Елбасының әр жылдары түрлі жағдайда айтқан: «Терроризм өзінің болжаусыздығымен және тосындығымен нақтылы үрей сезімін ұялатып, жұртшылықтың бәрін дерлік шарасыз және жазмыштық қауіп-қатермен шырмап тастайды».
«Терроризм – көзқарастар мен идеялардың емес, әрекеттердің жүйесі, өйткені, ол қара бастың қамын күйттемейді. Ол өзінен-өзі әлеуметтік құндылық бола алмайды, алайда қызмет көрсетудің бір түрі ретінде айтарлықтай әрекетшілдік пен сұранысқа ие».
«Терроризммен күреске елігіп, елдер мен халықты «тас ғасырына» қуып тығу арқыл біз «терроризм» ұғымын келмеске кетірудің орнына, тек қана жандандыратын боламыз».
«Халықаралық терроризм, экстремизм мен сепаратизм – тек қана адамзаттың жасырын сырқаттарының сыртқы көрінісі. Ол жеке-жеке емдейтін аурулардың санатынан емес, ол барлық елдер мен қауымдастықтардың ұжымдық консилиумын талап етеді».
Фото: inform.kz
«Саяси радикализм сынаса, терроризм өлтіреді» деген сөздері де еріксіз еске түседі.
Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторы ретінде:
1. Діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға бағытталған экстремистік идеяларды жақтаушы адамдар санын азайту.
2. Алды алынған және уақтылы жолы кесілген (ой-ниетті қалыптастыру, дайындау, шабуылдау сатыларында) экстремистік сипаттағы террористік және өзге де зорлық-зомбылықтың акцияларының үлесі.
3. Қазақстан аумағында терроризм актілеріне ден қою, сондай-ақ терроризм салдарын барынша азайту және жою дайындығының деңгейі белгіленді. Оны іске асыруға бюджеттен жұмсалатын жалпы шығындар 270 148, 8 млн теңге деп жоспарланды. Ол бұған дейінгі «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жалғасы болды. Сондай-ақ қолданыстағы бағдарламаны әзірлеу кезінде АҚШ, БАӘ, Канада, Норвегия, Финляндия елдерінің тәжірибесі ескерілген болатын. Ал бастапқыда жұмысына көпшілік аса мән бермеген радикалдық идеологиядан зардап шеккен адамдарды әлеуметтік оңалту мен бейімдеу орталықтарының қызметі мен қоғамда алатын орны түрлі жағдайда Сириядағы соғыста болып, кейін елге қайтарылған қандастарымызбен жұмыс кезінде айқын аңғарылды. Бастапқыда болашағына біреу үмітпен, біреу күдікпен қараған балалар мен олардың ата-аналарының өмірі қазір көпшілікті бұрынғыдай аса алаңдатпайды. Өйткені Қазақстан «ХХІ ғасырдағы соғыссыз әлемді» қалыптыруға қатысты өз ұстанымын сөзімен де, ісімен де дәлелдеуде.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, журналист.