30 Желтоқсан 12:09

Бекетаев саяси партиялардың НЕГЕ тіркелмей жатқанын айтты

Фото:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылыд

ың 25 мамырында «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заңдарға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойған болатын.

Аталған заң жобасы бойынша партия құру үшін қажетті мүшелердің саны 40 мың адамнан 20 мыңға дейін қысқарды. Алайда арада бір жылдан астам уақыт өтсе де, елімізде неге жаңадан саяси ұйым тіркелмеді?

Nege.kz тілшісі осы және өзге де сұрақты Орталық коммуникациялар орталығына келген Әділет министрі Марат Бекетаевқа қойды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы саяси партияларды құруға байланысты заңға қол қойды. Мәселен, партия құру үшін қажетті мүшелердің санын 40 мың адамнан 20 мыңға азайтты. Бірақ осы заңнан кейін әлі жаңа партия тіркеуден өткен жоқ. Саяси реформа керек екені айтылып жүр. Бірақ Әділет министрлігі неге басқа партияларды тіркемей отыр? Мәселен, «Ел тірегі» мен Демократиялық партия өтініш берді ғой.

– Бастамашы топ ұсынған құжаттар заңға сәйкес келмейді. Сол себепті біз оларға осындай жауап бердік. Егер олар барлық құжаттарды реттеп, бізге ұсынса, біз оған әрине тіркеу береміз.

– Нақты қандай қателер бар? Мәселен олар сіздерге бірнеше рет құжат өткізді ғой. Сол кезде неге түсіндіріп айтпадыңыздар?

– Негізгі қателіктер олардың тізімінде өлген адамдар, басқа партияның мүшелері және әскери адамдар болды. Осы секілді қателіктер бар.

– Сіздер осы Президенттің бастамасын аяқ асты етіп отырған жоқсыздар ма?

– Жоқ, әрине, олай етіп отырған жоқпыз. Сіз өзіңіз, «кезінде 40 мың болды, қазір 20 мың» деп айттыңыз ғой. Бірақ оған жету керек. Біріншіден, бастамашы топ 1 мың адамның тізімін әкелуі керек. Осы тізімде өлген адам және басқа партиялардың мүшесі немесе әскери адам болса, оған әрине ешқандай құжат бере алмаймыз. Өйткені ол заңға сәйкес келмейді.

– Мәселен Ресейде 140 млн астам халық тұрса да онда партия құру үшін 20 мың адамнан әлдеқайда аз қол жинау керек. Ал 19 миллион халық тұратын мемлекетте 20 мың қол талап етеміз.

– Біз өз елімізді ешқандай басқа елмен осы жағынан салыстырмаймыз. Өйткені біздің өміріміз басқа. Біздің өзіміздің жолымыз бар және ахуал басқа болады. Сол себептен бұл шешімді мен немесе министрлер ғана емес, осы мәселені барлық сарапшылармен жан-жақтан қарап, талқылап, осындай шешімге келдік. Бұл заңды мен емес Парламент қабылдады және оған Президент қол қойды.

– Яғни, қазіргі жағдайда Қазақстанда саяси партия құру мүмкін емес. Солай ғой?

– Олай емес. Егер мықты адам болып, мықты адамдардың тобы құрылса, олар барлық құжаттарды реттеп, заңға сәйкес әкелсе, әрине, олардың партиясы тіркелетін болады.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: