8 Желтоқсан 17:59

Әкімдердің қызығы мен шыжығы: Сағынтаев сағызша созды

Фото:
Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бас қалаға келіп, Орталық коммуникациялар орталығында есеп берді. Бұрынғы астананың әлеуметтік-экономикалық жағдайын баяндаған әкім журналистердің қолайлы сұрақтарына кең көсіліп, ұзақ жауап берді. Мұнысы өткір сұрақ қоятын әріптестердің сауалдарынан айналып өтуді көздеген

дей көрінді.

Nege.kz тілшісінің кезегі кейінге сырғып кеткені де біраз жайттан хабар беріп тұр. Брифингтен кейін тілшіміз Бақытжан Әбдірұлына сұрақтарын бәрібір қойды.

– «Сарыарқа» мен «Б.Момышұлы» метро бекеті және Абай даңғылын Қалқаманға дейін созу биыл аяқталуы керек болатын. Алайда аталған құрылыс жұмыстары келесі жылға қалатын түрі бар. Өйткені жылдың аяқталуына бар-жоғы 22 күн қалды. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау неге кешеуілдеп жатыр?

– Біздің жоспар бойынша жылдың соңында «Сарыарқа» мен «Б.Момышұлы» метро бекеті бітуі керек. Қалқаман келесі кезекте тұр. Енді екі стансаның ішіндегі ішкі құрылыс жұмыстарына қажетті құрылғылардың бәрі шетелден келеді. Былтыр пандемия болды. Пандемияның кезінде қажетті құрал-жабдық өндіретін компаниялар жұмыс істеген жоқ. Осының салдарынан оларды елге алып келе алған жоқпыз. Құрал-жабдық болмаған соң оны орналастыра алмадық. Биыл көктемнен бастап қажетті заттар келді. Ең соңғы құрылғымыз қазан айында келді. Аллаға шүкір, қазір бәрін бекіттік. Жаңа пойыздарымыз келді. Төтенше жағдай болмасын деп техникалық бақылаудан кейін бір ай сынақ жүргіземіз.

– Біраз тілші көкейіндегі сұрағын қоя алмады. Өйткені сіз кейбір тілшілердің сұрағына тым ұзақ жауап бердіңіз...

– Мен барлық сұрақтарға жауап бердім.

Бақытжан Әбдірұлына бар-жоғы 15 тілші сұрақ қойып үлгерді. Өйткені ол «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» сұрақтарға 8-10, тіпті 17 минутқа дейін көсіліп жауап берсе, кейбір өткір сауалдарға жауабы 4 минуттан аспады...

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: