8 Желтоқсан 10:30

Салынып біткен ештеңе жоқ. НЕГЕ Алматы әкімі Сағынтаев 2021 жылды көңілсіз аяқтамақ?

Фото:

Мектеп, аурухана, балабақшалардың құрылысы мен күрделі жөндеуінен басқа биыл Алматыда халық күтіп жүрген ешқандай ірі игі шаруа істелмеді. Дәлірек айтқанда, тұрғындардың қатынауын жеңілдететін инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы аяқталмай, тағы да келесі жылға қалды.

Премьер-министр Асқар Мамин Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа метроның «Сарыарқа» мен «Б.Момышұлы» станциялары құрылысын биылғы жылдың аяғына дейін бітіруді тапсырған болатын. Жылдың аяқталуына 22 күн қалғанын ескерсек, екі станцияда да әлі әрлеу жұмыстарының бітпегенін байқауға болады. Станцияның сыртындағы әйнектері орнатылмаған. Абаттандыру жұмыстары да белсенді жүріп жатқан жоқ. Биыл метроға мінеміз деген Әуезов ауданы тұрғындарының көңілі су сепкендей басылды. Себебі, метрополитеннің хабарлауынша, азаматтар аталған екі станцияны тек 2022 жылдың жартысынан бастап пайдалана алады. Халыққа метроны тағы да жарты жыл күтуге тура келіп тұр.

2021 жылы Алматыда көлік кептелісі проблемасы шешілудің орнына одан сайын шиеленісіп кетті. Абай даңғылының Момышұлы көшесінен Қалқаманға дейін созылатын бөлігі 2021 жылы ашылуы тиіс еді. Ақжар, Шұғылада тұратын халық асыға күтіп жүрген жолдың бітуі жыр болды. Енді оның ашылуы тағы да келесі жылға қалып отыр. Тіпті Яссауи көшесін басуы тиіс көпір құрылысы әлі басталған да жоқ. Қаладағы құрылысқа Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев жауапты. Сондықтан, оның менеджер ретіндегі тиімділігіне үлкен сұрақтар бар.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев. Фото: Алматы қаласы Өңірлік коммуникация қызметі

Құрылысы бірнеше жылға созылып кеткен Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы көлік жолайрығы биыл да пайдалануға берілмейді. Рысқұлов даңғылы арқылы өтетін эстакадада жол жабыны енді ғана орнатылып жатыр. Әзірге тек жеке бүйірлі съездер бойынша көлік қозғалысы ашық.

Рысқұлов-Емцова жол айрығы. Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Өз тұрғындарын қуанта алмаса да, Алматы республика үшін ірі донордың бірі болып қала береді. Республикалық бюджетке аударатын қаржысы, ішкі жалпы өнімдегі үлесі бойынша мегаполис Атырау облысынан кейінгі екінші орында.

Биыл Алматының өңірлік жалпы өнімі жоспар бойынша 15,3 триллион теңгеге жетуі тиіс. Оның көбісі саудадан келеді. Елдегі ең ірі көтерме базарлар, «Магнум» сынды алыптардың Алматыда орналасқанын ескеру керек. Жоспар бойынша биыл бюджеттің кірісі 905 миллиард теңгеге жетеді. Оның 705 миллиард теңгесін қала таза салықтан жинайды.

Алматының шығын құрылымы басқа өңірлерге ұқсайды. Мұнда да негізгі шығын білім беру саласына жұмсалады.

2021 жылғы Алматы қаласы бюджетінің шығыстары. Дереккөз: Алматы қаласының әкімдігі

Сонда да, Алматы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуда бүкіл республика бойынша көш соңында келеді. Жемқорлар саны бойынша ең бірінші орынды иеленген. Сондай-ақ Қазақстанның ең қауіпті қаласы әрі «қылмыстық астанасы» да осы Алматы болып тұр.

Тегтер: