3 Желтоқсан 18:01
...

Нұр-Сұлтан мен Алматының жарысы: Көлгінов Сағынтаевты қашан қуып жетеді?

Фото:
Орталық коммуникациялар қызметінің бүгінгі қонағы – елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Алтай Сейдірұлы бас қаланың экономикалық-әлеуметтік жағдайын баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Nege.kz тілшісі донор қаланың не себепті Алматыдан кейінгі орында тұрғанын және көгілдір отын неге оқтын-оқтын өшіп қалатынын сұрады.

Нұр-Сұлтан ел орталығы болғаннан кейін жан-жақтан инвестиция құйылып жатқаны белгілі. Бірақ соған қарамастан, донорлық жөнінен елорда Алматыдан кейін үшінші орында тұр. Сіз Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевты бәсекелес санайсыз ба? – деп сұрады тілші.

– Донор демекші, Нұр-Сұлтан қаласы өздеріңіз білесіздер, керемет дамып келе жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында инвестициялық қолайлы жағдай жасалынған. Соның есесіне өткен жылы 1 триллион 100 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл – рекорд.

Ал донор туралы айтатын болсақ, осыдан 15 жыл бұрын қаламыз бюджетке 200 млрд теңгеге жетер-жетпес қаражат құйып отырған. Ал қазіргі уақытта өткен жылды айтатын болсақ, 1 трилион 200 млрд қаржыны республикаға беріп отыр. Бұл – жаңадан ашылған жұмыс орындары мен кәсіпорындар, индустриялдық парк, жаңа экономикалық аймақтың нәтижесі.

Бұрын «астана – шенеуніктерді қаласы» деп айтатын еді ғой, қазір «іскер азматтардың қаласы» деп айтуға толық негіз бар. Себебі ІЖӨ ішінде 56 пайызы шағын және орта кәсіпкерлерден түсіп отыр. Бұл – жай ғана цифр емес, жылдар бойы елордамызда атқарылған нақты жұмыстың нәтижесі. Сондықтан осыны біз ары қарай жалғастыруымыз керек, – деп жауап берді А.Көлгінов.

Алматы әкімі Б.Сағынтаевпен бәсекелестік жөнінде Көлгінов көсіле қоймады. Ізеттілік сақтағаны болар деп түйдік. Тек тілші сұрағын естігенде Алтай Сейдірұлы жымиғандай болды, осыдан-ақ біраз нәрсені аңғаруға болатындай...  

– Жуырда үйлеріне газ кіргізген елорда тұрғындары көгілдір отын болмай, көмір жағуға мәжбүр болды. Кейбір азаматтар газға сеніп, көмір жағатын пешін алып тастаған екен. Алдағы уақытта осындай проблема болмайды деп кепілдік бере аласыз ба?

– Елорданы газдандыру алғашқы жылы жүргізіліп жатыр. 650 шақырым газ құбыры Алматы және Сарыарқа аудандарында тартылды. Екі аудандағы 9 елді мекенде газ тартылды.

Сіз айтқан проблема ол – техникалық мәселелер. Мысалы біз конденсат жиналатын проблеманы анықтадық. Ауа райы күрт суып немесе жылып кеткен кезде конденсат жиналады. Сол үшін газ жинайтын орындарда конденсат жинайтын құрылғыларды салып жатырмыз. Біз ол үшін жобалаушы компанияларды шақырып, осы мәселені шешуді қолға алдық. Конденсат жинайтын құрылғыларды қойған кезде бұл мәселе шешіледі. Сондықтан бұл «ҚазТрансАймақпен» бірге бақылауда болатын мәселе, – деді әкім.

Кепілдікке қатысты тілшінің нақтылау сұрағына А.Көлгінов бүй деп жауап берді: «Бұл – инжинерлік тараптағы күрделі жұмыс. Сол үшін мамандар мұндай қайталанбас үшін қадағалайды. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Сондықтан осыған жол бермеу үшін жұмыс істеу керек».

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: