18 Маусым 13:00
...

«Өзім де укол сала аламын» – Әртістердің отандық медицинаға көңілі тола ма?

дәрігер
Фото: steppenews.kz

Биыл еліміздің әр өңірінде елді әбігерге салған су тасқынына байланысты Медицина қызметкерлері күні  айырықша атап өтілмеді. Дегенмен, тілшіміз өнерде жүрген біраз жандарға шығып,  Денсаулық сақтау саласына қатысты пікірлерін сұрап көрді. Сонымен, кім өзіне ем-дом жасап алуды құп көрсе, кім дәрігерге жиі жүгінеді? Өнер өкілдерінің пайымдауынша, бізге қандай білікті дәрігер мамандар қажет?

Ерлан Көкеев, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші:

Ерлан
ғаламтордан

– Өз басым дәрігерлерді жердегі періштелерге теңеймін. Сондықтан оларға әрдайым құрметпен қарауға тырысамын. Аралаласатын дос-жарандарымның арасында ақ халатты абзал жандар өте көп. 1993 жылы аяғымды мертіктіріп, 1-2 жыл төсек тартып жатып қалдым. Сол кезде медицина қызметкерлерімен жақын араласып, олардың өз мамандықтарына деген сүйіспеншілігіне анық көз жеткіздім. Тіпті, өзімнің де осы салаға қызығушылығым артқаны сонша, алғашқы медициналық жәрдем көрсету әдістері мен укол салуға дейін үйреніп алдым. Қазір үйде біреу сәл-пәл сырқаттанып қалса, қолында дәрігер тағайындаған ем-дом бойынша өзім ем жүргізе беремін. Бірде, ұшақта бір адамды ажалдан құтқарып қалғаным бар. Осы сәтті пайдаланып, еліміздегі барлық дәрігерлерді машақаты көп мамандықты таңдағаны үшін алғыс айтамын. Біз – әртістер адам жанын емдесек, дәрігерлер тәнін емдейді. Осы тұрғыдан алғанда арамызда қандайда бір жақындық бар сияқты. Абзал жандар аман болсын!

Қорлан Кәртенбаева, Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, жетігенші:

Кәртенбаева
ғаламтордан

– Қазіргі медицина саласы өткен жылдармен салыстырғанда едәуір алға басып келеді. Бірақ кемшін тұстарымыз да жоқ емес. Жанға бататыны – кейбір дәрігерлердің аурудың себебімен емес, салдарымен күресуге тырысатыны. Біздегі Денсаулық сақтау саласының осал тұсы сол – Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының хаттамасы негізінде жұмыс жасайды. Содан кейін химиялық препараттар жағын қолданыстан азайтқан жөн деп ойлаймын. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін антибиотикпен емдеудің зиянын көпшілік жақсы біледі. Бұған адамның организмі үйреншікті болып ала ма деймін. Ал мұның артында үлкен фармацевтикалық бизнес тұрғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Дені сау ұлт қалыптастыру жолында қарқынды жұмыстар атқарылуы керек. Бұл жолда биологтардан бастап, химик, фармацевт мамандар бас қоса отырып, бір мақсатта жұмыла жұмыс жасағаны жөн сияқты. Сонда бізге шетелдің емдеу тәсілдері қажет емес болып қалар еді. Мәселен, біз сырттан келетін түрлі дәрі-дәрмек пен вакциналарды тұтынамыз. Ол біздің ағзаға келе ме, жоқ па, оны саралап жатқан адам баласы жоқ. Балаларға екпе салдыртуға мәжбүрлейді. Осы жағы ата-ананың өз таңдауына беріледі дегенмен, балабақша мен мектепке барғанда талап етеді. Бүлдіршінге екпе салар кезде де құрамы мен қарсы көрсетілімдері жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді. Медицинадағы осындай олқылықтарға қарамастан, өз ісіне жауапты жандар баршылық. Соның біріне Алматы қаласындағы №4 емханада қызмет жасайтын Қайрош Болат есімді педиатрды жатқызамын. Алдына келген әр баланың организміне байланысты жеке дара ем жүргізеді. Бүгінгі таңда түрлі желеумен ол кісіні жұмыстан шығарып жатқанын естідім. Бізде мығым медицина қызметкерлері қалыптассын десек, осындай білікті мамандарға қолдау көрсету керек. Қалай дегенмен мейрам құтты болсын!

Жәудір Сарыпбекова, «Серпер» жастар сыйлығының лауреты, актриса: 

актриса
ғаламтордан

– Шыны керек, балалы болған соң медицинаға біртабан жақын болып алады екенсің. Дәрігердің айтқанын мұқият тыңдаған соң баланың дене қызуы көтеріле бастағанда алғашқы көмекті өзіміз көрсете беретін болдық. Укол сала да аламын. Бірақ неге екенін өз балаларыма келгенде тартыншақтаймын.

Менің Ержан Темірәлиев атты туған жездем Алматыдағы қалалық емханалардың бірінде учаскелік дәрігер болып жұмыс жасайды. Ағайындардың қай-қайсының болсын басы ауырып, балтыры сыздап қалса, бірден сол кісіге байланысқа шығамыз. Бір қызығы, кейін өзіміздің жергілікті дәрігерге барғанда, жездемнің қойған диагнозымен тең келіп жатады.

Бір айта кететін мәселе – дертіне шипа іздеген жандардың дені шетелге кетеді. Бұл өз алдына елімізде маман тапшы екенін білдіреді. Осы мәселе шешімін тапса. Әйтпесе, адамның істегенін адам жасай алады ғой. Сондықтан бізде мығым хирургтар даярлап, олардың біліктілігін арттыра түссе, нұр үстіне нұр болар еді деген тілегім бар.

Перизат Омарбекова, ҚР Мәдениет қайраткері, биші: 

Омарбекова
ғаламтор

– Аллаға шүкір, мен спортқа біртабан жақын болғандықтан болар, дәрігерлерге көп жүгіне бермеймін. Дегенмен, медицина мамандарының қажырлы еңбек жасап жатқаны байқалады. Бұған өткен жылы сіңлім босанғанда анық көз жеткіздім. Ана мен бала өмірін сақтап қалу мақсатында табанды жұмыс жасап жатқандары аңғарылды. Сол сияқты жергілікті емханадағы мамандар да қашан бара қалсаң да құрақ ұшып қарсы алады. Бір өкініштісі – мемлекеттік емханаларда көптеген мамандар тапшы. Салдарынан жолдама бойынша өзге медициналық мекемелерге жібереді. Жыл сайын медициналық жоғары оқу орындарын қаншама түлек тәмамадап жатқанын ескерсек, «Олардың бәрі қайда кетіп жатыр?» деген орынды сауал туындайды. Түрлі науқас балаларды шетелде емдетуге мәжбүр болып жататынымыз да жасырын емес. Өз ішімізде білікті хирург мамандар даярласа, жанына араша іздеген сәбилер кезек күттірмей емшараға ертерек жүгінген болар еді. Онсыз да етжақындары еміне қажетті қаражатты жинағанша арада қанша уақыт өтеді. Бұл да халықтың денсаулығына қатысты кемшін дүние саналады. Дейтұрғанмен, біздің Денсаулық сақтау саласында бұрынғыдан ілгерілеушілік басым.

 

Марат Ілиясов, ҚР еңбек сіңірген артисі,композитор:

Ілиясов
ғаламтордан

– Кейінгі кезде аңғарғаным, мемлекеттік емхана мен жекеменшік клиникалардың ем-дом жүргізуінде айырмашылық жоқ. Қай-қайсына барсаң да өте жақсы қабылдайды. Сондықтан менің медицина саласына қояр мінім жоқ. Атқарып жатқан қызметтеріне көңілім толады. Егер өз салама қатысты айтар болсам, музыкатерапияның адам емдеуде маңызы зор. Тіпті, өзім танитын дәрігерлердің дені музыкаға өте жақын. Қарап отырсақ, емшілер де, экстрасеанстар да ем-домды әсерлі әуеннің көмегімен жүргізеді. Соған қарағанда, музыканың адам тәнін емдеуде атқарар рөлі ерекше ме деймін.