22 Қараша 15:40

«Өзгеріс керек!»

Фото:

Қоғам белсенділері осындай талап қойды. Мажоритарлы-пропорционалды жүйеге көшу, партия мүшелерінің санын қырық мыңнан бір мыңға дейін қысқарту мәселесін көтеріп отыр. Ол үшін алдымен сайлау туралы, саяси партиялар туралы заңға өзгеріс енгізілуі тиіс. Бұл мәселені республикалық референдум өткізу арқылы шешуді ұйғарыпты. Десе де, референдум төңірегінде үміттен гөрі күдік басым.

Исқалиев, Әбдіхалықова және Дәрібеков бастаған ынталы топ осы ұсыныстарын қаттап, қағазға түсіріп, бір бума құжатты Орталық сайлау комиссиясына әкеп тапсырған. Құжатта ынталы топтың құрылғаны, оны тіркеу туралы өтініші, 10 қарашада өткен жиынның хаттамасы да бар. Құрамы – 62 адам. Орталық сайлау комиссиясы бұл құжаттарды заңда көрсетілген мерзім ішінде «Республикалық референдум туралы» заң талаптарына сәйкес келетінін-келмейтінін қарап шықпақ.

«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев бұл бастаманың жоғары жақтан емес, төменнен көтерілгенін айтады.

«Азаматтық белсенділер тобы бар. Соның ішінде Дәурен Баталовты жақсы білемін. Олар сайлау кезінде де, сайлаудан кейін де бірнеше шара өткізді. Сайлау туралы, партиялар туралы заңдар Қоғамдық келісім кеңесі шеңберінде де қарастыралады. Бұл бағытта жұмыс жасалып жатыр. Алайда, референдум өткізудің мәнін көріп тұрғаным жоқ», – дейді саясаттанушы.

Бұл талаптарды билік назардан тыс қалдырмады. Айталық, саясаткер, Қазақстанның Беларусьтегі бұрынғы елшісі Ермұхамет Ертісбаев пікір білдірді. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

«Билік пропорционалды сайлау жүйесін (партиялық тізім бойынша) мажоритарлы-пропорционалды жүйеге өзгертеді дегенге күдігім бар. Партиялар мүшелерінің санын 40 000-нан 1000-ға дейін түсіру де күдікті нәрсе: саяси плюрализмнің орнына анархия мен охлократияға ұрынамыз», – дейді ол.

Ертісбаев саяси модернизацияның керек екенін, президенттің бұған құлықты екенін де айта келе, артық кетпеуге шақырып отыр.

«30 жыл бұрынғы Одақтың қалай құлағанын естеріңізге түсіріңіздер. Референдум өткізу үшін заң бойынша 200 мың адам керек. Бір жағынан алғанда, 200 000 адам референдумды талап етсе, онда өткізу керек. Бірақ мынадай сауал туады: мұндай мәселелер (сайлау схемасын өзгерту) немесе партияларды тіркеу шегін азайту, референдум туралы заңда көрсетілгендей, мемлекет өмірінің маңызды мәселелеріне жата ма?» – деп, ұсыныстың өзектілігіне күмән келтірді.  

Күмән оппозиция өкілдерінде де бар. Мәселен, Петр Своик «орындалмайтын бастама болғандықтан, оны қолдап-қолдамаудың еш мәні жоқ» деген пікірде.  

«Билік 1995 жылы президенттің өкілеттілігін ұзартудан басқа ешқандай референдум өткізіп көрген емес. Өткізбейді де. Өйткені, өзіне қажетті шешімдерді шығаруға толық мүмкіндігі бар», – дейді саясаткер.

Өзгерісті талап етуші тек қана жоғарыда аталған ынталы топ қана емес. Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Арман Шораев та осы тақілеттес пікір білдірді. «Ақорда түзген жүйені дереу бөлшектеу керек, онсыз Қазақстанда ірі толқу болуы мүмкін», – дейді ол.

Айта кететін жайт, ол «тәуелсіз БАҚ-тарды тұншықтырды» деп Нұрлан Нығматуллинге айыптар тақты. Соның кесірінен «билікті қолдап, саясатын жүргізіп отырған БАҚ-қа деген сенім жоғалған».

Оппозициялық саясаткер Сергей Дуванов билікті қолдап келген адамның аузынан күтпеген жерден батыл мәлімдеме шығуына таңданыс білдірді. Шораевтың мұны өздігінен айта қоюы неғайбыл дейді. Саясаткер бұдан билік қосынындағы «ықпалды топтарды» арасындағы кикілжіңдерді байқайды.

«Бұл – жұлдызы қарсылардың әрекетке көшкені. Үлкен жанжалдардың құлағы қылтиып келеді. «Тұрақтылық кепілі» бар кезде бәрі айылын тартады. Өйткені ол ойын ережесін анықтап, жағдайды бақылап отыр. Жүйені бөлшектеу жайында мұндай адамдардың сөз қозғауы көп нәрседен хабар береді», – деп жазды ол Фейсбук парақшасы арқылы.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім Арман Шораевтың мәлімдемесіне деген көзқарасы мүлде басқаша.

«Дәл осы жүйемен, қоғамның бағытымен әрі қарай жүруге болмайтынын көп адам мойындап отыр. Өзгеріс керек. Ол екі жолмен ғана жасалады: революциялық немесе эволюциялық. Біз эволюциялық жолды қолдаушылармыз. Бұл референдум өткізу, реформа жасау – мұның бір бағыты ғана», – дейді ол.

Дос Көшім биліктің бұған дейін ешқашан төменнен көтерілген бастамаларға құлақ аспай келгенін айтады. Сондықтан бұл бастаманы биліктің қолдайтына сенімі аз.

«Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев терең саяси реформа жасау керек деген сөзді айтты. Реформаның бір бағыты – референдумға шығарылған мәселелер. Билік саяси реформа жасауға дайын болса, оны қолдауы тиіс», – дейді Дос Көшім.

Шадияр Өстемірұлы

Тегтер: