Ойын баласының ораза ұстағаны дұрыс па?
Балаға ораза ұстау дұрыс па, бұрыс па? Ал бүлдіршін шақтан дінге бет бұруға қалай қарайсыз? Осы қос сауал төңірегінде тілшіміз біраз талант иелерінің пікірін сұрап көрген еді.
Меруерт Түсіпбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Фанатизмге түбегейлі қарсымын
– Ұлым Қазақ-түрік лицейінде оқығандықтан жетінші сыныптан бастап ораза ұстады. Өз ықтиярымен шешім қабылдаған соң жеке шекарасын бұзбайын деп, мен де қарсы болмадым. Содан бері балам жыл сайын ораза ұстайды. Ал мен болсам әр Рамазан айын балам үшін алаңдаумен өткіземін. Менен жырақ Астанаға оқуға кеткенде тіптен жанымды шүберекке түюмен болдым. Құрсағы аш баланың миына білім қалай қонсын?! Оның үстіне ұлым табиғатынан май бітпеген қырықсіңір, арық.
Соңғы жылдары Еуропада оқып жатқандықтан, былтыр ораза басталғанда бар жұмысымды тастап, сәресі мен ауызашар тамағын уақытылы әзірлеп бермекке қасына барып тұрдым. Осы ретте айтарым, өз басым оқушы баланың ауыз бекіткенін құптамаймын. Өйткені бұрынғы оқушылармен қазіргілердің денсаулығын мүлде салыстыруға келмейді. Себебі, қазіргі экология мен күнделікті тұтынып жүрген тамақтардың сапасы айтпаса да түсінікті. Оқушы шақта ұл-қыздарымыз физиологиялық тұрғыда дамып жетіледі. Құрсақта нәрдің болмауы – олардың дамуына кесірін тигізеді деп ойлаймын.
Меніңше, Рамазан айы басталардан бұрын медициналық мекемелерден психолог, эндокринолог, гениколог мамандар мектептерге арнайы барып, оразаның ағзаға тигізер кері әсері турасында түсіндіру жұмыстарын жүргізсе жөн болар еді. Бұл мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін өзекті тақырып. Егер бала кәмелеттік жасқа жеткенде оразаны өз таңдауымен ұстаса, онда әңгіме бір басқа.
Ал бүлдіршіндердің намазға келуі тұрғысынан айтар болсам, өз басым фанатизм атаулыға түбегейлі қарсымын. Әрине, наным-сенім болу керек, бірақ оның да шегі бар. Өмірдің оң-солын танып білмеген баланың дінге ден қоюы – ойланатын жағдай. Бұған Сирияға кеткен әйелдер мен балалардың жағдайы мысал бола алады. Өзіміз «Дін жоқ» деген Кеңестік кезеңде ата-анамыздың, ұстаздардың берген тәрбиесіне құлақ түріп өстік. Оқушы кезде ораза ұстап, намаз оқымасақ та шектен шыққан жоқпыз. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, отансүйгіштік қасиетті бойымызға бір кісідей дарытып жетілдік. Білім жүйесінде барлық мәселені мұғалімдердің мойынына артып қоймай, жалпы қоғам, ата-ана болып баланың тұлға болып қалыптасуы жолында жұмыс жасау керекпіз. Білім ошағында оқушылардың ораза ұстап, намаз оқып, хиджап киюіне қатысты заң қабылдануы қажет. Онсыз да ковидтен кейін халықтың денсаулығы мәз емес, қант диабетімен ауыратын бүлдіршіндер саны артып барады. Балалар – біздің болашағымыз. Ұрпағымыз дені сау әрі сауатты болса екен.
Гүлнұр ОРАЗЫМБЕТОВА, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Насихат дұрыс болуы керек
– Менің екі ұлым да ораза ұстап жатыр. Кішісі 15-те, үлкені 23-те. Ешқандай қарсылық танытпадым. Ораза тұту әркімнің өзінің күш-жігеріне байланысты деп ойлаймын. Егер баланың денсаулығы жарап тұрса, қарсы болудың қажеті жоқ деп санаймын. Тек насихат дұрыс болу керек. Дегенмен, ата-ана тарапынан қадаға болуы қажет. Ораза баланың күш-жігерінің қалыптасуына септігін тигізеді деп ойлаймын.
Мысалы, менің кенжем дәмді тамақты жақсы көреді әрі шөлге шыдамайтын. Ал қазір су ішпей жүргенге шыдап бергені былай тұрсын, сабағына да, спорттық секцияларына да қалмай барып жүр. Мұны бала үшін ерлікке балаймын. Демек, мен ұлдарымның болашағына сенім арта аламын.
Ал баланы бүлдіршін шағынан орандырып, медреседе оқытқанды құптамаймын. Олардың болашағы қалай болады, тек дінді ғана насихаттап нан таба ма? Өзімнің балаларым да сүрелерді оқиды, жатқа біледі. Себебі, дінге сенім әрбір мұсылманның бойында болатын қасиет. Ал басыбайлы беріліп кеткенге қарсымын.
Бізге еліміздің атын асқақататын білімді, көзі ашық ұрпақ керек. Меніңше, ішкі жандүниенің тазалығы іште жасырынып жатуға тиіс. Оны жұртқа жариялауға қарсымын. Өздері адасып жүрген адамдарға баламның білімін табыстай алмаймын.
Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Балалар арасында мешітке бару модаға айналып кетті
– Өз басым балалардың ораза ұстағанын құптамаймын. Енді ғана қалыптасып келе жатқан жас организмге салмақ болады. Онсыз да қазіргі балалардың денсаулығы көңіл-көншітерлік дәрежеде емес.
Ал жас жеткіншектердің дінге бет бұруы тұрғысынан айтар болсам, біз де бүлдіршін болдық. Сәждеге бас имесек те иманымыз түзу болды деп ойлаймын. Қазір жас балалар арасында мешітке бару модаға айналып кетті. Олар уағыз тыңдағанмен мағынасын түсінеме екен деймін. Небір арабша сөздер сөздік қорымызға еніп жатыр.
Мен де мешітке барамын. Пітір садақамды беріп, құран оқытып отырамын. Үйде сүрелер оқимын. Бірақ күн сайын жұрттан қалмайын деп жүгіремін деп айта алмаймын. Дегенмен, Алладан қорқамын. Қандай іс бастасам да, тіпті көлікке отырсам да «піссіміллә» айтамын.
Қазақтың дінге деген бұрынғы наным-сенімі таза сияқты. Бала күнімізде ауылда мешітке барып намаз оқитын бес-алты ақсақал болды. Шақырған жерге барып Құран оқып, өлім-жітім болса жаназасын шығарып беретін. Ешкімді «былай істе» деп қинамайтын. Ал қазіргілер оң-солын танып білмеген балалардың миын улап жатыр. Дін мен иман таза болу керек.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙ, дінтанушы:
Балиғатқа толмаған балаға ораза ұстау парыз емес
– Шариғат бойынша балиғат жасқа толмаған, яғни он бес жасқа толмаған балаға ораза ұстау парыз емес. Сондықтан кішкентайларға мәжбүрлеп ұстатуға болмайды. Бірақ дағдыландыруға болады.
Мысалы, өз балаларым айына 1 немесе 2 күн қалаған уақыттарында ауыз бекітіп тұрады. Бойларында иммунитет қалыптастырып, қиындыққа төтеп беруге дайын болуы мақсатында рұқсат беремін. Ал балиғат жасына жеткенде парыз болады. Ол кезде ұстаған дұрыс.