«Оян, қалыңдық»: Қанға бөккен қойылым

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры негізгі сахнадан бөлек тұңғыш рет кіші зал ашып, шымылдығын «Оян, қалыңдық» қойылымымен түрді.
Испан жазушысы Федерико Гарсиа Лорканың «Қанды той» («Крововая свадьба») пьесасы негізінде сахналанған «Оян, қалыңдық» драмасының қоюшы режиссері халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің бірнеше мәрте лауреаты Дина Жұмабаева.
Шығарма қайғылы жайттан басталады. ХХ ғасырдың бас кезінде Испанияда болған оқиға. Бір үйде анасы мен баласы ғана тұрады. Отағасы мен үлкен ұлы көрші Феликстер отбасымен болған кикілжіңде пышақтың кесірінен қаза тапқан. Содан бері бейбақ ана жалғыз ұлының жолына қараумен күнелтеді.
Жүзімдікке бара жатқан ұлы анасына пышақ беріп жіберуін сұрайды. «Оны қайтпексің?» деп жан ұшырады анасы. «Жүзімдіктің бұтағын кеспеймін бе?» деп жауап берген ұлына өткен-кеткеннен сыр ақтарып, іштегі шерін шығарады. Адам баласын өлтіруге қауқарлы қару-жарақ, құралдарды ойлап тапқандарға қарғыс айтады. Өйтпегенде ше?.. Күйеуі мен тұңғыш ұлының да сол қарғыс атқан пышақтың кесірінен кескілесіп қайтыс болғаны да кеше.
Бір сәтте ұлының бір қызбен қарым-қатынасының барынан хабардар ана «Сендер қашаннан бері таныссыңдар?», – дейді. Баласы «үш жылдан бері» деп жауап береді. «Оның бұрын атастырылған жігіті болды ма?» деген сауалды да қояды анасы іле-шала. «Білмеймін, кімге шыққысы келетінін қыздың өзі шешеді ғой...» деп салқын жауап берген ұлы анасына үйленгенде бірге тұратынын және тұңғыш баласын анасына беретінін айтады. Сонда анасы «Маған 6 немере сыйлаңдар! Арасында қыз да болсын. Мен оларға тоқуды, іс тігуді, бәрін үйретемін», – дейді қуанып.
Содан анасы мен ұлы құда түсуге барып, той күнін белгілейді. Ал қалыңдықтың бұған дейінгі атастырылған жігіті Леонардо оның немере әпкесін әйелдікке алған. Бір ұлы бар. Әйелі екіншісіне екіқабат. Алайда, Леонардо Феликс бұрынғы махаббатын өлердей жақсы көреді, ұмыта алмайды. Ғашығының тұрмысқа шығатынын білген ол жанын қоярға жер таппай, жездесі ретінде тойға келеді. Бір-бірін көрген олар сезімін айналасындағылардан жасыра алмайды. Қалыңдық та, Леонардо да бір-бірінен көз алмайды. Тойда ішімдік те ішіледі, би де биленеді. Соңында Леонардо қалыңдықты алып қашады. Күйеу жігіт әрі іздеп, бері іздеп «қашқын» ғашықтарды тауып, жекпе-жекке шығады. Ақыры бірін-бірі пышақтап, өлім құшады. Осылайша, той қызыл қанға боялып, екі ғашықтың ортасында аңырап қалыңдық қалады.
Жалпы, спектакльдің ой салатын жері көп. Бүгінгі қоғамда мұндай кейіпкерлер бар шығар. Алайда, «Өзі де өмірінде бақытты болмаған жазушы, драматург Федерико Гарсиа Лорканың бұл шығармасын сахналауға қандай қажеттілік туды?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Тіпті, автордың өмірбаянына көз жүгіртіп, оның біржынысты болғанын білдік. Ал бір сәтте екі жігіттің құрбан болуына итермелеген қалыңдықтың не ойы болды? Ондайлар өмірде көп пе? Бұдан алатын сабақ қандай? Театр директоры Азамат Сатыбалдының: «Балалар мен жасөспірімдер театры болған соң көп нәрсені сахнада айта алмаймыз, айтуға болмайды. Бір еркінсіп, еркін ойнайтын, барымызды беріп кеңінен көсілетін, ешкім бізді тежемейтін алаң болса деп армандадық. Сол арманымызға жеттік. Кіші залды өз бастамамызбен аштық. Мына жерге бір тиын ақша кеткен жоқ. Бізде амбиция, намыс болды. Өнерге деген таза махаббат болса тауды қопарып жіберетіндей күш бар екенін түсіндік. Бұл біздің театрымыздың басы ғана. Осы алаңда шындықты шырылдап айтатындай, жүректі қозғайтындай спектакльдер көп болсын...» дегені осы сауалымызға берген жауабы сияқты.
Кезінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Анна Каренина» сахналанғанда да «Бұл тақырып қазақ қоғамына, тәлім-тәрбиесіне жат» деген пікірлер болған. Ал мына қойылым жайында көсіліп пікір айтуға да тосылып отырмын. Бәлкім, қоғамда бар дүниені сахнадан көрген де әбестік емес шығар...