27 Қыркүйек 10:30

«Отбасында екеу тең»: Аудармашы Шынар Әбілда қандай тақырып қызықтыратынын айтты

Шынар Әбілда
Фото: жеке мұрағатынан

Шынар Әбілда – әдеби аударма саласында жемісті еңбек етіп жүр. Оның қазақ тіліне тәржімалаған мотивациялық, психологиялық кітаптары сұранысқа ие.  

NEGE тілшісі аудармашы Шынар Әбілдамен әңгімелескен еді.

– Бала кезден «аудармашы боламын» деп армандапсыз. Алайда, журналистика факультетін бітірдіңіз. Өкінбейсіз бе? 

Ешқашан өкінген емеспін. Өмір баспалдақтары ғой. Әр нәрседе қайыр бар деген рас екен. Журналистика көп нәрсе үйретті. Қазір нетворкинг деген тренд болған ұғым бар ғой. Журналистика біз үшін сол нетворкингтың ошағы болды. Тұйық, ұяң мінездің бәрін сұқбат алып жүріп, жеңдік. Ашық сөйлесу, өз пікіріңді айту – қазіргі жастарға оңай болғанмен, біздің кезде біраз қиындық тудыратын.

Мектепте «Өскенде кім боласың?» деген шығармалардың көбінде «аудармашы» деп жазатынмын. «Ой – материалды» деген сөз рас. Оны кейін түсіндік. Қағазға жазған дүние ерте ме, кеш пе орындалады екен. Қазір айналамдағы адамдарға арман-мақсатыңды күнделікке жаз деп ақыл айтамын. Орындалады. Дұрыс арман міндетті түрде орындалады.

Бала күнімде  өскенде «аудармашы боламын» деп армандауға Шығыстану факультетінде оқып, түрік тілін меңгеріп жүрген ағам себепші болса керек. Сол кісіге еліктегем-ау шамасы. Өзім есейе келіп, дәл ағам секілді осы факультетке тапсырар шақта, конкурс  балы өте жоғары болды. Сондықтан,  грантқа түсу үшін шығармашылыққа жақын мамандық таңдадым. Таңдау журналистикаға түсті. Оқуға түскендердің тізімінде төртінші болып тұрдым. Өзіме дән риза болған бір сәт. Журналистика саласында еңбек ете жүріп, мінез ашылды, ысылдық. ТВ-ның да, газеттің де жаңалықтарында істедім. Көп дүние үйрендім. Тәжірибе жинадым.  Жалпы,  «журналистика» әдеби әлемге қадам басуға тікелей ықпал етті.

– Екі жинағыңызды да «Өзгеріс ойдан басталады» деп атапсыз. Мұнда оқырман тартудың сыры бар ма?

  Ең алғаш мотивациялық мәтіндерді аударғанда, көбіне «Ойың өзгерсе, бәрі өзгереді» деген тіркес алдымнан шыға берді. Сол кезде фейсбуктен «Өзгеріс ойдан басталады» деген топ ашып, аудармаларды сонда топтадым. Сол топқа жарияланған аудармаларды кейін жинақтап кітап етіп басып шығаруға «Қаламгер» баспасы ұсыныс айтты. Ал «НЕГЕ екеу» десеңіз, бұның айтарлықтай сыры жоқ. Бастапқыда бір кітап етіп жинақтаған едім,  баспагер «тым көлемді кітапты оқырман оқымайды, әр бөлімін бөлек-бөлек кітап етіп шығарайық, сатуға да ыңғайлы болады» деді. Мен келістім. Баспагер өзі екі бөлімді екі бөлек етіп кітап жасақтады. «Өзгеріс ойдан басталады» деген жинақтың екеуін де «Қаламгер» баспасы шығарды. Өздері сатты. Мен үшін үлкен табыс аударған еңбегімнің жерде қалмай, осылай жинақ боп оқырманның қолына тигені болды. Басылымға алғысым шексіз. Алайда, бұл жинақ қазір сатылымда жоқ. Тез таусылды. Оқырман көп сұрағаннан кейін үшінші жинақты шығардым. «Әлемді өзгерткің келсе – әйелді сүй» деп атадым. Негізгі психологиялық, мотивациялық аудармалар осы жинақта жинақталды. Бұл жинақты Алматы облысының әкімдігі шығарып берді.

– Психологиялық шығармалардың оқырман өміріне әсері қаншалықты болды деп ойлайсыз? 

Өзіме психологиялық қолдау қажет кезде осындай тақырыпты өзек еткенім рас. Өзім білгенді айналамдағы оқырманмен бөлісіп отырдым. Ол кезде интернет енді дамып келе жатқан шақ. Қазақша ақпараттың аз кезі. Сондықтан психологиялық кейбір өтімді дүние көпшілікке ұнады. Біршама оқырман жекеме хат жазып, тұрмысқа шыққанын, ұрсып қалған сүйіктісімен татуласқанын, ажырасқысы кеп жүрген келіншектер ойынан айнып, отбасын сақтап қалғаны туралы көп жазатын. Бұл сол мәтіндерден алған инсайттардың әсері болса керек. Бір жағынан кері байланыстың болуы менің де аударманы жалғастыруыма мотивация берді. Жастар жағы психологияны жақсы қабылдайды. Ересектер кей аударма «қазақтың менталитетіне сай келмейді» деп сөгіп жатады. Патриархалды қоғамның тәрбиесі мизогиниялық сарында болғандықтан, біздің қоғам ер мен әйелдің теңдігін көп қабылдағысы келмейді. Бірақ отбасында екеу тең дегенді аудармаларда көп айттым. Бұл қазіргі ер мен әйел қатар жұмыс істеп, қатар табыс тауып отырған жаһандық деңгейде қалыпты құбылыс болуы тиіс деп бағалаймын. Еркекті төмендетуге де, әйелді төмендетуге де қарсымын. Ерлі-зайыпты бір-бірін құрметтей алғанда ғана, отбасы іргесі мықты болады. Соған лайық психологиялық мәтіндерді көп аудардым. Қазақ қоғамында тек ынтымағы жарасқан бақытты отбасылар көбейе берсе деп тілеймін.

Шынар Әбілда
Фото: жеке мұрағатынан

– Білікті аудармашыда қандай қасиеттер болуы тиіс?

– Аударманың түрі көп. Көркем аударма, синхронды аударма, ақпараттық аударма, техникалық аударма, тағысын тағылар. Менің таңдағаным әдеби аударма, яки көркем аударма саласы. Бұл сала екі елдің әдебиетін мейлінше терең меңгеруді міндеттейді. Екі тілде сөйлеп қоя салу аз, әдебиетін, мәдениетін қатар түсінуге, фразеологизмдерді көп білуге шақырады. Мейлінше, объективті түрде мағынаны сол қалпында беруге тырысу. Бұл өте қиын нәрсе. Көбіне екі түрлі мәдениетте ұқсастықтар болмайды. Қазақы ұғымға жақын ғып беруге тырысамын. Содан да менің аудармам еркін аудармаға жатады. Тура мағынасынан гөрі қазақ оқырманға түсінікті сөздерді іздеп кетем. Қабылдауға оңай болсын деп ойлаймын. Кейде автоматты түрде калькаға түсіп кетесің. Жақсы редактор түзеп отырады. Орысша мәтін жақсы жазылса, аударма оңтайлы аударылады. Орысшасы күрделі болса, қазақшасы ақсап қала береді. Сондықтан өзімді кәсіби маман деп қарастырмаймын. Мен әуесқой аудармашымын. Негізі әуестік адамды қоғамға қажетті етеді деген ұғым бар ғой. Сол ұғымға жүгінсек, аударма менің миссияма айналды.

– Қалай ойлайсыз, қазір әдеби аудармашы сұраныстағы мамандық па?  Өзіңізден ақыл-кеңес сұрайтын жастар бар ма?

Тәржіменің тарихы қай дәуірге барып тірелетінін дөп басып айта алмаймын. Тіл пайда болғаннан бері бар шығар. Бірақ сонау көне заманнан бері аударма саласы талай өркениеттермен қатар дамып, үздіксіз қажеттіліктің бірі болып келе жатыр. Өшпейтін, өзінің құндылығын түсірмейтін мамандық. Аудармашыға әрдайым сұраныс болады. Аудармашы боламын деген жастар жерде қалмайды деген ойдамын. Ең бастысы екі тіл, мейлі үш тіл болсын, мейлі одан көп болсын, терең меңгеруге бейімделу. Тілге деген бейім керек. Гуманитарий таңдайтындар түсінеді деп ойлаймын. Аударманың мақсаты – екі тілдегі ұғымдарды мида қатар ойлай алу, баламасын мейлінше жақындату. Ол үшін ең алдымен ана тіліңді жетік білу керек. Сондықтан уақыт оздырмай мектеп қабырғасында жүргенде классик жазушыларды көбірек оқыған пайдалы. Қол жүрмей қалған кезде өзім де классиктерге қайта оралып, қайталап оқып отырамын.

«Сізге еліктеп, аударма саласын таңдадым» деп жазған қыздар болды. Шамасы қазір ЕНУ-да оқып жатыр. Журналистика факультетінде «Аударма әдебиеттің басылымы» деген пәннен сабақ бердім. Ол жерде де магистратураны аударма бойынша жалғастырамын деген студенттерім болды. Мұндайды естігенде, әрине, қуанамын. Шәкірт деп айтуға келмейді. Дегенмен мені қоршаған ортадан аудармаға деген қызығушылық оята алсам, менен тарайтын ең басты мотивация сол шығар. Бұл өзімнің істеп жүрген ісіме деген махаббатым деп қабылдаймын!