Шавкат ака келе жатыр...
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға келе жатыр. Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқыламақ. Одақтастық қарым-қатынас туралы келісімді бекіткеннен кейін екі ал арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс қайта жандана түспек.
Аталған құжат қабылданған соң, екі ел басшылары бірінші мәрте бас қоспақ. Бір анығы, соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстанның етене жақындаса бастағаны байқалады. Мәселен, Алматыда ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 21 отырысы өтті. Оған екі елдің премьер-министрлері Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов қатысты. Қос президент талқылайтын көп жайттар сол кезде де сөз болғаны анық.
Әрине, мәдениетіміздің, тіліміздің, дініміздің, тамырымыздың бір екеніне ешқандай күмән жоқ. Десе де, мемлекет ісі таза прагматизмді қажет етеді. Қарым-қатынастың негізгі тірегі – экономика екені даусыз. Бұл салада да ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар аз емес. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстан толық еркін сауда тәртібіне көшуді жоспарлап, сауда айналымын 10 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Ондағы мақсат – экономикалық әріптестікті бекіте түсу.
Орталық Азиядағы барлық сауданың 57 пайызы Қазақстан мен Өзбекстанға тиесілі. Былтыр екі араласындағы тауар айналымы 4,5 млрд АҚШ доллары болса, 2024 жылдың алғашқы төрт айында көрсеткіш 1,5 млрд доллардан асып жығылған.
Қазақстандық сарапшылар Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығынан көп үміт күтетінін жасырмайды. Күш біріктірсе, халықаралық аренада да беделге ие болатынын айтады.
«Бұл – өте жақсы қадам. Екі елдің жақындасуына түрлі себептер кедергі жасап келді. Бұрынғы президенттер – Назарбаев пен Каримов арасындағы бәсекелестікті де айта кету керек. Сосын Ресей белсенді түрде араласты. Қазір екі тараптың да басшылары лайықты. Қос елдің ынтымақтастығының берері көп. Дамыта білсе, бүкіл аймаққа ықпал етеді, – дейді саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.
Оның пікірінше, саяси және экономикалық тұрғыдан ынтымағы жарасса, Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияның басып қосып, халықаралық амбициясын байқата алады. Яғни, халықаралық мінберлерден ортақ ұстанымдарын жария етіп, мәлімдеме жасауға қауқарлы.
«Екі елдің жақындасуына халықаралық жағдай да түрткі болып отыр. Ғаламдық қайта құру жүріп жатыр. Бір полярлы әлемнің ақыры таяп қалды. Халықаралық аренада аймақтық державалар бой көрсетіп жатыр», – дейді сарапшы.
Толғанай Үмбетәлиева Орталық Азия одағына Ресей қырын қарауы мүмкін екенін айтады. Дейтұрғанмен, Қазақстан мен Өзбекстан осы халықаралық ойынға қосылуы мүдделі.
«Сонда, екі ел экономикалық мүдделерін бірге қорғай алады. Бұдан былай экономикалық ойын ережесі де қайта қаралады, қатты өзгереді деп ойлаймын. Украина мен Ресей арасындағы соғысты ескерсек, Мәскеуге жақындығымыздан біз көп нәрсені жоғалтып жатырмыз. Сондықтан Ресей секілді түйткілі көп алпауыт елден гөрі, біз бір-бірімізбен жақындаса түсуіміз керек. Сонда екі елдің халықаралық аренада мүмкіндіктері молаяды», – деп топшылайды Толғанай Үмбетәлиева.
Жасыратыны жоқ, АҚШ, ЕО, Ресей, Қытай, Жапония, Таяу Шығыс және басқа да елдер Орталық Азиядағы бес мемлекетті бөліп-жармай, біртұтас аймақ ретінде қарастыра бастады. Бұл да екі елдің өзара ортақ байлам жасауға итермелегені анық.
«Соңғы кездері көптеген әлем елдері «Орталық Азия +» деген форматта басқосу өткізіп жүр. Мұның бәрі бес мемлекеттің біртұтас аймақ болғанын қалайтындарын, бірігіп жұмыс істеу ниетін білдіреді. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы саясаттағы позициялары жақындап келеді», – саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед.
Сарапшының пікірінше, Ресейдің қысымы күшейген соң, Қазақстан өзге Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі болып отыр. Өзбекстанмен де, Қырғызстанмен де одақтастық қарым-қатынас туралы келісімді бекітті. Бұл – Орталық Азия елдерінің позицияларын жақындастыратын, біріктіретін келісім-шарт.
«Одақтық қарым-қатынас арқылы халықтың арасындағы қатынас, дипломатия, шекаралық өзен-су, миграция және көптеген түйткілдерді де шешуге болады», – дейді Бөріхан Нұрмұхамед.
Бірлік туралы сөз еткенде, екі ел арасындағы бірлескен жобаларды ұмыт қалдыруға болмас. Өнеркәсіп ынтымақтастығы аясында, екі ел құны 3,1 млрд доллар болатын 69 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл – кем дегенде 14,7 мың жұмыс орны ашылады деген сөз.
Осы уақытқа дейін құны 217 млн доллар болатын 12 біріккен жоба іске асырылып үлгерді. Яғни, 4,5 мың жұмыс орны ашылған. Бұдан бөлек, 178 млн доллар жұмсалған үш бірдей инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде Тараз қаласындағы қуаты 500 мың тонна құрыш өнімдерін шығара алатын электрометаллургиялық зауыт құрылысы да бар.