29 Сәуір 17:15

Өрт сөндіру мамандары: Адамдарды алапат өрттен арашалап, қайта өмір сыйлау – жауапты миссия

Фото:

Әр саланың өз қызығы мен шыжығы бар. Әсіресе, өрт сөндірушінің күнделікті өмірі тосын жағдайға толы. Олардың бір күні де мазасыз өткен емес. Өзгенің қауіпсіздігін алдыңғы орынға қоятын маман иесіне әуелі жүректілік пен батылдық қажет.

Екінші, кез келген уақытта, қайсыбір жағдайда болсын, құрал-саймандары сақадай сай, дайындығы жоғары болуы тиіс. Себебі, бұл саладағы жауапкершілік бір сәт қалғып кетуді, қателік жіберіп, мүлт кетуді кешірмейді.

Тәуліктің қай мезетінде көмек беруге дайын тұратын өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қашан да шапшаңдық пен қырағылық көрсете алады. Олар үшін ерлік пен батылдық айнымас серігіне айналған. Бір кезде жанкешті де бола алады. Табандылық пен кәсіби қызметті жымдастырып, жұмылған жұдырықша әрекет ету – өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың басты міндеті.  

Әуелі өзгенің қауіпсіздігін ойлап, өз өмірін қауіп-қатерге тігетін олардың атқарып жүрген жұмысы қашан да абыройлы. Күн сайын адамдарды алапат өрттен арашалап, қайта өмір сыйлау – жауапты миссия.

Осы пікірімізге дәлел боларлық оқиға 27 сәуірде Атыфрау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің бірінде тіркелді. «5 қабатты үйден өрт шықты» деген шұғыл қоңырау түскен уақытта Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары әп-сәтте оқиға орнынан табылды. Өрт сөндіруші қызметкерлердің дер кезінде әрекет етуінің нәтижесінде көпқабатты үйдің пәтерлерінен 8 адам құтқарылды. Оның төртеуі – бала.

 Nege.kz тілшісі өртті тез арада ауыздықтап, тұрғындардың өмірін сақтап қалуда ерлік көрсеткен мамандармен әңгімелесіп, бірқатар сауалына жауап алды.

Талғат Салықов, аға лейтенант:

Өрттің шығуына көбінесе тоқтың қысқаша тұйықталуы себеп болады

    – Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және АҚЖҚ» ММ №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенантымын. Өзім Атырау қаласында 1995 жылы 12 сәуірде дүниеге келдім. 2014 жылы Көкшетау техникалық институтында төрт жыл оқыдым. 2018 жылы бітіріп, осы салаға еңбек етуге кірістім. Әртүрлі мамандық бойынша жұмыс істедім, соңғы қызметім – қарауыл бастығы.

Ал мына өрт оқиғасына келсем, 27 сәуір күні таңертең сағат 8:10-да Возкал маңы, 5 шағын ауданынан бізге қоңырау түсті. Оқиға орнына жеткен тұста жергілікті тұрғындар үй ішінде адамдар қалғанын айтты. Бара сала құтқару жұмысына кірісіп кеттік. Арнайы қорғаныс құралдарын киіп, ішке ендік. Өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Әби Айсиев бір отбасының үш баласы мен әйелін аман-есен алып шықты. Көп ұзамай қалған отбасы мүшелері де құтқарылды. Сөйтіп, 8 адамның өмірін сақтап қалдық.   

 – Өрттің ауқымдылығы қандай болды?

– Көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабаты жанды. Бір пәтердің жатын бөлмесі өртенген. 12 шаршы метр түгел жанған. Подьездге кіру мүмкін емес еді. Көк түтіннен ештеңе көрінбейді. Менің өрт орнындағы басты міндетім – барлау жасау. Рация арқылы бүкіл ақпаратты жанымдағы мамандарға жеткіземін. Сосын бөлімше командирі аға өрт сөндірушілерге нұсқау беріп, құтқару жұмысына кіріседі.

 – Өрт оқиғасының тіркелуіне әкелетін басты себеп қандай?

 – Өрт – апатты жағдай. «Апат айтып келмейді» демекші, тап қазір өрт оқиғасы тіркеліп, санаулы минутта сол жерден бір-ақ шығуымыз мүмкін. Әр бөлімнің өз аумағы бар. Сол тиесілі аумақта өрт болса ештеңе күтіп отырмаймыз. Көбінесе өрт техникалық қауіпсіздікті сақтамағаннан шығады. Тоқтың қысқаша тұйықталуынан бастау алады. Кейде бір тәулуітің ішінде өрт тіркелмейтін кездер болады. Ондай кезде қуанамыз, әрине. Алайда, 24 тәулік бойы «қай жерден шақырту түседі екен?» деп алаңдап жүресің. Кәдімгі психологиялық уайым.

 – Лаулап жанып жатқан өртке еніп кету қорқынышты емес пе?

  – Әртүрлі сезім болады. Ең алғашқыда бойды қорқыныш билейтін. Одан кейін үйреніп кеттік. Адам үш күннен кейін бәріне де үйренеді деген рас екен.

 – Өрт сөндіру барысында өз өміріңізге қауіп төнген кездер болды ма?

   – Әрине, болды. Ең қауіпті өрт – газ құю бекеті жарылған кез. Газ жарылған кезде он минуттай есімнен танып қалған едім. Біз өртті өшіріп жатқанда газ жарылып кетті. Сол сәтті ұмыту мүмкін емес. Әлі күнге көз алдымда тұрады.

 – Бұл мамандықты өзіңіз таңдадыңыз ба?  

– Бала кезімде өрт сөндіріп, адам құтқарушы боламын деп ойлаған жоқпын. Мектепті оқып жүрген кезде осы салаға деген махаббатым оянды. Сол үшін де өрт құтқарушы мамандарын дайындайтын оқу орнына құжат тапсырдым. Төрт жылда бізге бәрін үйретті. Әрі оқуды бітіргенде лейтенант атағын алып шықтым.

   – Атқарып жүрген еңбегіңіз лайықты бағасын алды ма? 

   – Кәсіби мереке қарсаңында еңбегіміз еленіп, алғыс хатпен марапатталып жатамыз. Ал жалақыға келсек, шүкіршілік. Бірақ өмір мен өлімнің арасына түсіп, адамдарды қауіптен арашалауға жанын салатын өрт сөндірушілердің жалақысын көтерсе дейміз. Былай қарағанда, біз ешқашан жақсы атты бола алмаймыз. Адамдарды құтқарғанның өзінде де материалдық шығын пайда болады. Үй жанады, дүние-мүлкі өртенеді дегендей. Жалпы, адам баласы көп жағдайда өзі аман қалғанына шүкіршілік етсе де, артынша материалдық дүниелерді ойлап кетеді. Дүние-мүлік орнына келеді. Ал бәрінен де адамның өмірі қымбат.  

Әби Айсиев, бөлімше командирі:

Бас киімімді мүлдем шешпейтін болдым   

 

  – 1995 жылы 9 қазанда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге  келдім. Бүгінде Атырау облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау сержанты қызметін атқарамын. Бұл қызметте 2015 жылдан бері жұмыс істеймін.

27 сәуірде өрт оқиғасы туралы хабар түсті. Сол мезетте оқиға орнына жеттік. Көпқабатты тұрғын үйдің ішін түтін басқан. Дереу ішке кірдім. Қалған жігіттерге жауынгерлік қанат жаю құралын дайындау жөнінде тапсырма бердім. Сол жерде жалма-жан бір жігіт ішінде әйелі мен бір жасар және бес жасар баласы қалғанын айтты. Оларды құтқарып, келесі пәтердегілерге көмекке келдік. Содан кейін өрттің неден шыққанын анықтап, әп-сәтте ауыздықтадық. Білуімізше, бұл пәтердегі тоқ желісі ескірген. Ал өрт оқиғасы көбінесе адамдардың салғырт қарауы салдарынан тіркеліп жатады.  

   – Бұл салаға қалай келдіңіз?

   – 2014 жылы әскерде болдым. 2015 жылы елордада Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шеруге қатыстым. Сол кезде өрт сөндірудің курсанттарын көріп, қатты қызықтым. Сосын 2015 жылы әскерден келген бойда өрт сөндіру мекемесіне жұмысқа орналастым. Әуелгіде ата-анам қарсы болғандай көрінді. Әр ата-ана баласын солай уайымдайды ғой. Кейіннен бәріне үйреніп кеттім.   

  – Өрт оқиғасы бойынша қоңырау түскен кезде қорғаныш киімдеріңізді қанша уақытта киіп үлгересіздер?

  – Біз жауынгерлік киімді 20 секундта киіп үлгереміз. Былайғы уақытта әскери киіммен жүреміз. Тек түнгі 11-ден таңғы 6-ға дейін тыныш уақытта аяқ киімімізді ғана шешеміз. Өйткені, аяқ астынан шақырту түссе, шұлық пен аяқ киімді ғана киіп, шығып кетеміз.

  – Кейде өрт оқиғасы орнына өрт сөндірушілер жеткенше нысан жанып кететін кездер жиі кездеседі. Тіпті, су жетпей қалады екен дегенді естиміз. Бұған не дейсіз?

 – Бар кінә адамның өзінен. Өрт шықса, бір адам жауапты болып тез арада арнайы қызметке хабарласуы керек. Кейде әбігерге түсіп «Сен хабарлас, мен хабарлас» болып кімнің қоңырау шалғанын білмейді. Яғни, бір-біріне сеніп қалады. Мұндайда шапшаң түрде телефоннан 101 нөміріне қоңырау шалу қажет. Тілсіз жау өршіген кезде әр секунд бағалы. Бізге қоңырау уақытында түссе, тез шығып кетуге тырысамыз. Кейде жолдың өзіне уақыт кетіп қалады.

Ал суға келсек, халық кейде «өрт сөндірушілер сусыз келеді» деп түсінеді. Олай емес. Мысалы, қазір біздің техника өрт болған жерге 7-8 тонна сумен барады. Біздің сорғы секундына 40 литр су шашады. Сонда 8 тонна суды бес минуттың ішінде жоқ қылады. Ондай кезде екі-үш көлік артық сумен барады. Мұның бәрі өрттің көлеміне байланысты. 

   – Өмірде сабақ болатындай оқиға есіңізде ме?

   – Бір есімнен кетпейтін жағдай болған. 2016 жылы үлкен қойма өртенді. Өрт сөндірумен қатар, төбесінде ашық құрылыс жұмысын жүргіздік. Кешке қарай шаршап, басымдағы қорғаныш бас киімін шешіп тастаған едім. Сол сәтте қарауыл бастығым «Бас киіміңді киіп ал!» деп ескерту жасады. Дереу киіп алғаным сол еді, артынша екі-үш минуттан кейін басыма төбеден құрылыс заты түсті. Содан кейін оқиға орнында басымнан бас киімді мүлдем шешпейтін болдым.     

  – Жалпы, жұмысыңызға көңіліңіз тола ма?

   – Әрине, абыройлы қызмет. Біз еленсін деп жұмыс істемейміз. Бұл – біздің міндетіміз. Еңбекақымыз аз да, көп те емес. Бірақ өз жұмысым қатты ұнайды.     

 

Байбарақ Саясатов, автосаты жүргізушісі:

Тұрғындарды автосатымен төмен түсіріп алдық

     – 1992 жылы 7 наурызда Атырау қаласында туып-өстім. Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және АҚЖҚ» ММ №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 2015 жылдан бастап жұмыс істеймін. Яғни, азаматтық қорғау аға сержанты ретінде өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі болып қызмет атқарамын. Автосаты жүргізушісімін.

27 сәуір күні тіркелген өрт орнына бардық. Бөлімше командирі, қарауыл бастығы арнайы құралдармен ішке кіріп, адам бар ма, жоқ па, өрт қайдан шықты деген мәселені анықтайды. Ал жүргізуші сыртта техниканы қадағалайды. Адамдар балконға шыққанда автосатыны орнатып, төменге түсіріп алдық. Телефон күн сайын безілдеп тұрады. Біреудің дүкенінен өрт шығады, енді біреудің жер үйі жанады. Апақ-сапақта жылдам жетіп барамыз. Біздің міндет – адам өміріне араша түсу. Ал бұдан да кереметі – тұрғындардың алғысын алу.

  – Қауіпсіздіктің алдын алу үшін қандай кеңес айтасыз?

 – Көбінесе тоқ желісіне немқұрайлы қарайды. Токқа қамақты қосып, ұмытып кетеді. Өзім үйде қауіпсіздік мәселесіне қатты көңіл бөлемін. Үй саларда, әсіресе тоқ желісінің дұрыс, сапалы ораласқанын қадағалаймын. Күн сайын жұмыс барысында көріп жүргендіктен, әбден қанға сіңіп кеткен. Отбасым да қауіпсіздікке қатты көңіл бөледі. 

Тегтер: