28 Маусым 15:30
...

«Орынымнан үш ұмтылып, әрең тұрдым» – «Талақтың» режиссері марапаттау сәтіндегі әсерін бөлісті

Фильм
Фото: әлеуметтік желіден

«Талақ» Шанхай фестивалінің Бас жүлдесін еншіледі дегенді естігенде, бөркімізді аспанға лақтырып қуандық. Үкіметтің қаржысынан қағылған Қазақфильмнің тұрмысы тұралап тұрғанда, бұл тұманды айдында жарқ еткен жұлдыздай көрінді. Десе де фильмге қарасты сын айтқандар да табылып жатыр. Құттықтаудан қолы тимей жатқан фильм режиссері Данияр Саламаттың өзіне шығып, көптің көкейіндегі сауалды қойдық.

–Данияр мырза, қазақ киносының мәртебесін әуелеткен жүлдеңіз құтты болсын! 

Рақмет! Бұл барша қазақтың жеңісі ғой...

фильм
ғаламтордан

– «Талақты» таңдау қандай кезеңдерден өтті? 

– Біздің бұл фильмді түсіргендегі межеміз «А» класындағы фестивальге қатыстыру болды. Осы орайда алдымен Берлин фестиваліне қатысуға келіссөз жүргіздік. Бірақ олар кейін биылғы фестивальге қатысқан фильмдер санын қысқарттық дегенді айтып, біздің фильмді қабылдай алмайтындарын жеткізді. Бұған әрине көңіл-күйіміз түсті. Дегенмен, қарап отыратын емес, сондықтан аталмыш фестивальге класы мен бағдарламасы жағынан бір табан жақын келетін Шанхай фестиваліне өтініш беруге ниеттендік. Сөйтіп, фильмімізді өткізіп қойып, ұйымдастырушылар тарапынан алты айдай жауап күттік. Оның үстіне биыл бұл додаға қатысуға 3700-ге жуық өтініш түскен екен. Сондықтан іріктеу кезеңі ұзақ уақытты алса керек. Кейіннен шорт-листке енгенімізді естігенде қатты қуандық. Бірақ Бас жүлдеге ілінеміз деген үш ұйқтасам да түсіме кірмепті.

фильм
baribar.kz

– Күтпеген жағдай болды дейсіз ғой... 

Фестиваль жалпы он бір күн қатарынан өтеді екен. Біз барған күннен бастап ұйымдастырушылар жылы лебіздерін білдіріп, қалаберді жергілікті баспасөз беттерінде «Талақ» жайлы түрлі мақалалар шыға бастады. Ал жеңімпаздарды марапаттауға санаулы күн қалғанда бізді арнайы кеңсеге шақырып, бас кейіпкерді ойнаған Амира Омарованы алдыртуымыз керек екенін айтты. Себебі, Қытайға Ерболат Әлқожа мен белгілі киносыншы Гүлнар Әбікеева үшеуіміз ғана барған едік. Бұл жаңалықты естігенде, актрисама жүлде беріледі екен деп жорыдым. Оған да шүкір. Бас-басымызға күйеу қайда деп түйіндедім. Содан салтанатты кеш басталғанда, бізді үшінші қатарға отырғызды. Алдына қазыларды, екінші қатарға оларға жақын адамдарды жайғастырды. Бұл ненің белгісі екен дедім іштей. Оның үстіне үміт күткен адам жылт еткен нәрсені жақсылыққа балап, ырымшыл келеді ғой. Осындай ойдың жетегінде отырғанда біреуі қасымызға келіп, егер режиссер сахнаға шығатын болса қай тілде сөйлейтінін сұрады. Мен бірден «қазақша» деп едім, олар қазақшадан тәржімалайтын адам жоқ екенін айтты. «Онда Гүлнар ханыммен бірге шығайын» дедім. Ол кісі менің қазақшамды орысшаласа, оны қытай тілінде жеткізетін біреу табылар деген ой ғой. Бір уақытта қасымдағы Ерболаттың: «Сізге осы Үздік режиссер аталымын беретін сияқты», демесі бар ма?!

Жүлде Талақ
instagram.com/assyltas_qory

Солай отырғанда түрлі номинанттарды ортаға шақыра бастады, ал біз Амираның алған жүлдесіне қуанысып, арқа-жарқа болып отырдық. Арада «Үздік режиссер» аталымы Ресей мен Грузия киногерлеріне берілгенде, үмітім сөнгендей болды. Бір уақытта Ерболат тағы «Онда сізге Бас жүлдені береді» деп қойып қалды. Оған «Айналайын, тыныш отыршы! Сен мені үміттендіруден шаршаттың» дедім. Бір жағынан Қытайдың мығым режиссерлерінің тарапынан төрт фильм сайысқа түскен екен. Сондықтан алтын кубок өздерінде қалады деп топшыладым. Кенет, біздің фильмді атады. Орынымнан үш ұмтылып, әрең тұрдым.

– «Талақты» экрандауға не түрткі болды?

– Менің бар ойым 1920 жылдары қазақ қоғамына келген өзгерісті жеткізу болды. Ол кезде қазақ халқы өзінің дәстүрінен, өмір сүру қалыбынан, ұлттық мәртебесі мен көшпенді өмірінен ажырай бастады. Анығын айтқанда, халықтың еркінсіз реформалар жасалды. Ондай картинаны әлбетте Бейімбет Майлиннің әңгімелерінен табамыз. Жазушының қай шығармасын алып қарасақ та әйел бостандығына соқпай өтпейді. Себебі ол кезде «Әйел теңдігі» деген ұран көтерілді. Бірақ оны әркім өз пайдасына асырып бақты. Осының бәрін ескерсек, қоғамның құрбанына айналған әйел образы шығады. Оған алаш арысының «Талақ» пен «Әже» әңгімесі арқау болды. Фильмнің сценариі де осы екі туындының аясында жазылды. Бірақ өз тарапымыздан да көркемдеуге тырыстық.  Бірақ Бейімбеттің оқиғаны әдемі жеткізетін шеберлігіне қол сұқпауға тырыстық.

– Кезінде Ермек Тұрсыновтың «Оскардың» жартылай финалына шыққан «Келіні» біраз дауға қалып еді. Сіздің туындыңызға да қарасты сын айтушылар табылды ғой

Желіде тараған әуесқой түсірілімдерге қарап сын айтып жатқандар бар екен. Дегенмен, оны негізсіз деп ойлаймын. Біріншіден, ол көпшілік сахнасына арналған киімдер. Ол экранда аса қылаң бермейді. Ал алдыңғы пландағы кейіпкерлердің үстінен көрінетін киімдердің барлығын дерлік суретшінің көмегімен қоңыр түсті етіп тіктірдім. Яғни, эстетикалық талғамға сәйкес көркем қолдан шыққан көстюмдер. Анығын айтқанда, жыртық болса да, жұтық болса да фильм мазмұнын аша түседі.

Мен байтал түгіл бас қайғы болып отырған кезеңді экрандап отырып, кейіпкерлерімді қалай жарқыратып қоямын. Ақиқаттан алыстамау керек қой. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» сынды бірқатар еңбектерді алайықшы. Сонда суреттелген тұрмыс-тіршілікті оқысаң, жаның түршігеді ғой. Мен неге солардан қалған мұраның тонын теріс кигізіп, бұрмаулауым керек. Бұл авторға да, туындыға да жасалған қиянат болмай ма?!

кино
ғаламтордан

– «Бір ұрысу, ұрысқан сайын ұру, екеуінің ойынша да тұрмыстың заңы, шариғаттың бұйрығы секілденді». Бейімбет шығармасындағы Айдарбек пен Зейнептің бұл бейнесі бүгінгі қоғамда да қылаң береді ғой...

–Өткен ғасырдағы шығармалардың барлығында дерлік әйелдің әлсіздігі мен дәрменсіздігі суреттеледі. Бірақ ер адамдар оған сүйеу емес, тоқпақ болғанда нәзік жан иелері тіптен шарасыз күйге түсті. Ал біздің фильмдегі кейіпкер өз күйеуінен емес, сол кездегі қоғамнан қорлық көреді. «Әйелдерге бостандық» деген жалған ұран әсілінде әлсіз әйелдерге жұдырық болып тиді.

– Отандық көрермен фильмді қашан тамашалай алады?

Бұйырса, күзде жарыққа шығады.