9 Сәуір 15:38

Нұрлан Ноғаев тұрғындарды су ресурстарын үнемдітпайдалануға шақырды

Фото:
Нұрлан Ноғаев Маңғыстау ауданындағы жұмыс сапарының үшінші күнінде өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. 
 
 
Алматы, NEGE. Есеп беру кездесуінде Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Қошмағанбетов 2021 жылға арналған жұмыс қорытындысын баяндап, ағымдағы жылдың жоспарларына тоқталды. Сонымен қатар жиналғандарды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, сауалдарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.
 
Кездесуде тұрғындар жұмыспен қамту, жаңа мектептің қажеттілігі, су құбырларын тарту, жолдарды жөндеу, әлеуметтік қызмет көрсету, жалақыны көтеру, ұлттық спорт түрлері бойынша іс-шараларды қаржыландыру, т.б. мәселелерді көтерді.
 
Сонымен қатар, тұрғындарды тас жолдарды тез тоздыратын көп тонналық жүк көліктері алаңдатады. Тас жолдар ережеге сай 8 тоннадан аспайтын жүк тасуға және жеңіл көліктерге арналған. Бірақ тұрғындардың айтуынша, бұл талаптарды бәрі бірдей орындай бермейді. Ара-тұра облыс үшін маңызды негізгі жолдардан қиыршық тас тиеген 40 тонналық жүк көліктері өтеді. Аталған мәселені шешу үшін аймақ басшысы тұрғындарды бірігіп өзін-өзі реттейтін қоғам құруға шақырды.
 
-Әр шахман көлігіне көлік инспекциясының, жол полициясының, әкімдіктің, экология департаментінің өкілдерін байлап қоя алмаймыз. Жүк көлік иелері де облысымыздың тұрғындары. Олар да осы кәсіп арқылы отбасын асырап отыр, біріміздің әкеміз, біріміздің ағамыз, енді біріміздің досымыз. Бөтен адамдар емес. Сондықтан біз өзін-өзі реттейтін жүйе қалыптастыруымыз керек. «Жаңа Қазақстанның» ұстанымы да сол. Қоғам өзін-өзі реттеуі тиіс. Және билікті соған бағыттау керек,– деді Нұрлан Ноғаев.
 
Сонымен қатар облыс әкімі өз кезегінде ауыз су мәселесіне де тоқталып, су ресурстарын үнемді пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, ауданға қарасты Шайыр ауылындағы “Шайыр бұлақ”маңынан су үнемдеу қондырғыларын орнату шараларын қолға алуды тапсырды.
 
-Әр нәрсенің шегі бар. Судың да сұрауы бар. Сондықтан суды тиімді пайдалану мәселесіне назар аудару қажет. «Шайыр бұлақ» маңынан су үнемдейтін қондырғы орнату керек. Тұрғындардың айтуынша, жыл өткен сайын бұлақтың көзі әлсіреп барады. Ал, келешекте бұл су көзі мүлдем жойылып кетсе не істейміз? Біздің мақсатымыз – қолда бар ресурстарды оңтайлы пайдалану. Бұл бір бұлаққа ғана емес, жалпы облыстағы барлық су көздеріне қатысты. Осы жұмыстар уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында болуы керек. Бұл мәселені тез арада шешуді жауапты басшыларға тапсырамын, – деді Нұрлан Ноғаев.
 
Есеп беру кездесуі аяқталғаннан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады. 
 
2022 жылығы мәлімет бойынша  аудан халқының саны 36900 тұрғынға жеткен. 
Маңғыстау ауданының аумағы 4 701 832 гектарды алып жатыр. Оның 3 182 304 га жері ауданның резервінде, 200 730 га елді мекендер, ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер -1 131 195 га.
 
Ауыл шаруашылығы саласына келсек, облыста 576 шаруа қожалығы бар. Оның 36-сы егін шаруашылығымен, 540-ы мал шаруашылығымен айналысады. «Жасыл дәліз 2» бағдарламасы бойынша 30 670 бас мал саны тіркелген. Ауыл шаруашылығының негізгі бағыты – мал шаруашылығы, оның ішінде ет, сүт, жұмыртқа өндірісі. 
 
Егін шаруашылығымен негізінен Жыңғылды, Сай-Өтес, Ұштаған, Онды, Шайыр ауылдарының тұрғындары айналысады. 37 шаруа қожалығы 262 гектар алқапқа бақша дақылдарын егеді. Оның ішінде 236 гектар аумақта тамшылатып суару қондырғылары қолданылады. Жалпы жыл сайын 6500 тонна өнім өндіріледі.
Тегтер: