13 Наурыз 15:50
...

«600 мың теңгеге ұлыңызды әскерден алып қаламын». Осылай дейтін заңгерлер НЕГЕ көбейді?

Сарбаз
Фото: Фото: istockphoto.com

Соңғы кезде әлеуметтік желіде «Ұлыңызды әскерден алып қалуға көмектесемін» деген жарнамамен жылт ететін заңгерлер көбейді. Бұлардың қатары неге артты? Шынымен де, әскерге қарсы көрсетілімі бар диагнозбен де ала бере ме?

«Көшеден заңсыз ұстап әкетіп, бірден военкоматқа апарып, денсаулығын толыққанды тексерместен әскерге жіберіп жатқандарға көмектесе аламыз» деген заңгерлер қайдан шықты? Демек, сұраныс бар деген сөз. Егер оларға ата-аналар хабарласып, көмегіне жүгінбесе қалай әрекет етеді?

Осы сауалдарға жауап іздеу үшін әлеуметтік желіні шолып шықтық. «Әскерге алынатын жастағы балаңызда белгілі бір диагнозы болса, хабарласыңыз...» деген бірнеше парақша атып шықты. Жазылушылар саны да көп. Осы тақырыпқа қатысты арнайы видеолар жүктелген, тіпті военкоматтың өзінен босатылып шыққан жігіттердің ата-анасының алғысы да бар.

NEGE тілшісі екі парақшаның иесіне хабарласып көрді. Әуелгі заңгер бірден қай қаладан екенімді сұрай келе, «Алматыдан болсаңыз, кеңсеге келуіңізге болады. Егер балаңызда қандай да бір әскерге алынбайтын қарсы көрсетілім болса, уақытша кейінге шегере аламыз» деп едел-жедел ақпаратын айтып үлгерді. «Ал бұл қызметтің құны қанша?» деген сауалға: «600 мың теңге. Бізде рассрочка да, Каспи кредит те бар» деген жауап алдық.

Бұдан соң заңгер Жандос Мақсатұлына телефон шалып, кейбір мәселені нақтылауға тырыстық.

Әскер
Фото: әлеуметтік желіден

– Жандос, диагнозы бар азаматтарды әскерден алып қалуға байланысты заңгерлік көмекті қашаннан бері ұсынып келесіз? Сіздерге негізінен кімдер жүгінеді?

– Бұл салада жұмыс істеп жатқаныма үш жыл болды. Кеңсеміз Алматы қаласында орналасқан. Қазақстан бойынша офлайн және онлайн көмек береміз. Біздің тәжірибеде осы мәселе бойынша зардабын тартқан адамдар баршылық. Әскерге алынуға қарсы көрсетілімі, яғни диагнозы бар азаматтарды алып кеткен жағдайлар да кездеседі. Тіпті, екі баланы әскерге шақыру мерзімі тоқтатылған уақытта, қаңтардың 15-і күні алып кеткен. Одан бөлек ауру-сырқатына қарамай шақырып, медициналық комиссияда «жарамды» деген қорытынды шешім алғандар көп.

Әскерге шақырту кезінде негізінен диагнозы барлар хабарласады. Біз де диагнозына қарай әрекет етеміз. Сосын медициналық комиссия құрамына сенімхат арқылы қатыса аламыз. Бұған заң рұқсат береді. Бір диагноз арқылы әскерге алыну уақыты кейінге шегеріледі, енді бір диагнозбен мүлдем шеттетіледі. Ал майтабанның (плоскостопие) екінші стадиясы әскерге жарамды, бірінші стадиясы жарамсыз. Біз сол баланы заңдық тұрғыдан сүйемелдеп, құқығын қорғай аламыз. Қазір нақты қанша клиентке көмек көрсеткенім жайлы айта алмаймын. Бірақ клиенттік база ауқымды. Бізге әлеуметтік желі арқылы-ақ хабарласып жатыр. Жұмыс неге 99,9 пайызға нәтиже береді десек, себебі біздің көмекке диагнозы барлар жүгінеді.

Медкомиссия
Фото: видеодан стоп-кадр

– Мәселен, әскерге қандай диагнозбен алынбайтыны жайында «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 35-бабында көрсетілген. Бірақ соны біле тұра сіздерге хабарласатындарды заңдық тұрғыдан сауатсыз дей аламыз ба, әлде... 

– Ата-ана да, кәмелетке толған жігіт те әскерден не үшін қашады деп ойлайсыз? 2015 жылы Түркістан облысы, Ленгір қаласында әскери борышымды өтедім. Өмірім «Армияға дейін және кейін» болып бөлінді. Өз басым денсаулығы жарамды, моралдық-психологиялық жағынан мәселе туындамаса, жастардың әскерге барғанын қалаймын. Бір жылда ересек өмірге үйренеді, бірден есейіп келеді.

Әрине, олар «Нені қорғаймын?» деуі мүмкін. Кез келген азамат елінің алдында азаматтық борышын өтеуі міндетті. Келген клиенттерге де «Егер ауру-сырқатың болмаса, барып келу керек» деп айтамын. Ал енді денсаулығың келмесе, әскерге барғаннан ешкімге пайда жоқ. Біріншіден, денсаулығың жарамсыз, екіншіден, ертең мүлдем нашар жағдайда оралып, жұмысқа да жарамай, ата-анаңның соры боласың.

Аурудың тізімі, медициналық комиссия жұмысын дұрыс жүргізудің ережесі бар. Өйткені, бұл «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 35-бабында анық жазылған. Әскерге жарамсыз болса барма, оған себеп бар деген сөз.

– Ал сіздер көмек қолын созып жатқан дәл сондай әлжуаз жігіттер неге әскерге алынып жатыр?

– Заң бәрімізге ортақ. Мәселе заңда емес, сол лауазымды қызметте отырған кейбір басшылардың өкілеттілігін асыра пайдаланатынында. Сосын бұл жерде мәселе тек военкомат қызметкерлеріне ғана тіреліп тұрған жоқ. Көп жағдайда шешімді медициналық комиссия құрамы қабылдайды. Науқас азаматтар қалай жарамды болып кетеді? Сол медициналық комисия дәрігерлері қызметтік беделін асыра пайдаланады.

Жауынгер
Фото: ғаламтордан

Мәселен, Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы бір клиентіме остеохондроздың асқынған түрі диагнозы қойылған. Бірақ оған дәрігер зерттеу жүргізетін акт бермей, әбігерге салған. Осындай деректер жетеді.

P.S. Біз тілдескен заңгерлер «Медициналық комиссия құрамына кіріп, ондағы ақ халаттылардың заңсыздық әрекетке жол бермеуін қадағалаймыз» десе, бұған дейін сұхбат берген Қорғаныс істері департаменті басшысының орынбасары Ержан Хамитұлы «Біздің тәжірибеде комиссия құрамында заңгер болған жоқ. Белгіленген заң талабы бойынша өткені – барады, өтпегені үйіне қайтады» деп жауап берген еді. Алайда, әскерге шақыру маусымы қарсаңында қызмет ақысы 400 мыңнан басталатын заңгерлердің көмегіне жүгінушілер қатары көбеймесе, азайып жатқан жоқ.