11 Наурыз 08:49
...

«Әскери жарғының талаптарында «Я не хочу» деген әңгіме жоқ» – Ержан Хамитов, подполковник

Әскер
Фото: egemen.kz

Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталып кетті. Биыл Қазақстан бойынша әскер қатарына алынуы тиіс 42 098 сарбаздың үш жарым мыңы Алматы қаласынан аттанбақ.

NEGE тілшісі қорғаныс саласына қатысты көптің көкейінде жүрген бірқатар сауалды Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ержан ХАМИТОВҚА қойған еді.

Подполковник
Е.Хамитов. Фото: NEGE

– Ержан Хамитұлы, республика бойынша басталып кеткен көктемгі әскери шақырылым науқанына Алматы қаласының да қосатын үлесі қомақты сияқты. Әскерге аттанатын алғашқы сарбаздар легі сап түзеді ме?

– Әскерге шақырылым науқанына кірісіп кеттік. Бір аптада өз еркімен келген 30 шақты жігіт медициналық комиссиядан өтіп жатыр. Биыл Алматы қаласынан 3 500-ге жуық сарбаз әскер қатарына алынуы тиіс. Өзіңіз білесіз, әскери шақырылым көктем және күз мезгілінде жүзеге асады. Яғни, көктемгі науқан – 1 наурыз бен 30 маусым аралығында 1 700, күзде 1 қыркүйек пен 31 желтоқсанда қалған 1700-ге жуық сарбазды шақырамыз.

Қалада 8 аудан бар десек, әр аудан жасы келіп тұрған азаматтарды тұрғылықты жері бойынша әскери комиссариатқа (военкоматқа) шақырады. Сол жерде әскери медициналық комиссиядан өтіп, жеке ісі бойынша құжаты дайындалады. Содан кейін ғана қалалық жинақтау пунктіне жеткізіледі. Бұл жерден тағы да медициналық комиссиядан өтеді. Себебі, кей ауданда керекті маманның болмай қалуынан азаматтарды жан-жақты медициналық тексерістен өткізіп, денсаулығы жайында толыққанды мәлімет алынбауы мүмкін. Сондықтан шақырылған азаматтың отбасылық жағдайы, денсаулығы, жеке басына қатысты жайттың бәрі мұқият қаралады.

Қазір мұны анықтай салу түк қиын емес. Бәрі базада тұр. Егер ол арнайы есепте тұрса немесе бала кезінен созылмалы ауруы болса, бәрі медициналық картасында жазылады. Азаматтың әскерге жарамды-жарамсыздығы туралы негізгі шешімді қабылдайтын да – қалалық медициналық комиссиясы. Содан кейін ғана оларды Қарулы күштер, Мемлекеттік күзет, Ұлттық ұлан, сондай-ақ ҰҚК шекара және Төтенше жағдайлар қызметіне бөліп жібереміз.

Медкомиссия
Фото: Caravan.kz

– Осы жерде нақтылай кетсек. Мәселен, әскерге шақырылған азаматтардың қорғаныс саласының қай қызметіне баратыны қандай критерийлерге байланысты шешіледі?

– Қорғаныс саласының өзі түрлі тармаққа бөлінеді. Қай қызметінің де талабы, тәртібі, ерекшелігі бар. Соған сай әскери қызметтің сарбаздарды қабылдауда да өз критерийі бар. Айталық, мемлекеттік күзетке лайық сарбаздардың бойы 1,80-1,90 см және денесі шымыр болуы керек. Сол сияқты қарулы күштер қатарындағы десанттық шабуыл сарбаздарын да белгілі талап бойынша алады.

– Егер әскерге барғысы келетін азамат «Қорғаныс саласының мына қызметіне барғым келеді» десе, оның қалауы ескеріле ме?

– Әрине, ескеріледі. «Осындай жерлерге баруға мүмкіндік бар. Қайсысын таңдайсың?» дейміз. Өз қалауымен, өз таңдауымен барған дұрыс қой. Ешқандай қиындық туындамайды. Ондай адам әскери борышын да толық атқарады. Қазір әскерден қашып жатқандар көбейген кезде өз еркімен барғысы келетіндердің жүрек түкпіріндегі арманын орындағанда тұрған ештеңе жоқ. Меніңше, бұл – олар үшін үлкен мотивация. Біз енді кейде жігіттердің ұнжырғасы түспесін дейміз ғой. Бірақ заңдық тұрғыда баланың қалауын орындауға міндетті емеспіз. Бұл еш жерде жазылмаған.

Жалпы, әр өңірдегі әскери бөлімшелерден «Бізге осыншама сарбаз керек» деген нақты санды жібереді. Кейбір жігіт «Батыс Қазақстан облысына барсам бола ма?» деп сұранса, «Қай жаққа жіберсеңіздер де, маған бәрібір. Бәрі бір Қазақстан ішінде ғой. Азаматтық борышымды өтесем болды» дейтіндер де баршылық. Тіпті, «Әскерге барсын!» деп баласын өздері жетектеп әкеліп жатқан ата-аналар бар.

– Ал әскер қатарына кімдер алынбайды, кімдер баруға міндетті?

– Негізінен «Д» есебінде тұрған азаматтар әскерге алынбайды. Бұлар жарамсыз санатындағылар. Яғни, әскер қатарына алынуға қарсы көрсетілімі, диагнозы бар деген сөз. Мәселен, көзі нашар көруі немесе асқазанында созылмалы жара, басында киста болуы мүмкін. Одан бөлек жүрек, бүйрек ауыратыны туралы диагноз қойылса, артрозы бар майтабан болса, бара алмайды. Мұндай жағдайда медициналық комиссия жарамсыздығы туралы анықтама береді.

Отбасылық жағдайы қиын балалар әскерге бара алмайды. Оның ішінде жалғызбасты ана I топ мүгедек болса ғана баласы әскерге шақырылмайды. Ал анасының денсаулығы жақсы болса, жалғыз ұлы да азаматтық борышын өтеуі тиіс. Сондай-ақ жалғызбасты ананың әскерге баратын баласы үйдің үлкені болса, одан кейінгі екі-үш бала кәмелет жасқа толғанша асыраушысы саналады. Демек, бұл азаматтың әскерге алыну мерзімі кейінге шегеріледі.

Сосын жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, магистранттар уақытша босатылады. Ал қашықтан, сырттай, кешке оқитын азаматтар әскерге міндетті түрде алынады. Кейде ата-ананың көбі осыны түсінбейді. Баласын қашықтан шетелдік оқу орындарына түсіріп қояды. Бірақ бала Қазақстанда жүреді. Бұл азаматты әскерге алып кетуге құқымыз бар.

Жалпы, әскерге 18-27 жас аралығындағы азаматың бәрі шақырылады. Ал үйленген, заңды түрде некеге тұрған азаматтың бір баласы болса, әскерден босатылады. Қоғамда «Баласы бар болса да, алып кетеді екен» деген қаңқу сөздерді естіп қаламыз. Бұл – жалған ақпарат.

– Әскерден кейінге қалдыруды қандай жағдайда береді?

– Егер қандай да бір хирургиялық ота жасалса, ол азаматты бірден әскерге алмайды. Себебі, оған шамадан тыс салмақ түсіруге, артық қимыл-қозғалыс жасауға, физикалық жаттығу жасауға болмайды деуі мүмкін. Медициналық комиссия ота жасаған дәрігер жазбасының электронды нұсқасын қарап-ақ, бәлкім 3 айға, бәлкім 5 айға кейінге қалдыру туралы шешім шығарады. Қазір бәрі электронды жүйеде тұр. Ешкім қолмен қағаз әкелмейді.

Күштеп әкету
Фото: tengrinews.kz

– Әлеуметтік желіде «Егер балаңызда мынандай диагноз болса, бізге хабарласыңыз. Әскерге алынбауын қамтамасыз етеміз» деген заңгерлерлен көз сүрінеді. Сонда бұл әлжуаз балалар да әскер қатарына алынады дегенді білдіре ме? Шын мәнінде, әлгі заңгерлер заңдық тұрғыда медициналық комиссия құрамына кіре ала ма?

– Бұл олардың бизнеске айналдырып алған іс-әрекеті. Былайша айтқанда, бізге қарама-қайшы жұмыс істеп, кедергі келтіруде. Олардың медициналық комиссия құрамына кіруге құқы жоқ. Анық-қанығын айтқанда, бұған дейін мұндай жағдай бізде болған емес.

Әлгінде айттым, баланы екі медициналық комиссиядан өткіземіз. Оның үстіне бұл комиссияның ешбір әскери военкоматқа қатысы жоқ, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасына қарайды. Шешім солардың нақты жауабымен қабылданады. Олардың да басы екеу емес. Заң алдында жауап береді. «Жарамсыз баланы әскерге алып кетеді» деген бос сөз. Өткен бала барады, өтпегені үйіне қайтады. Біз денсаулығы жарамсыз жігітті әскер қатарына қалай жібереміз?

– «24 жасқа толғаннан кейін ақылы 40 күндік әскерге барамын» дейтіндер көп. Оған негізінен кімдерге басымдық беріледі?

– 24 жасқа толған азаматтың бәрін ол жаққа жібере беруге міндетті емеспіз. Біз әуелі мерзімді әскери шақырылымға баратын жастарды жинақтаймыз. Содан қалып қойған немесе денсаулығында қандай да бір кінәраты бар жастарды, сондай-ақ отбасы, баласы бар 24 жасқа толған азаматтарды алады. Бәлкім, олар әскери салаға қызметке орналасқысы келуі мүмкін. Ал кез келген қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін жігіт мұнда бара алмайды. 40 күндік әскердің мақсаты – резерв қатарын толықтыру.

– Ал ата-аналар неге баласын әскерге жібергісі келмей шыр-пыр болады деп ойлайсыз?

– Әр ата-ана үшін баласының амандығы қымбат. Адам жақсы нәрсе ойлау керек. «Егер ажалың келсе алтын сандық ішінде тығылып жатсаң да табады. Ал ажалың жоқ болса, жаңбырдай жауған оқтан да адам тірі қалады» демей ме? Тағы бір тәмсілде «Ажал келсе, адам аяқтағы суға да тұншығып өледі» деген. Сондықтан кімнің ажалы неден келетіні бір Аллаға ғана аян. Шын мәнінде, мұндай жағдай әскерде ғана емес, жоғары оқу орнында, мектепте де, көшеде де болып жатыр.

Ал сарбаз әскерге барған соң ажал құшса, оған түрлі фактор әсер етуі мүмкін. Одан психологиялық тест алынса да, отбасылық тәрбие мен тұрмыс, тағы басқа көзге көрінбейтін жайттар бар шығар, кім білсін?

Мәселен, кей жігіттер қатты барғысы келеді, әскери билетке қол жеткізіп, мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасуды армандайды. Сөйтеді де дәрігермен, психологпен әңгімелесу барысында ағзасындағы, ішкі құрылысындағы ауруын айтпай, жасырып өтіп кетеді. Ата-ана қай кезде де кінәліні іздейді. Бірақ неге екені белгісіз, 18 жасқа дейін баласын жанынан шығармай, өбектеп өсіреді. Әрине, әбден еркелеп өскен бала тек қана еркектерден құралған үлкен топтың ортасына түскенде сынып кетуі мүмкін. Бәрі отбасындағы тәрбиеге байланысты деп ойлаймын. Әскери жарғының талаптарында «Я не хочу», «Это не мое» деген әңгіме жоқ. Оны орындау керек, орындамаған жағдайда азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалады.

Бір командир жүз шақты балаға жауапты десек, әскери құрылым әр сарбаздың мәселесін тыңдап отыратын жер емес. Негізгі қойылған тапсырма – жауынгерлік дайындықты меңгеріп, төтенше жағдайға төзімді болуға шыңдау. Қазір әскерде әлімжеттік жоқ. Бұрынғы «дембель», «молодой» деген түсінік қалмаған. Барып келген жігіттерден сұрасаңыз да айтады. Бүгінде пәлен жыл бұрынғы видеоларды әлеуметтік желіге салып, елді дүрліктіретіндер көбейді. Ал оның ақ-қарасын ажыратпай, алып-қашпа әңгімеге еретіндер тағы бар.

Бірақ айта кетейін, соңғы 6-7 жылда әскерде барлық жерде бейнекамера орнатылған. Жататын жерде, демалатын, тамақ ішетін орында, әскери бөлімнің территориясында да камера бар. Кейінгі жылдары қорғаныс саласына жағдай жасалып жатыр. Сондықтан жастардың құр сандалмай, елге бір пайдасын тигізіп, азаматтық борышын өтеп келгені дұрыс.

Армия
Фото: asker.kz

– Әйтсе де, соңғы жылдары жастарды әскерге алу мәселесі күшейтілген режимге көшкен жоқ сияқты. Бұған жан-жақтағы соғыстың әсері болуы мүмкін бе?

– Жоқ. Мүлдем олай емес. Жалпы, мұндай талап бізде ғана емес, барлық мемлекетте бар. Біз ешкімді күштеп алып кетпейміз. Егер балаға SMS хабарлама келді ме, ол міндетті түрде аудандық әскери военкоматқа баруы керек. Бірақ ол ат ізін салмайды, содан үйіне іздеп барса, ата-анасы «үйде жоқ» деп тығады. Сосын бұл жұмыс әрі қарай учаскелік полицияға тапсырылады. Сонда қалай, оның шақыртуға келмегені дұрыс та, ал біздің заңды түрде учаскелік полициямен мәжбүрлеп әкелгеніміз дұрыс емес пе?

– Өзіңіз ұлыңызды әскерге жіберер ме едіңіз?

– Ең бастысы, ұлымның денсаулығы жараса, міндетті түрде жіберемін. Әрбір азамат азаматтық борышын атқаруы тиіс. Бұл туралы Ата заңның 36-бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады», – деп анық жазылған.