Нұрынан айрылған қаржы институты. «Нұрбанк» жылдық табысын НЕГЕ 3 миллиард теңгеден асыра алмай отыр?
«Нұрбанк» 2017 жылы мемлекеттен алған 46,8 миллиард теңгенің 30 миллиард теңгесін өз қаржылық есептілігіне кіріс ретінде жатқызған. 2022 жылғы ортақ табысы 2 миллиард теңге болды. Бірақ оны банк қожайыны Эльдар Сәрсенов дивиденд ретінде ала алмайды. Оған мемлекет мүмкіндік бермейді.
«Нұрбанк» 2022 жылдың аудиттелген қаржылық есебін жариялады. Осы кезеңдегі банктің пайдасы 3,4 миллиард теңге, ал ортақ кірісі 2 миллиард теңгені көрсетті.
Банктің проценттік табысы 33 миллиард теңгеден 42 миллиард теңгеге өскенін көріп отырмыз. Бірақ проценттік шығындары мен күтілетін кредиттік шығындары көбейіп кеткен.
"Нұрбанк" АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есептілігі. Аудитор: GrantThornton
«Нұрбанк» кезінде мемлекеттің көмегін аяусыз пайдаланды. Ол Ұлттық Банктің қаржылық тұрақтылықты артыру бағдарламасына қатысып, Қазақстан қор биржасында 4 пайызбен 46,8 миллиард теңгеге облигациялар орналастырды.
Бір сөзбен айтқанда, мемлекет оған 15 жылға 4 пайызбен 46,8 миллиард теңге қарыз берді.
Сол күні банк жеңілдікті 4%-бен жылдық 15,6% болатын нарықтық мөлшерлеме арасындағы 30,1 миллиард теңгені дисконт ретінде танып, кіріске жатқызған.
«Нұрбанктің» бір жаман жері, әрқайсының алған қарызы банк капиталының 10 пайызынан асатын 11 кредиторы бар. Қарыз концентрациясының тәуекелі арта түседі. Және олар кімдер, банкке қандай жақындығы бар деген сұрақ туындайды. Осы 11 тұлға «Нұрбанкке» бұл күндері 92,2 миллиард теңге қарыз.
Қазіргі таңда «Нұрбанкке» «J.P. Finance Group» фирмасы арқылы Эльдар СӘРСЕНОВ иелік етеді.
Эльдар Сәрсенов.
Ол – олигарх Рашид СӘРСЕНОВТІҢ ұлы.
«Нұрбанк» 2022 жылдың қортындысы бойынша акционеріне дивиденд төлемеуі тиіс. Себебі, мемлекеттік көмекті әлі қайтармады. Яғни, әзірге банк Эльдар Сәрсеновке еш пайдасын келтіріп жатқан жоқ.