Құрылтай — 23 тамыз
USD
USD
USD

Қазақстан мен Өзбекстан спорт саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Алматыда Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Өзбекстан Республикасының Спорт министрі Адҳам Икрамовтың екіжақты кездесуі өтті.

Спорт
Фото: ҰОК

Алматы, NEGE. Іс-шараға сондай-ақ екі елдің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің өкілдері – Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, Өзбекстан ҰОК төрағасының бірінші орынбасары Отабек Умаров, екі елдің Паралимпиадалық комитеттерінің өкілдері және салалық спорт ұйымдарының басшылары қатысты.

Келіссөздер барысында тараптар спорт кадрларын даярлау, паралимпиадалық спортты дамыту, ұлттық спорт түрлері аясындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру сияқты екіжақты ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады.

Кездесу аясында биыл қараша айында Түркістан қаласында футболдан ұлттық құрамалар арасында жолдастық матч өткізу және 2026 жылы Астанада өтетін «Болашақ ойындары» халықаралық жарысына өзбек делегациясының қатысу мәселесі де қарастырылды.

«Қазақстан мен Өзбекстан – спорт саласындағы стратегиялық серіктестер. Бізді ортақ мақсаттар, тарихи және мәдени байланыстар біріктіреді. Екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту спорт саласының дамуына тың серпін беретініне сенемін», – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар министр Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталғанын айтып, өзбек тарапын спорттық білім беру саласында ынтымақтастық орнатуға шақырды.

«Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті әрдайым ынтымақтастыққа ашық және әріптестеріміздің бастамаларына құрметпен қарайды. Әсіресе Олимпиадалық қозғалыс аясындағы бірлескен жұмыс өте маңызды. Мұндай кездесулер серіктестікті нығайтып, елдеріміздегі спортты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Геннадий Головкин.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әріптестікті нығайтуға және тұрақты спорттық диалогты дамытуға өзара мүдделі екендерін растады.

Қазір оқып жатыр

Ақмола облысында генератор ұрлағандар бір ауылды сусыз қалдырған

генератор ұрлығы

Нұрай Серікбайдың қазасы бойынша айыпталушы сотта қысым көргенін мәлімдеді

Күдікті, Нұрай

Павлодар облысында кәріз құдығындағы алты адамның өлімі: үш күдікті ұсталды

Кісен

Тоқаев Колумбия жойқын жер сілкінісіне байланысты ел Президентіне көңіл айтты

жер сілкінісі