22 Маусым 23:09

«Нұр Отаннан» «Ауылға» дейін: Партияларға қанша қаржы бөлінеді?

Фото:

Қазір елде қос бірдей аса маңызды шаруа атқарылуда: мемлекет індетпен күресуде, үкімет көктемгі карантиннен ілдәлдалап шыққан экономиканы оңалтуды ойлап бас қатыруда. Жұмысынан айырылып қалған азаматтар мен бизнесі тұралап қалған кәсіпкерлер де тіршіліктің жіңішкерген жібін қалай жалғаймыз деп жандәрмен жанталасып жатыр.

Күні кешеге дейін елдегі саяси партиялар осы қарабаластың қалтарысында қалғандай еді. Жұрттан оқшауланып оңаша мамыражай күш кешкендей болған. Бірақ көп ұзамай партия атаулының бәріне жан бітерін бәріміз сеземіз. Дәрігердің сырт еткізген саусағынан көзін ашқан ұйқыдағы науқас секілді алдағы парламент сайлауының қарсаңында біразы саяси наркоздан оянады. Біраздан соң партиялардың көсемсіген, шешенсіген, топ бастар серкелерінің сөзін естіген ел «апыр-ай, қайнаған өмірдің бел ортасында осылар жүр екен-ау» деп қайран қалары да сөзсіз.  

Шыны керек, партиялардың қоржыны мен олардың қалтарыс-бұлтарыс тұстарына үңілу туралы ұсынысқа аса елп ете қоймадым.  Тек партия қызметкерлерімен әңгімелесе келе қызықтың көкесі осында жатқанын аңғара бастадым. Оның бәрін ретімен баяндауға әрекеттеніп көрейін.

Бірден айта кетейін, бұл мақаланы жазудағы мақсат қазақстандықтарға елдегі саяси партиялар алаңындағы жағдай туралы шынайы ақпар жеткізу, партиялардың осындай қиын-қыстау кезеңде мемлекет пен қоғамға көмектесіп жатыр ма, жалпы бұлардан жұртқа келіп-кетер қандай пайда бар деген сауалдарға жауап іздеу болды.

Байланыстан ажырамаңыз

Арнайы мамандар 2020 жылдың 8 маусымынан бастап 12 маусымға дейін партиялардың облыстардағы филиалдарына телефон шалды, түрлі сұрақтарын жолдады, қабылдауларына жазылды.

Бірден байқағанымыз, көп партияның өңірлерде кеңсесі жоқ, бар болса телефоны жоқ немесе тұтқаны ешкім көтермейді. Ақырында «Азат» пен «Бірлік» партияларына хабарласа алмадық. Телефон қоңырауы бойынша ең нашар бағаны «Ауыл» партиясы алды.  Мынандай қызық болды: партияның сайтында партияның облыстық филиалының төрағасы ретінде көрсетілген А.Хусаинов өзінің сондай лауазымы барын бізден естіп-білді. Айтуынша, төрағалықтан баяғыда бас тартқан екен.

ЖСДП-ның сайтында көрсетілген телефон нөмірлері істемейді. «Ақ жол» партиясының өкілдері де телефон тұтқасын көтеруге ерінетін секілді. Ал партияның Ақмола облыстық филиалына хабарласқанымызда, ар жақтағы дауыс өзін автосалон қызметкері ретінде таныстырды. «Ау, партия қайда?» деген сауалымызға осы салонда «Ақ жолдың» филиалы отырғаны, бірақ қазір бәрінің жұмыстан қуылғаны туралы жауап естідік. Бұл партияның Тараздағы  филиалы хайуанаттар бағында отырады екен. Иә, күлмеңіздер, шынымен солай. «Ақ жолдың» облыстық филиалдарының жартысынан көбі не телефон көтергісі келмейді, не нөмірлері істемейді. «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ер Төстігім – бір төбе» демекші, құрылғанынан биліктің бишігін білегіне ілген «Нұр Отанның» жағдайы қалай екен дедік.  Сөйтсек бұл партия да қарсыласынан көш ұзамапты. Өңірдегі филиалдарына хабарласу үшін  (Нұр-Сұлтан қ., Қарағанды және Түркістан облыстары) темірдей төзім керек екен. Онысы аздай «Нұр Отанның» қызметкерлері өздерін таныстыруды артық санайды және телефонмен дөрекі сөйлеуді әдетке айналдырыпты (Алматы қ.). Партиялармен байланысқа шыққан мамандарымыз басында ҚХКП қызметкерлерінің елгезектігіне ерекше қайран қалған. Бірақ олардың да бар жағымды әсері сол жылы амандасудан әрі аспапты.

1-қорытынды: Жалпы алғанда бір де бір партия телефон шалған азаматтардың арыз-мұңын тыңдап, қабылдауға қатысты сапалы жұмыс көрсете алмады.

Қабылдауға жазылу мен көмек қолын созу

«Нұр Отан» мен «Ауыл» партияларының қалалық және облыстық филиалдары жетекшілерінің қабылдауына жазылу мүмкін емес болып шықты. Партия ұйымының басшылары карантинге сілтеп азаматтармен кездесуден бас тартады. Ал басқа партиялар індетке қарамастан келген адамды қабылдауға әзір. Бірақ одан кісіге келер еш пайда жоқ. Саяси партиялар қиын-қыстау жағдайда қалған адамдарға қолұшын беруге қауқарсыз болып шықты. Арнайы мамандар карантин кезінде жұмысынан айырылып қалған жалғызбасты ананың кейпіне еніп,  материалдық көмек көрсетуін сұрады. Барлық партия көмек көрсетуден бас тартты, кейбірі тек кеңес беруден әрі аса алмады. Оның үстіне партия қызметкерлері де өздеріне келгеннен дым пайда жоғын, еш көмек көрсете алмайтындарын жасырмай ашық айтқан.

ҚХКП-ның астаналық комитетінің бірінің басшысы былай деген: «Егер көмек қажет болса, «Нұр Отанға» хабарласыңыздар. Олар әйтеуір бірдеңе үлестіруде. Ал  бізде ондай жоқ!». Басқа елде өзіне хабарласқан сайлаушыға партия өкілінің  бәсекелес партия жаққа қарай жол сілтегені анекдотқа бергісіз жағдай болар ма еді? Ал бізде өмірдің ащы шындығы осы!

«Ауыл» партиясының БҚО филиалындағы қызметкері М.Әнесов өзінен көмек сұраған «көпбалалы ананы» жұбатудың орнына, партияда ақша жоғына, ал сайлаушылар «Ауылға» дауыс бермейтініне налып қосыла жылапты. Осы партияның Қарағанды облысындағы филиалының жетекшісі өзіне көпбалалы ананың хабарласып тұрғанын естісімен, дөрекі түрде өзінің бос еместігін айтып, тұтқаны тастай салған. Соған қарағанда партия жетекшілерінің азаматтардың проблемаларынан да үлкен маңызды мәселелері бар секілді.

Сыпыра жамандай бермейік, әрине.  Өзіне өтініш айтқан азаматтармен жұмыс жасау жағынан өзгелермен салыстырғанда ҚХКП-ның Атырау облыстық филиалының жетекшісі Е.Дәулетқазиев пен ЖСДП-ның Ақмола облысындағы филиалының жетекшісі В.Смоквин көңілге қонымды нәтиже көрсетті. Екеуі де хабарласқан азаматтарды кез келген уақытта қабылдауға және қолдан келгенше көмек көрсетуге әзір екендерін жеткізген. 

2-қорытынды: Саяси партиялар ешқандай көмек көрсетпейді.

Сайттар, әлеуметтік желілер

«Азат» партиясының сайты істемейді, «Бірлік» партиясында ол атымен жоқ. Бұл саяси партияларды әлеуметтік желілерден де таппайсыз. Осыдан соң не кеңсесі, телефоны, сайты жоқ, әлуметтік желілерден мүлдем мақұрым мұндай саяси партиялар сайлаушыларды былай қойғанда, мүшелерімен қалай байланыс орнатады екен деген ойға қалдық. ҚХКП қып-қызыл бояуға қанған қос бірдей сайт ашқан. «Ақ жолдың» сайтында үнемі «Not found» деген жазу шығып тұрғандықтан ондағы материалдармен танысу мүмкін емес. Әупірімдеп жүріп, он бесінші мәрте талаптанғанда ғана «Ақ жолдың» сайтына кірдік. Бірден байқалатыны сайттағы партияның төрағасы А.Перуашевтың суреттерінен көз сүрінеді. Сайт жұмысын баяулататын да осы жағдай шығар. Сәл қарапайым болған дұрыс.

Әлеуметтік пайдалы істер

Әлеуметтік маңызды істер айдарымен «Ақ жол» дөңгелек үстелдер өткізуді жөн көрсе, ЖСДП бас бетінде партия төрағасын туған күнімен құттықтайды, халықтық коммунистердің облыстық комитеті Павлодар облысының әкіміне В.Лениннің 150 жылдығына орай шығарған мерейтой медалін табыстайды. Қандай еңбегі үшін екенін ешкім ежіктеп жатпапты. «Нұр Отан» әлеуметтік маңызы бар шаралар ұйымдастырады, алайда қазір негізгі күш праймеризді ұйымдастыруға жұмылдырылыпты. «Ауыл» партиясының сайтынан партия мүшесінің Қарағанды облысындағы бір ұжыммен кездескені туралы жаңалық оқыдық. Көмескі суретте ұжым ретінде көрсетілген үш адам тұр. «Ауыл» мүшелерінің нені талқылағанын өздерінен басқа ешкім білмейді. «Азат» пен «Бірлік» бірдеңе өткізуді қажет деп таппаған секілді.

3-қорытынды: Партиялар елге немесе қоғамға пайдалы ешқандай шара өткізбейді.

Саяси партиялар қазынадан қанша қаржы алады?

Парламент Мәжілісінен орын алған саяси париялар ҚР «Саяси партиялар туралы» заңының 18-бабының 1-тармағына сәйкес, жыл сайын бюджеттен ақша алады. Мысалы саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға қажет ақша республикалық бюджеттен қарастырылады. Парламент Мәжілісіне өткен саяси партиялар өздеріне дауыс берген әр сайлаушы үшін ең төменгі жалақының үш пайыздық көлемі ретінде қаржыны алуға құқылы. Бюджет қаржысын саяси партиялар өзара, сайлаушылардың қанша дауысын алғанына қарай пропорционал бөлінеді.

Ашық дереккөздерден мұндай мәлімет таппадық. Енді бірге отырып 2020 жылы партиялардың қанша табатынын есептеп көрейік. Ең төменгі еңбекақы биыл 42 500 теңге, бұл соманың 3%-ы 1275 теңгеге тең. Бұл санды өткен сайлауда нақты партияға дауыс берген сайлаушы санына көбейтіп, іздеген санды табамыз.

ОСК-ның дерегінше, Қазақстан Республикасында «Нұр Отан» партиясы 6 млн 183 мың 757 дауысқа ие болған. Бұл санды 1275 теңгеге көбейтсек, 7 млрд 884 млн 247 мың 675 теңге шығады. Парламентте отырғаны үшін «Нұр Отан» партиясы мемлекеттен осыншама ақша алуға құқылы. 537 мың 123 сайлаушының дауысын жинаған ҚХКП қазынадан 684 млн 831 мың 825 теңгені шытырлатып санап алады. «Ақ жол» 540 мың 406 дауыс үшін 689 млн 017 мың 650 теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болады.

Ашықтық және қаржы есебі

Мемлекеттік қызметкерлер бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсаған жағдайда жауапқа тартылады. Ал саяси партиялар ондай жауапкершіліктен босатылған. Егер саяси партия жарғысында көзделген мақсатын іске асыру үшін бюджеттен ақша алса, онда осы ақшаны салық түрінде жинап беретін біздер мемлекеттің ақшасының қайда және қалай жұмсалып жатқаны туралы есеп беруді талап етуге құқылымыз. Тек «Нұр Отан» ғана жыл сайын сайтында қаржы есебін жариялайды. ҚХКП мен «Ақ жол» күні бүгінге дейін ондай ақпарат жарияламаған және қазақстандықтардың алдында есеп беруді қажет деп таппаған. Ал «Саяси партиялар туралы» заңның 18-бабы партиялардан жыл сайын қаржы есебін республикалық басылымдарда жариялауды талап етеді. Мұндай есепті ашық дереккөздерінен таба алмадық.

Зерттеуге түрткі боларлық болмыстар

Партиялар келтірген мүшелерінің саны туралы деректерге күмән бар. 13-бап бойынша, саяси партия мүшелерінің саны заң талап еткен көлемге сәйкес келмесе, ондай партияның жұмысы үш айдан алты айға дейін тоқтатылуы мүмкін. Осы ережеге сүйене отырып, «Азат» және «Бірлік» партияларының мүшелерінің нақты санын анықтау қажет. Мәселен ОСК 2016 жылғы сайлауда СҚО-да «Бірлік» партиясы үшін небәрі 315 адамның дауыс бергені туралы дерек береді. Бұл бірінші кезекте партияның қажетті мүше санының жетіспейтінінен хабар берсе керек.

Қазақстан өзін дамыған партия жүйесі бар ел ретінде паш етеді. Қазір сайланатын лауазымға тек партияның атынан ғана  қатысуға болады. Яғни парламент немесе мәслихатқа сайланғысы келген азамат саяси партияға мүшелікке өтуге мәжбүр болады. Көптеген сарапшы партиялық жүйе дамымаған кезеңде сайлаудың пропорционалды негізіне сүйенудің қате екенін, ол бірінші кезекте азаматтарды белсенді сайлау құқығынан айыратынын айтады. Сондықтан кез келген азамат партияға жатпайтын үміткер ретінде пропорционалды-мажоритарлы сайлау жүйесіне оралуды ойға алу қажет секілді.

«Саяси партиялар туралы» заңның 12-бабына сәйкес, бақылаушы органдар саяси партиялардың бюджет қаржысын қаншалықты мақсатты пайдаланып отырғанын тексеруі тиіс. Әсіресе, «Ақ жол» мен ҚХКП партияларының қаржы есебін майшаммен қарау қажет боп тұр.

Барлық қорытынды партиялардың қызметін, ресми сайттарының жұмысына талдама жасау, орталық және өңірдегі филиалдарына хабарласу арқылы жиналған эмпирикалық мәліметтерге сүйенеді. Барлық қажетті скрин мен телефон қоңырауларының жазбасы сақталған.

Бұл материал бірінші кезекте саяси партиялардың өздеріне аса құнды. Өйткені олар филиалдарындағы жұмыс сапасының тегін сараптамасына ие болды. Бұл зерттеуге жұмсалған шығынның бәрі мақала авторының өз қалтасынан шықты.

Санжар Боқаев, кәсіпкер.

Тегтер: