«Нұр Отан» – «Аманат»: Аты өзгерді, заты өзгере ме?
Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін
Бізде пікірталас мәдениеті ғана емес, өз тілімізге, соның ішінде, киелі ұғымдарымызға деген құрмет жетіспейді-ау деймін осы! Күні кеше билік партиясының кезектен тыс съезі өтті. «Нұр Отан» ребрендинг жасап, атын «Аманат» деп өзгертті.
«Қазаншының өзі еркі, қайдан құлақ шығарса», атауын өзгерту не өзгертпеу, өзгертсе, не деп өзгерту – ол партияның өз ісі. Біздің онда шатағымыз жоқ.
Бірақ біраз күннен бері осы – ребрендингке қатысты мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
Ол да дұрыс шығар. Бірақ өз басыма «аманат» секілді киелі сөзді қалай болса солай пайдаланып, өңі мен мән-мағынасын айналдырып, тұрпайы да тырқыл хайпқа салынған кей адамдардың әрекеті ұнамады.
Билік партиясын жек көрсең, жек көр, бірақ тілімізге тіл тигізбе! Әр нәрсенің, әр сөздің өз орны болады. Жә, атау жаққа барыса бермейік. Өз басым партия бұрынғы «Отан» атауын қайта иемденгенде дұрыс болар еді деп ойладым.
Енді съездің күн тәртібіне келсек. Саяси кеңестен біреулер шығарылып, басқа біреулер енді. Мұны Тоқаевтың Назарбаевтың кадрлық мұрасынан құтылу процесінің заңды жалғасы деп қабылдаған дұрыс болар.
Бірақ бірді-екілі белгілі тұлғаны шығарумен партиядағы кадрлық жаңару жүзеге аса ма?
«Нұр Отан» – өзіне монополиялық жағдай жасап алып, 30 жыл бойына билік басында болған партия. Осы уақыт ішіндегі барша жетістіктер мен кемшіліктерге жауап беруге тиіс партия. Әсіресе, 2011 жылғы Жаңаөзен мен 2022 жылғы қаңтардағы қанды қырғынға, саяси қарсыластарын қудалау, ату, оппозицияны тұқырту сияқты қылмыстар соның мойнында.
Жаңарғысы келген партия осы мәселелерді айтып, ел алдында ағынан жарылуы керек еді. Бірақ, өкінішіке қарай, бетбұрысты болуға тиіс бұл съезде ол туралы айтылмады, партия тарихына сыни баға берілмеді.
Президент өз сөзінде партияны жаңарту туралы айтты. Бірақ та, ұсыныстар көбінесе жалпылама сипатта болды, президент айтқан ұсыныстардың біразы саяси менеджмент оқулықтарынан алынғандай әсер қалдырды. Соған қарағанда не партиялық кадрлар әлсіз, не бұл мәселеде әлі де толық түсіністік жоқ.
Оның тағы бір себебін өз басым партия қатарында, Тоқаевтың өзі мойындаған, ішкі «оппозиция» болуымен түсіндірер едім. Қаңтар қанды қырғынынан кейін жайлы орындары мен майлы шелпектерінен айрылып қалған күштер мен тұлғалар әлі де осы партия ішінде. Олар ешқайда кете қойған жоқ. Тоқаевқа ренжулі олар енді қандай әрекеттерге баруы мүмкін?
Сонымен бірге біз Тоқаев пен Назарбаев арасындағы 2019 жылғы уағдаластықты да ұмытпауымыз керек: екеуара болған келісімдердің ішінде партияға қатысты да мәселелер болған шығар.
Өйткені, билік партиясын қалай сынасақ та, қазіргі заңнамаға сәйкес, президенттік және парламенттік сайлауларда негізгі күш дәл осы партиялар. Сондықтан да осындай мықты ресурстан өз еркімен бас тарту дұрыс емес. Тоқаев та сөйтті, партия басшылығында қалды.
Өз сөзінде ол: «Жылдар бойы үнсіз болған, саясатпен айналысып жүрген кейбір адамдар қазіргі «жылымықты» пайдаланып, әлеуметтік желіге жаппай шыға бастады. Олар ақпараттық кеңістікті жайлап алды деуге болады», – деп қалды.
Олар неге «жылдар бойы үнсіз болып», неге «жаппай желіге шыға бастады» екен? Бір нәрсе анық: билік қалай ма, қаламай ма, сөз бостандығын енді ешкім тұсаулай алмайды. Әлеуметтік желілер нағыз пікірталас алаңына айналды. Рас, онда фейк пен хайп та жоқ емес. Кейде көпе-көрінеу өтірік, ақылы материалдар жарияланады. Нақты тұлғаға қарсы ақпараттық шабуылдың небір классикалық үлгілері салтанат құруда.
Бірақ ресми және бейресми БАҚ-та қатаң цензура боп, билікке жақпайтын тақырыптарға тыйым салынып тұрғанда, интернеттегі желілер мен мессенджерлердің танымалдығы арта бермек. Бәсекеге жарамды болғысы келсе, билік партиясы да осы мүмкіндіктерді елмен, соның ішінде, өз қарсыластарымен бірге, пайдалануы керек. Халық алдында өз позициясын қорғаудың басқа жолы жоқ.
Мәселен, неге қоғам өміріндегі ең өзекті мәселелер бойынша республикалық телеарналарда жүйелі түрде партияаралық дебаттар өткізіп тұрмасқа? Саяси бәсекенің көкесі сол емес пе?!
Президент: «Қазір партиялар арасында бәсеке күшейе түсуде», – деп мәлімдеді. Оның бұл тұжырымымен толық келісе алмаймын. Өйткені, шынайы партияаралық бәсеке болуы үшін партия құрамын деп ниет танытқан азаматтардың барша бастамасы қарастырылып, құжаттары талаптарға сай болса, олар ресми түрде тіркелуі тиіс. Және де оппозициялық партиялардың сол санатта болуы шарт. Әйтпесе, билік партиясы өзінің айтқанынан шыға алмайтын, қой аузынан шөп алмайтын, момын сателиттерімен «күресіп», күлкіге қалады.
Иә, билік партиясы ребрендинг арқылы, елге жек көрінішті болған «Нұр Отанды» тезірек ұмыттырып, жаңа атаумен Жаңа Қазақстан құрғысы келеді.
Бірақ, партияның аты өзгергенмен, заты өзгере ме? Гәп сонда!