Әнуар Нұрпейісовтің әзілі Астана әкімдігіне НЕГЕ жақпай қалды?
Актер Әнуар Нұрпейісов жуырда Қарағанды, Павлодар және Астанада стендап-концерт өткізбек болған еді. Алайда елордада кеші өтпейтін болып, өнер иесі әлеуметтік желіде билет алған жұртқа жанайқайын жеткізді. Сонымен, Нұрпейісовтің кеш беруі кімге жақпай қалды? Мұны актердің өзінен сұрадық.
– Әнуар, ивент-индустрияға қайта оралған екенсіз. Ескі Қазақстан мен жаңа Қазақстан арасындағы өнер сахнасынан қандай айырмашылық байқадыңыз?
– Шынымды айтсам, жоспарлы концертім өтуге тиіс 15 желтоқсанға дейін өзгеріс бар деген үміт болды. Бірақ өкінішке орай, ескі Қазақстанмен арада ешқандай айырмашылық жоқ екеніне анық көзім жетті.
– Сіздің Астанада өтуге тиіс кешіңіз «техникалық ақауға байланысты» деген желеумен өтпей қалды. Бұған өзіңіз сенесіз бе?
– Стэндап кешімді өнерсүйер жастар арасында, яғни шағын ортада өткізуге бел байлаған едім. Бірақ концерт болуға тиіс ғимараттың иесіне бір апта бұрын қысым жасалған екен. Қала әкімдігінен хабарласып, «Өткізбеңдер!» деген бұйрық түскен. Бірақ біз ешқандай заңбұзушылыққа жол бермегенімізді алға тартып, көрермен көңілін қалдырмаймыз деп шештік. Бірақ бір күн қалғанда әлгі мекеменің қожайыны байланысқа шығып, егер кешті өткізсек, үлкен мәселе туындайтынын алға тартты.
– Мұның себебін саяси көзқарасыңызбен байланысты деп ойлайсыз ба?
– Әрине, солай деп ойлаймын. Тәуелсіздік күні қарсаңында билік тарапынан қорқыныш туындаған сияқты.
– Дегенмен, кешіңіз кейінге ысырылған екен. Меселіңіз қайтып қалған жоқ па?
– Оны уақыт көрсетеді. Ендігісін жағдайға қарай көреміз.
– Ал Павлодар мен Қарағандының жергілікті билігі қалай қарсы алды?
– Қарағандыда ешкім кедергі жасаған жоқ, ал Павлодарда әупіремдеп жүріп әрең өткіздік. Оның өзінде кешімнің афишасын ілдірмей, билетін сатқызбай, қайырымдылық концертімен қосақтатып қойды. Яғни, форматын өзгертіп жіберді. Бұл да бір көрсетілген қысымның түрі ғой.
– Кешті неліктен «Мен ұйықтадым» деп атадыңыз?
– Ол астарлы әзілге құрылған атау болатын.
– Жалпы мәдени элитаның саясатты сынауы билікке жақпай жатады. Мұны қалыпты құбылыс деп ойлайсыз ба?
– Бұл Қазақстанның Конституциясын бұзу, әр азаматтың конституциялық құқығын сақтауға қарама қайшы келеді.
– Биылғы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бірқатар әлеуметтік желілер бұғатталды. Бұл фобия немен байланысты?
– Иә, өкінішке қарай, біздің елде сонау 1986 жылдан бастап үрей қалыптасты. Бірақ соңғы кезде ол қорқыныш тіпті қарқын алып бара жатыр. Менің ойымша, бұл – бізді дамыған ел болуға жеткізбейтін, кері тартатын нәрсе. Керісінше, біз ашықтыққа қарай қадам басуымыз керек.
– Шерзат ісіне қатысты үндемей қалған өнер иелерінен, блогерлерден «отписка» жасау науқаны жүріп жатыр. Қоғамның бұл шешіміне қалай қарайсыз?
– «Отписка» үшін біреуді қыспаққа алуды жөн деп санамаймын. Бұл – әр адамның өз таңдауына қатысты әрекет. Бір жағынан әр тұлға өзі жүрген салаға сай бағытта контент жүргізеді. Егер саяси арена арқылы танылған адам болса, оның жөні бір басқа.
– Қазіргі таңда әнші де, актер де жаппай кино түсіріп жатыр. Бұл отандық киноиндустрияны дамытуға септігін тигізе ме?
– Әрине, кинолар санының көптігі сапалы туынды тудыруға алып келеді. Мүмкіндік болса алдағы уақытта мен де ерекше жанрдағы фильм түсірсем деймін.
– Сізді жұрт актерлік таланыңызбен таныды. Ал стэндап сахнасын таңдаудағы мақсатыңыз не?
– Мақсатым – шығармашылық арқылы азаматтық ойымды халыққа жеткізу.