22 Қараша 15:59

НИҚАБ пен САҚАЛҒА тыйым: Өзбекстан бастады, Қырғызстан жалғады. БІЗ ше?

Фото:

Бұған дейін Өзбекстан мен Тәжікстанда қоғамдық орындарда бетін тұмшалайтын ниқаб, яғни адамды тануда қиындық тудыратын киім киюге тыйым салатын заң қабылданған еді.

Іле-шала бұл мәселе Қырғызстан Жоғаргу кеңешінде де көтеріліп, депутат Шарапатқан МӘЖИТОВА: «Бұл заң бізге де керек. Қазір бәрі паранжа кие бастады. Олар орамал тақсын, бірақ бетті тұмшалаудың қажеті жоқ. Бұл – өте қауіпті. Оштағы әрбір төртінші әйел ниқаб киеді. Олардың саны күн санап артып жатыр. Үкіметтен кеш болмай тұрғанда, мемлекеттік деңгейде шара қабылдауды талап етемін», – деген.

Оның пікірінше, бұл заң дін еркіндігін шектемейді, себебі әйелдің басы мен мойнын жабатын хиджабқа емес, көзін ғана ашық қалдыратын ниқабқа қатысты. Біраз уақыттан бері талқыланған түйткіл әйелдерге ниқаб киюге және ерлерге ұзын сақал өсіруге тыйым салатын заң жобасын дайындауға алып келді.

14 қарашада қоғамдық талқылауға шығарылған заң жобасында «бұл шара азаматтардың жүзін көріп, түр-тұлғасын ажырату үшін керек» деп түсіндірілген. Тіпті, заңды бұзған адамдар 22 доллар көлемінде айыппұл төлейді немесе 30 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегіледі. Бұл тыйымды қайта бұзғандар 44 доллар айыппұл немесе 40 сағат қоғамдық жұмыс атқару жазасына кесіледі. Алайда, заң жобасында қандай ұзындықтағы сақалға тыйым салынатыны нақты көрсетілмеген. Бұл жауапқа тарту туралы шешімді субъективті түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

Енді мақұлдануы ғана қалған заң жобасы тек Қырғызстан азаматтарына арналған. Яғни, сырттан келетін туристер, дипломаттар мен елде уақытша тұрып жатқан шетел азаматтары, сондай-ақ денсаулығына байланысты бетін жауып жүруге мәжбүр азаматтар да жауапкершіліктен босатылады.

Бүгінде әлемдегі ондаған елде ниқабқа тыйым салынған. Олардың қатарында мұсылмандар саны аз Аустрия, Дания, Франция, Болгария, Нидерланды мен Бельгия да бар. Ал Қазақстанда мектеп пен жұмыс орнында хиджаб киюге заң тұрғысынан болмаса да, тыйым салу сөз етілді.

NEGE тілшісі бұл туралы дінтанушы мамандардың пікірін білді.

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, исламтанушы ғалым:

Ұзын сақал – радикализмнің белгісі емес

– Ниқабқа тыйым салуды қолдаймын. Ұзын сақалды тыю заң тұрғысынан мүмкін емес. Сақал қойғысы келген қоя береді ғой. Жамбыл атамызда, Шәкәрімде де ұзын сақал болған. Сақал попта да, Раввинде де бар. Суретшілер де қоя береді.

Ұзын сақал – радикализмнің белгісі емес. Ханафи мәзһабын ұстанғандар да қоя береді. Мода қуып қойғандар да жеткілікті. Сондықтан бұған заң тұрғысынан тыйым салу мүмкін емес.

Қара киімге де тыйым салу мүмкін емес. Киімнің түсімен алысу демократиялық нормаларға да қайшы. Ал қауіпсіздік тұрғысынан ниқабқа (бетті толық тұмшалау) тыйым салуға болады.

Мұхиддин ИСАҰЛЫ, дінтанушы:

Кесапат сырты – ханафи, іші – салафилерден келеді  

– Ниқаб пен сақалға тыйым салғанмен, экстремизм тоқтай қалады дегенге сену қиын. Ал негізінде хиджабқа тыйым салып жатқан жоқ. Қырғыздар өзі салт-дәстүрді ұстануға, ұлттық киімін насихаттауға келгенде мықты халық. Бұл жерде вахабизм, такфиризм мәселесіне қарсы жасап жатқан әрекеті.

Бірақ бұлай заң жүзінде тыйым салса да, ертең олар басқа айлаға көшсе, не істейді? Коронавирус кезінде тағатын маска мен көзіне көзілдіріп кие салуы мүмкін. Ал сақалға келсек, қысқарта салады. Одан не өзгереді? Бұл соларға қарсы әрекет жасап, заң қабылдап жатырмыз дегеннің көрсеткіші ғана.

Біздің еліміз де жат діни ағымдарға қарсы осындай әрекет істеуі мүмкін. Айналып келгенде, форманы ғана өзгерте алады. Қайбір жылы салафизмге қарсы жұмыстар жасалғанда, салафтар бір күннің ішінде сақалын алып шыға келген.

Әлемде салафизмнің орталығы 1800 жылдары Ұлыбританияда болды. Мұндағы штаб пәтерін жауып тастаған соң Сауд Арабиясында жалғасты. Қазір оларда да жоқ. Бізде солардан қалған сарқыншақтары ғана.

Исламда қап-қара киініп, тұмшаланып жүру деген шарт та, парыз да жоқ. Ең бірінші, әйел мен еркек әурет жерін жауып жүрсе болды. Қазақтың тұрмысында да ибалы әйелдің орамал тағып жүруі бұрыннан бар. Ханафи мәзхабы бойынша қыз-келіншектің жүзін, қолын көрсетуге, жұртпен араласуына, жұмыс істеуіне құқы бар. Жат діни ағымдар әйелді үйден шығармай тұмшалап, исламның Алла берген құқығын тартып алды. Яғни, олар Алла Тағаланың Құрандағы жазған бұйрығын, еркіндігін тыйып тастап, Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне қарсы шықты. Соның салдарынан елдің ішінде ата-бабамыздың асыл діні – ислам кері танылды. Бұл – сыртқы салафизм.

Ал ішкі салафизм – әруақты, жеті шелпекті мойындамайды, бәрін жоққа шығарады. Олар әлі күнге ел арасында уағыз айтып, жастарды өздеріне тартып жүр. «Оларды қалай ажыратамыз?» десең, кез келгенінен қазақтың дәстүріне қарсы ма, жоқ па, сұрасаң, бәріне көз жеткізуге болады. Бұлардың ұстанатын жолы басқа, ата-бабамызда басқа. Яғни, сырты – ханафи, іші – салафи. Ал бұдан кейінгі кесапат осылардан келеді. Шын мәнінде, радикалды ағымдар бірте-бірте жоғалады.

Жалпы, 1980 жылдары КГБ Өзбекстанның медреселеріне салафизмді, такфиризмді кіргізген. Сол кезде сырты ханафи, іші салафилер көбейген. Сол медреселерде білім алған молдалар 1990 жылдары бізге де келді. Осындай сырты ханафи, іші салафи боп жүрген дүмше молдалар 30 жылда елді іштен бүлдірді. Тіпті, ханафилердің ішінде ата-баба дәстүрін, салтын, қала берді жеті шелпегін мойындайтын және мойындамайтындары бар. Былай қарасаң, өзін «матрудимін» және «ханафимін» дейді де, жеме-жемге келгенде олай болып шықпайды.  

Әрине, қоғамда көзін ғана көрсетіп, қап-қара киініп жүру кімді болса да шошытады, үрей туғызады. Алайда, бізді ойландыратын ол ғана емес, жастардың жалаңаштанып жүруі, денесіне сурет, ине салып алуы да дұрыс нәрсе емес. Олардан дұрыс ұрпақ тумайды.

Балғабек МЫРЗАЕВ, «Исламдық зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, дінтанушы:

Сақалды бей-берекет қою дұрыс емес

– Қоғамдық орында адамның бет-бейнесі танылуы керек. Егер ниқаб бұған кедергі келтірсе, онда бұл киімге бізде де тыйым салу керек деп санаймын.

Ал сақалдың да түр-түрі бар. Шариғатта сүннет деп қабылдаған соң, оны бәрі қояды. Өкінішке қарай, бізде сақал қоюдың мәдениеті жоқ. Бұрын ата-бабамыз да мұсылмандық жолмен жүрді. Сол кезде де әртүрлі жас ерекшелігіне қарай сақал қоюдың мәдениеті болған. Біз бүгін осыдан айрылып қалдық. Кейбіреулер «сақал қою – сүннет» деп бей-берекет қоятын болды. Сақал қойған соң күтіп, қысқартып, өзін қоғамға сүйкімді етіп көрсетуі керек.

Діннің де бір парызы – адамның өзін мінез-құлқымен жеткізуі. Жүзі мейірімді болса, одан жұрт жақсылық күтеді. Тіпті, әр жерден шыққан шоқша сақалмен жүру де орынсыз. Сондықтан қоғамда үрей туғызатын киім үлгісі, ол  ниқаб, сақал болсын, барлығына тиісті шеңберде құқықтық баға беру заманның талабы.

Әрине, бұл күшпен болатын нәрсе емес. Дегенмен, түсіндіру жұмысын жүргізіп, халықтың санасына жеткізуіміз керек. Әрбір дінтанушының, теологтың миссиясы – мейірімді насихаттайтын исламды жеткізу. Егер біздің сыртқы пішініміз ғана мұсылман сияқты көрініп, жан дүниемізде жақсылыққа шақыратын қасиет жоқ болса, мұны да өзіміздің кемшілігіміз деп қарауымыз қажет.

Тегтер: