21 Қараша 16:56

БОЛАТТЫҢ асы: ШАҚЫРЫЛҒАНДАР тізімінде кім бар, кім жоқ?

Фото:

Экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бауыры Болаттың жаназасы һәм жерлеуі мен ағасының Астанадағы үлкен мешітте берген асы әлі де әлеужелінің көрігін қыздырып тұр.

Н.Назарбаевтың төңірегіндегі тұрақты оқырмандарымыздың бірі Орталық Азиядағы ең үлкен мешітте берілген асқа шақырылғандардың тізімін редакцияға жолдапты. Оның айтуынша, тізімді жасаған – Тұңғыш президент қоры. Бұл түпкілікті тізім болмауы да мүмкін, өйткені мұндай «аса маңызды асқа» шақырылғандар бірнеше мәрте сүзгіден өтетіні анық қой. Оның үстіне шақырылған қонақтардың санына қатысты дерек те әртүрлі. Мәселен, біздің қолымыздағы тізімде 128 адамның аты-жөні бар. Дегенмен мұнда да ығай мен сығайдың көбі жүр. Дені – «Ескі Қазақстанның» өкілдері.

Сонымен, әлгі мәшһүр тізімде кім бар, кім жоқ? Кім барды, кім бармады?

«Болат Назарбаевтың жаназасына Үкімет басшысы Әлихан СМАЙЫЛОВ қатысты» деген әңгіме шығып еді ғой бұрнағы күні, бірақ бұл дерек ресми нақтыланбады. Смайылов қатысса, қатысқан шығар. Бір кезде Үкімет мүшелерінің соңында жүретін Қаржы министрі Смайыловқа Назарбаев президент кезінде орнын нұсқап, вице-премьер жасаған. Сол Смайылов «Жаңа Қазақстанда» премьердің өзі болды. Бәлкім, бауырының жаназасына қатысу арқылы Назарбаевқа айтқан алғысы болар бұл...

Фото: Тізімнен скрин 

Тізімде №1 болып Энергетика министрі Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ тұр екен. Ол – үкіметтен шақырылған жалғыз өкіл. Кейбір БАҚ Сәтқалиевтің қызын Назарбаевтың үшінші әйелінен туған ұлы алғанын жазған. Бірақ Сәтқалиевтің өзі Назарбаевпен құда болғанын растаған жоқ. Ал енді Сәтқалиев «Болат құдасының» асына барды ма?

Энергетика министрінің кеңесшісі Ulysmedia.kz порталына қатулы хат жолдап, министрдің асқа бармағанын айтыпты.

Осы тұста қазақ қоғамы бір нәрсені түсінбеуі мүмкін: министр асқа барса, онда тұрған не бар? Әлде мұнда сіз бен біз түсінбейтін бір түйткіл бар ма?

Фото: ғаламтордан

Сәтқалиевтің асқа барған-бармағаны аса маңызды мәселе емес. Бұл жерде маңыздысы – «Сәтқалиев НЕГЕ тізімде бірінші тұр?» деген сұрақ. Бәлкім, Назарбаев пен Сәтқалиев шынымен де құда шығар? «Құдасын құдайындай сыйлаған» қазақ емеспіз бе, ендеше оның тізім басында тұрғаны еш әбестік емес.

Құда болмаған күнде де, Н.Назарбаев үшін Сәтқалиевтің сүйкімі болуы мүмкін ғой. Солай да сияқты, өйткені соңғы он жылда Сәтқалиев «Самұрық-Қазынаның» төңірегінен кеткен жоқ. 2021-2023 жылдары «Самұрық-Қазынаның» Басқарма төрағасы болды, ал биыл 4 сәуірде Энергетика министрі болып тағайындалды.

Қош, Сәтқалиевке бір сәт көңіл бөлгеніміз – оның біз көрген тізімде №1 боп тұрғаны үшін ғана. Әрі қарай кеттік...

Үкіметтен бір ғана адам шақырғаны сияқты қазіргі әкімдерден де бір-ақ адамды тізімге қосыпты, ол – Астананың әкімі ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК.

Жеңіс Қасымбектің әкесі Махмұд ҚАСЫМБЕКОВ талай жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында жүр және өзі де тізімде бар. Экс-президентке адал екі адам болса, соның біреуі осы – Махмұд Қасымбеков. Ендеше, әкелі-балалы екеудің тізімде жүруі де логикаға сыяды.

Мәжіліс депутаттарынан екі адамды тізімнен көрдік: Нұртай САБИЛЬЯНОВ пен Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ. Сенаттан ешкім көзге түсе қоймады. Сенат төрағасы – билік иерархиясы бойынша мемлекеттегі екінші адам Мәулен ӘШІМБАЕВТЫ қоса салса дұрыс болар еді, өйткені тізімде Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жоқ.

Шақырылған мәртебелі қонақтар бірнеше топқа бөлінген екен: Депутаттар, Мемлекет қайраткерлері, «Қазақстанның Еңбек ері» иегерлері, Әріптестер, Ғылым өкілдері, Азаматтық қоғам өкілдері, Іскер топ өкілдері, Туыстар және Ұйымдар.

Фото: ғаламтордан

«Еңбек ерін» алғандар аз емес қой бізде, бірақ бұл тізімде атақты кардиохирург Юрий ПЯ ғана бар екен. Мұның себебін білеміз, жыл басында Юрий Пя Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегіне ота жасады.

«Ота шамамен 2,5 сағатқа созылды. Бұл ота да емес, процедура. Емдеу-диагностика процедурасы», – деген Пяның өзі.

Әріптестері деп Қыдырғали БАЙБЕКТІ шақырыпты. Бірақ Қыдырғалидың ұлы Бауыржан БАЙБЕК тізімде жоқ.

Фото: ғаламтордан

Оны шақырғанмен де бәрібір келмейтінін, келген күнде қайтып кете алмайтынын тізім жасағандар білсе керек...

Туыстарының арасынан бір адамды іздеп едік, таба алмадық. Ол адам – Самат ӘБІШ. Жуырда оның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны, «қылмыстық іс орбитасында» жүргені белгілі болған.

Фото: ғаламтордан

Қылмыстық іс қозғалған күнде де жақын туысының асына қатысуға тыйым жоқ қой. Әлде ол үйқамақта ма? Бәлкім, асты ұйымдастыруға, тізім жасауға қатысып, өзін тізімге қосуды ұмытып кеткен болар?

Туыстардың «көшін Дариға НАЗАРБАЕВА бастап тұр екен. Оның астына күйеуі Қайрат ШӘРІПБАЕВТЫ қойыпты. Одан кейін әулеттің күйеубаласы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ пен Дариғаның құдасы Берік ИМАШЕВТІҢ аты-жөні жазылған.

Қысқасы, Болаттың асына кімдердің келіп-кеткенінің шет жағасын жұрт көрді. ӘБІҚАЕВ, ЕСІМОВ, АХМЕТОВ, ШӨКЕЕВТЕР бастап, ШПЕКБАЕВ, ҚОЖАМЖАРОВ, КУЛАГИНДЕР қоштап, «Ескі Қазақстан» қотарыла көшіп келгендей болды.

Фото: Тұңғыш президенттің баспасөз қызметі

Қазақ тарихында ауыздан-ауызға жеткен ұлы астар өткен ғой. Мәселен, Сағынайдың асы. Бұл аста 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұқар кілемі ілінгені, 5 тонна шәй әкелгені, 10 мың көрпе жастық төселіп, қонақтарға 500 бұқар шапаны жабылғаны, сібірден 500 аң терісін әкелінгені, 20 мың қой мен 1000 жылқы сойылғаны, 500 жігіттің атқа мініп табақ тартып, бәйгеге 500 жүйрік шапқаны айтылады. Қазақтың арғы-бергі тарихында мұндай астар көп болған.

Ал енді «Болаттың асы» халықтың жадында несімен қалады? Келер ұрпақ бұл ас туралы не деп айтар екен, ә?..

(NEGE порталының редакциясы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бауыры Болат Назарбаевтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл айтады)

Тегтер: