12 Шілде 15:56
...

Нығматулиндер дәуірінің ақыры: Экс-спикердің бауыры қалай «өмірінің мәнінен» айырылды

Олигарх
Фото: saryarka-hc.kz

Бүгін Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметі «Сарыарқа» хоккей клубы мемлекетке қайтарылды» деп хабарлады. «Сарыарқа» хоккей клубымен бірге заңсыз берілген 37 жер телімін мемлекетке қайтарған. Ал «Сарыарқа» хоккей клубының бағасы 900 миллион теңге болады деп бағаланып отыр. 

Іле-шала Nege.Aqsha телеграм арнасы: «Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубына Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің бауыры Арғынның қатысы бар. Оны «клубтың негізін қалаушы» деп атайды. 2018 жылы ол (Арғын Нығматуллин – NEGE) директор қызметінен кеткен соң, клубтың «ауыспайтын» тәлімгері және кеңесшісі болып қалды», – деп жазды.

Тағы бір көңіл аударатын жайт бар. Қадағалаушы орган: «Қазір прокуратура мемлекет мүлігінің заңды түрде жекешелендірілгенін тексеріп жатыр», – деп хабарлады. Яғни тексеру әлі аяқталған жоқ.

Жалпы, Арғын Нығматулин кім? Атышулы кланның «ең кедей» мүшесі ме, әлде бауырлары сияқты ол да олигарх па?

сарыарқа
Фото: ғаламтордан

Уикипедия А.Нығматулиннің 1955 жылы Қарағанды облысында туғанын айтады. Яғни ол – экс-спикер Нұрлан Нығматулиннің ағасы (Н.Нығматулин 1962 жылы туған). Арғын Зайроллаұлы еңбек жолын 1975 жылы көмір кенішінде бастаған да, 2003 жылға дейін (інісі атқа мінгенге дейін деп түсініңіз) «көптің көзіне түсе бермейтін» жұмыстар атқарған. Арғын Нығматулин 2003 жылы Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болды, үш жылдан соң «Сарыарқа» футбол клубының директоры болып тағайындалды. Кейіпкеріміздің көптеген марапатын тізбей-ақ, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері екенін айтсақ та жеткілікті болар.

Арғын Нығматулин бір сұхбатында: «Депутаттық қызметім – қоғамдық жұмыс», ал «Сарыарқа» – менің бүкіл өмірімнің мәні», – депті. Міне, енді ол «өмірінің мәнінен» айырылғандай.

2018 жылы «Қазақстан Республикасының спорт қайраткері» А.Нығматулин клуб басшылығынан кеткенде «Шайба.кз» сайтына сұхбат беріп, клубтан не үшін «кеткенін» түсіндіріп, бірақ «хоккейден кетпейтінін» айта келе, алдағы уақытта немен айналысатынын сөз етеді.

«...Жоспарлар шаш-етектен. Қазір кез келген жаста бизнеспен айналысуға болатын уақыт қой. Мәселен Рей Крок 52 жасында «МакДональд» мейрамханалар желісін, ал Харланд Сандерс KFC-ді ашты. Жасың ұлғайған сайын мүмкіндіктер ашыла береді. Көреміз, өмір маған бір кезде хоккей клубына басшы болу бақытын сыйлады ғой, сондықтан болашақ көрсетеді», – дейді кейіпкеріміз.

Алайда А.Нығматулин жасы келгенде өзі сөз еткен Крок пен Сандерс сияқты атышулы мейрамханалар ашпаса да, есесіне, інісінің арқасында көптеген есіктер ашылғанға ұқсайды. Мәселен ашық ақпарат көздеріндегі дерекке сүйенсек, «Қаражыра» акционерлік қоғамына қатысы бар әкелі-балалы, ағайынды Нығматулиндердің арасынан Арғын Нығматулиннің аты-жөнін көзіміз шалды. Сондай-ақ атауы «сөйлеп» тұрған N.A.Z (Нығматулин Арғын Зайроллаұлы болуы мүмкін) шаруа қожалығы да соның атына тіркеліпті. Сондықтан да Нығматулиндер туралы сөз болғанда тек «Сарыарқа» хоккей клубы туралы айтылмаса керек.

Қаражыра
Фото: opi.dfo.kz

– Қарағандылықтар ағайынды Нығматулиндер туралы жақсы біледі. Халықтың айтуынша, олар рейдерлік бизнеспен айналысқан. Бұл – бумеранг. Кезінде жекешелендіру барысы қалай өткеніне қатысты көп сұрақ туындады. Жаңа билік келгенде жекешелендіру келісімдері қалай жасалғанын қайта қарастыру – қалыпты жағдай. Әр елде болады. Әсіресе, заң жұмыс істемейтін, демократиясы аз елдер үшін заңды үрдіс, – дейді қоғам белсендісі Тоғжан Қожалы.

Оның пікірінше, Нығматулиндер, Шәріпбаев және басқа да биліктің төңірігінде болған адамдардың жер телімдерін, мекемелерді қалай алғанын халық жақсы біледі. Көбіне олар заңсыз, рейдерлік немесе коррупциялық жолмен алған.

Белсенді
Фото: ғаламтордан

– Өз басым, меншіктің қалай жекеге өткенін тексеруді құптаймын. Жалғыз Нығматулиндер ғана емес, Тимур Құлыбаевтың да ҚазҰУ жақтағы заңсыз иеленген жер телімдерін қайтарып жатыр. Ахметовтердің, Дариға Назарбаеваға тиесілі Шығыс Қазақтандағы мүліктерін, Болат Назарбаев, Әлия Назарбаева иеленген дүниелерді де қайтарды. Жұмыс жүйелі жүріп жатыр, – дейді белсенді.

Айта кету керек, Қаңтар оқиғасынан кейін Нығматулиндердің басынан бағы тая бастады. Арғынның ағасы – Нұрлан Нығматулин Мәжіліс төрағасы лауазымынан «өз еркімен» кетті. Артынша Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезінде партияның Саяси кеңесі құрамынан шығарылды.

«Менің ойымша, Нұрлан Нығматулиннің осы уақытқа дейін елден бой тасалап жүруі — бекер емес. Ол неден қорқады? Неге ол елде емес? Неге шетелде жүр? Демек ол бір нәрседен қорқады. Демек ол бір нәрсе бүлдірді. Енді оны ақтап шығу мақсатында тапсырыстар түсіп жатыр, — деп мәлімдеген еді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи. 

Ал 21 маусым күні Мәжіліс қалтарысында берген түсініктемесінде Е.Бапи: «Бәлкім, іс қозғауға құқықтық негіз жоқ шығар. Бір жағынан ескі Қазақстаан мен Жаңа Қазақстанның арасында белгілі бір келісім бар деп ойлаймын. Бірақ, менің ойымша, Нығматулиндер мәселесіне де, назарбаевтық кезеңнің олигархтарына да қайта оралып соғамыз», – деген.

Сол уақыт жақындап қалған сияқты...