29 Маусым 16:56

Назым Жанғазинова: 12-13 жастағы екіқабат қызбен қалай сөйлесерімді білмедім

Отбасы және гендерлік саясат
Фото: ғаламтордан

Ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында Түркістан өңірінде өткен «Репродуктивті денсаулықты сақтау» апталығында сұмдық деректер жария болды.

 NEGE тілшісі осы мәселені жиі көтеріп, талай жайтқа қанық боп жүрген ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi Назым Жанғазинованы әңгімеге тартқан еді.

Түркістан өңірінде ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында өтіп жатқан апталық бітеу жараның аузын тырнаған сияқты. Сол шарада облыс бойынша 182 жасөспірім қыздың жүкті болып қалғаны айтылды. Ал Шымкентте бес айдың ішінде кәмелетке толмаған 73 қыз жүкті боп, 55 қыз босанып қойыпты. Мұның басты себебін неден іздейміз және салдары қандай?

– ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi ретінде халықпен жиі кездесу өткізіп, сараптама жүргіземін. Осы жолы «репродуктивті медицина» аптасын бастадық. Ең басты мәселе – жасөспірім қыздардың кәмелет жасқа толмай жатып, екіқабат болып қалуы. Былтырғы статистикаға көз жүгіртсек, еліміз бойынша 5 мыңға жуық жасөспірім қыз жүкті болып қалған. Бұл көрсеткіш Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өсіп келеді.

Жасөспірім қызбала
ғаламтордан

Елімізде 20 млн халық бар. Оның 10 миллиондайы – әйелдер болса, 4 млн-нан астамы бала тууға қабілетті. Сондай-ақ, 10 млн әйелдің 987 мыңы – жасөспірім қыздар. Ерте жүкті болу дерегі неге көбейіп кетті? ДСҰ-ның ашық деректегі мәліметінде жасөспірім қыздардың босанып қалу дерегі бойынша Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 29 орында екен.

Бұл жүктіліктің бәрі қызбаланың өз еркі тарапынан болмауы мүмкін ғой? Мәселен, туысы, жақыны, тіпті туған ағасы зорлаған жайттар кездеседі. Ал оны «ұят болады» деп жасырып, жабуы да ықтимал. Сіз қалай ойлайсыз?

– Қазақстан бойынша кәмелет жасына толмай екіқабат болу көрсеткішін Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау облысы бастап тұр. Түркістандағы медицина, дағдарыс орталықтарына соғып, жағдайды өз көзіммен көрдім. Аты айтып тұрғандай, дағдарыс орталығын зорлық-зомбылыққа тап болған қыздар пана етуде.

Бұл қыздардың көбін өгей әкесі, туыс және туған ағасы зорлаған. Қазақы отбасында ауылдағы туыстарының баласын тұрғызу қалыпты жағдай. Бұл дұрыс емес. Қазір педофилия жас жігіттердің арасында да бар. Баланың жеке шекарасы сақталуы керек. 

Ішінде 8 айлық баласы бар 12-13 жастағы екіқабат қызбен қалай және не жайында сөйлесерімді білмедім. Бір білгенім, жыныстық сауат жағынан деңгейіміз өте төмен екен. Білім деңгейі төмен ортада жыныстық ағартушылық жұмысы мүлдем жүрмейді. Өйткені, бізде мұны «ұят» деп санайды. Біз қызбаланың құлағына кішкентайынан «Жігітке жолама, сүйіспе, төсектес болма» деп құямыз. Бірақ ұятқа жауап беретін білім емес, эмоция. Қалалық жердегі мектептерде бұл мәселе ашық айтылады, бірақ ауылды аймақтарда ауыз ашпайды.

– Бәлкім, ата-ана  дұрыс тәрбие бермей ме? Жалпы, ұлға да, қызға да жыныстық сауат туралы ашық әңгіме қай кезден айтыла бастаған дұрыс? Сіздіңше, жыныстық сауатты қалай арттыруға болады? 

– Өңірлердегі медициналық мекемелері қызбалалардың анасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет. Тіпті, жастар тұрмақ, орта жастан асқан әйелдер жыныстық қатынас деген сөзді айтудан ұялады. «Күйеуіммен болғанда...» деп сөйлейді. Мұның өзі қай деңгейде екенін көрсетпей ме?

«Жыныстық қарым-қатынаста болғанда» дегенді айта алмай тұр. Ертең сол аналардың қыздары не болады? Сондықтан бұл тақырыпта еш қысылмай, балаларға 11 жастан бастап айта беру керек. «Дене бітімің өзгеріп жатыр. Гармондар дамиды. Бұл – қалыпты жағдай.

 Одан ұялудың қажеті жоқ» деп түсіндірмеген соң, бұдан ақпараты, білімі жоқ ер бала гармон мен эмоцияға жол береді де, қарындасын немесе көрші қызын зорлау әрекетіне барады. Сол сияқты ауылдағы 16 жастағы қыз төсектес болып қойғанда «Мен бұдан екіқабат болып қалуым мүмкін. Ең жаманы – төсектес болғаным емес, екіқабат болып қалуым.

Ерте жүктілік
ғаламтордан

 Өйткені, «15-16 жасымда босансам, менің физиологиям оған дайын емес. Бұл қиындық әкеледі. Мұның салдары ұяттан да жаман болады» деп ой түйгені абзал. Ол үшін сақтанудың жолын іздеуі керек. Ең қолжетімді түрі – мүшеқап пайдалану. Дәл осылай ашық айтсақ, онда тұрған ештеңе жоқ.

Осы мәселені кеше аналармен кездескенде тілге тиек етсем, кейбір әйел бетіме қарап күледі. 40-тан асқан әйел 15 жасар қызымен ашық сөйлесуден неге қашады? «Бұл туралы қызыма жақ ашқым келмейді, себебі ол тұрмысқа қыз болып шығуы керек» дейді. Бірақ ата-ана қызының немен айналысып, не істеп жүргенін білмейді ғой. Екіқабат болып қалса, бұл күйеуге қыз боп шыққаннан да үлкен мәселе туындамай ма?

 Сондықтан да бізге ағартушылық-ақпараттық жұмысты күшейту қажет. Біз мектеп бағдарламасына арнайы қосымша пән енгізу жөнінде ұсыныс айттық. Сыныпттағы тәрбие сағатында қыздарды ғана тәрбиелеу дұрыс емес. Мұны қызға да, ұлға да бірдей айту керек. Өйткені, жыныстық қатынасқа итермелейтін доминант ер бала ғой.

Медициналық мекемелерде, мектептерде аптасына бір рет ашық есік күні жарияланып, аналар қыздарымен бірге келіп кеңес алу қажет. Біз заң аясында өмір сүруіміз керек. Балалардың да өз құқығы бар. Ата-ана 18 жасқа дейінгі баласына жауапты. Яғни, «Қызбаланы ерте тұрмысқа беріп, құтыла салайын» деуге болмайды. Өзінің де пікірін сұрау керек.

Кәмелетке толмаған жасөспірім қызбала
ғаламтордан

Қазір интернет дамыған заман ғой. Бәрінің қолында ұялы телефон бар. Мұнда да жыныстық қатынасқа қатысты түрлі ақпарат көп. Бірақ бұл ақпарттандыру мен ағартушылықтың рөлін атқара алмай ма?

– Кейбіреулер «Қазір сайттар, чат-боттар бар. Бұдан да жыныстық қатынасқа қатысты ақпараттар алуға болады» деуі мүмкін. Бірақ бұған қарсымын. Дәл осы жыныстық сауатты арттыру жұмысы адаммен бетпе-бет жүргізілуі керек. Өйткені, қазір неше түрлі таргет бар. Мысалы, ер бала үйінде небір порно фильмдер көретін болса, таргет оны дәл сондай басқа сайттарға жетелеуі мүмкін.

Кей өңір жұрты қызы 25 жасқа дейін күйеуге шықпаса «отырып қалды» деп топшылайды. Шын мәнінде, қызды ерте күйеуге бергеннен гөрі білім алуға талпындыру енді сәнге айналып жатқан сияқты ма?

– Иә, еліміздің батыс және оңтүстік өңірінде қыз 25 жастан асса «отырып қалдың» деп қайта-қайта айта беретін. Алайда, «Қыздарға жоғары білім керек емес, мансап қуудың қажеті жоқ. Олар табиғаттың жаратылысы бойынша ана болуы тиіс. Сондықтан мектепті бітірсе, тұрмысқа беру керек» дейтін ата-ана әлі де бар. Бұл стеротиптен арылған дұрыс.

Әр қыз отбасылық өмірге моралдық, физиологиялық, тіпті экономикалық тұрғыда дайын болуы керек. Қазір неге ажырасу көп? Өйткені, жастар тұрмысқа дайын болмайды. Қоғамның мәжбүрлеуінен бөлек романтикаға бой алдырып шығады. Сол себептен асықпай, сараптап тұрмыс құрған жөн. Статистика бойынша, жасы келіп отбасы құрған жұптың одағы берік болады.

 Өзім жоғары оқу орындарының 4-курс қыздарына дәріс оқып тұрамын Сонда олар үшін ең басты құндылықты сұрасам, 70-80 пайызы «Білікті маман, тәуелсіз адам ретінде ақша тауып, шетел көргіміз келеді, ғылыми жобаларда бақ сынағым келеді» дейді. Мұның өзі қуантады.

Қоғам дамыған сайын тенденция да ауысады, соған сай демография да, заң да, құндылық та өзгереді. Өйткені, бұрын отбасындағы құндылықтың бірі қызды ерте тұрмысқа беру болды. Қазір қалалы жерде тұрмысқа шығуға асықпайтын қыздар көбейді. Ата-ана қызының жоғары білім алып, жақсы маман атанғанын қалайды. Ешкімге тәуелді болмасын дейді. Қазақстанда ғана емес, әлемде отбасын құру статистикасы төмендеп жатыр. Мәселен, дамыған Оңтүстік Кореяда жастар өздерін дамытумен ғана айналысқанмен отбасы құруға құлқы жоқ. Осы әлемдік тенденция бізге де келді.

Одан бөлек қоғамда қызды зорлықпен алып қашуды қылмыс санамайтындар әлі бар екен.

– Егер кімде-кім18 жасқа толмаған қызды әйелдікке алатын болса, Қылмыстық кодекстің 122-бабымен 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол ол ма, ауылды жерлерде алып қашу біржола тыйылмай тұр.

Қызды зорлықпен алып қашу – адам ұрлау, ал бұл – қылмыс. Алып қашудың құрбаны болған қыздар психологиялық жарақат алып, сүймеген адаммен жылдар бойы азапты күндерді басынан өткеретінін түсінетін кім бар? Дегенмен, осындай күй кешіп жүрген жүздеген қыз-келіншектер тағдырдың тәлкегіне амалсыз көндіккен. 2019-2023 жылдар аралығында қыз алып қашуға қатысты 214 қылмыстық іс қозғалған.

Оның 94,3 пайызы қылмыс белгісінің болмауына байланысты тоқтатылған. Тек 10 іс қана сотқа жолданып, 27 адам жауапкершілікке тартылған. Дегенмен, қыз алып қашу фактілерінің нақты санын тек болжауға ғана мүмкіндік бар. 

ерте жүктілік
ғаламтордан

Өйткені, қоғамда мәжбүрлеудің бұл түрін хабарлауға әйелдерге кедергі болатын стереотип көп. Сондықтан да бұл осы санаттағы қылмыстың дәлме-дәл көрсеткіші емес. Себебі, осы жағдайға душар болғанның бәрі бірдей полицияның көмегіне жүгіне бермейді. Ал тіркелген істің өзі көбінесе жабулы қазан күйінде қалады. Неге? Өкініштісі, қолданыстағы заңнамада қыз ұрлығына тосқауыл қоятын бап жоқ. Еліміздегі барлық адам ұрлауды қамтитын Қылмыстық кодекстің жалпы 125-бабы ғана бар. Яғни, бұл бапта нақты «қыз алып қашу» пункті болмаған соң ІІМ мекемелері істі жауып тастайды. Қазір осы түйткілді Адам құқығы жөніндегі уәкіл Артур Ластаев басқаратын сарапшылық кеңесте талқылап, 125-бапқа қосымша бөлім қосуға күш салып жатырмыз. Сол кезде алып қашқан жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалып, 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыра алады. Ал бірнеше адамның қатысуымен жасалса, алды 12 жылға дейін сотталады.

– Шетелде өткен халықаралық конференцияда жүктілік туралы баяндама жасап едіңіз. Жалпы, басқа елдермен, соның ішінде көрші Орталық Азия мемлекеттерімен салыстырғанда нақты көрініс қандай екен?

– Бұл әлеуметтік мәселені бастан кешіріп отырған жалғыз Қазақстан емес. Бірақ Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан елінде тұрмысқа шығу үшін әйелдерді ұрлау ісіне қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мәселен, 5 млн халқы бар Қырғызстанның Қылмыстық кодексінде қыз алып қашу туралы арнайы бап бар. Мұнда жылына 5 мың қыз алып қашу фактісі бойынша ұрланады деген дерек бар.

Сонымен, жасөспірім қызбалалар арасында ерте жүктілікті болдырмау үшін не істеу керек?

– Тағы да статистиканың соңғы бес жылындағы көрсеткішті алсақ, жасөспірім қыздар арасында босану дерегі 37 пайызға төмендеген. Мұны әрі қарай да азайтуға атсалысуымыз керек. Сорақысы сол, 15-18 жас аралығындағы 17 жасөспірім кем дегенде бір рет жүкті болған екен.

Ерте жүкті болу
ғаламтордан

Оның 62 пайызы босанса, 22 пайызы медициналық мекемеде жасанды түсік жасатып, 16 пайызы жасырын түсік жасатқан. Енді сақтанған жақсы ма, әлде әр жерде төсектес болып ерте туғаны дұрыс па? 18 жастағы қыздың ағзасы әлі толығымен дамып біткен жоқ.

Жүктілікке дайын емес. Оның өзінің де, баласының да денсаулығы сыр беруі мүмкін. Бұл жерде сапалы ұлт туралы қалай айта аламыз? Екіншіден, егер дамыған ұлт боламыз десек, ана білімді, сауатты болуы керек. Себебі, бала тәрбиесіне жауапты – ана.

Жалпы, қазақтың менталитетімен күресу деген дұрыс емес. Бұл қолмен ұстайтын нәрсе емес. Бұл адамдардың санасында сіңіп қалған түсінік. Әрбір отбасының қалайтыны – дені сау, көзі ашық ұрпақ тәрбиелеу. Ондай ұрпақ болу үшін әйел оқыған, білімді болу керек. Өйткені, баланың тәрбиесімен айналысатын – ана. Егер қыз білім алмай, 18 жасқа толмай тұрмысқа шығып кетсе, баласына қандай тәрбие береді?