13 Қыркүйек 14:35
...

Мұхамеджан тост айтып, Бекболат бата берді: Айнұр Тұрсынбаеваның Түркияда жасаған тойы қалай өтті?

Фото:

Ақын Стамбұл қаласында жасаған ұлының аста-төк тойын жалпақ жұртқа желі арқылы көрсетті.

Күні кеше Беклан атты ұлын үйлендірген Тұрсынбаевның тойын инстаграм арқылы 47 000-нан астап адам тамашалаған. Себебі, той иесі күні бұрын отбасылық қуанышын тікелей эфир арқылы көрсететінін мәлімдеген. Елден ақынның бұл тойына отандық әртістердің біразы кеткен болатын. 

Тойдан бұрын алдымен әдеттегідей беташар мен салтанатты неке қию рәсімі орындалды. Мәдина атты жас келіннің бетін белгілі ақын Жандарбек Бұлғақов ашса, ал жас жұбайлардың некесін ашық аспан аясында Алтынай Жорабаева қиды.

Бұдан соң кешкісін Стамбұлдағы қонақүйлердің бірінде  үлкен той басталды. Шараны Түркиядағы ең үздік компанияның бірі ұйымдастырған. Оған Қырырәлі мен Қарақат, Сәкен Майғазиев, Индира Расылхан, Қайрат Нұртас пен анасы Гүлзира Айдарбекова, Ерке Есмахан, Ерлан Көкеев, Тұрсынбек Қабатов», «Алатау серілері» сынды көптеген отандық өнер иелері қатысты. Тойды қарағандылық Айбат Никулин ныспысымен таныс асаба тізгіндеді. Елден барған әншілердің барлығы бірдей ақынның  ұлы мен келініне баянды бақыт тілей отырып, әннен шашу шашты.

Сондай-ақ тойға қадірлі қонақ ретінде ресейлік әнші Авраам Руссо да шақырылыпты. Тұрсынбаеваның парақшасына  жүктеген бейнежазбадан қуанышқа Мұхамеджан Тазабектің де қатысқанын көруге болады. Ал қазіргі кезде  Түркияда тұрып жатқан Бекболат Тілеухан дастарханға бата беріп, ас қайырған. 

Кеш барысында Айнұр Тұрсынбаева ақ келініне деген тілегін ән арқылы жеткізді. Сондай-ақ ақын тойында белсенділік танытып, қызықты өтуіне үлес қосқан қонақтарға гауһар таратқан. Кешті соңына дейін тамашалаған жұрт аталған қымбат сыйлықтың Балғынбек Имашев пен Гүлзира Айдарбековаға бұйырғанын жазуда. Ал қалыңдықтың лақтырған гүлін Тұрсынбаеваның қызы Айдана қағып алды. Бұл ретте «келесі той кімдікі екенін түсіндіңіздер ғой» деп жазған әнші жуырда қызын ұзатып қалуы да мүмкін екенін білдірді.

Тойды тамашалаған жұрт соңынан түрлі пікір қалдырды. Бірі Айнұрдың ер азамат атқара алмайтын жүкті көтеріп, жылдың үздік тойы болғанын жеткізсе, енді біреулер елде неге жасамады дегенді айтып, кейістік танытқан.

«Не деген ысырапшылдық?!», «Өзге мемлекетте шулатып қалай той беріп жатыр? Ақша ғой бәрін шешетін», «Ел өрттен зардап шеккен  қостанайлықтарға көмек беріп, қалаберді мектепке балаларын әрең жіберіп жатқанда, біздің әншілер мен ақындар Түркияға тойға баруға ақшаны қайдан табады екен?», – деп жазғандар да бар.

Тегтер: