Жазушы Мархабат Байғұттың 80 жылдығы Алматыда атап өтілді

Қаламгердің 80 жылдығына байланысты өткізіліп жатқан түрлі шараның басы-қасында жүрген журналист, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай «Мархабат Байғұт тағылымы: Арайлы Алматыға шырайлы Шымқаладан» атты әдеби керуенді бастап келді.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық кітапханасы мен әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен жүзеге асқан рухани еске алуға жазушының інілік ілтипатын көрген аға буын қаламдастары мен әріптестері, жалпы шығармашылығын сүйіп оқитын оқырмандары қатысты.
Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма өрағасының орынбасары Қасымхан Бегмановтың модераторлығымен өткен әдеби керуеннің ашылуында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың сәлемін Шымшаһардың мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев жеткізді.

Ал көркемсөз шебері Мархабат Байғұт туралы жылы естелік айтқандар оның аймақта жүріп-ақ халықаралық деңгейде таныла білген бірден-бір жазушы екеніне екпін түсірді. Оған дәлел – жазушының шығармасы 6 тілге аударылды. Себебі, ешкімге еліктемеген өзіндік жазу стилі бар, әр шығармасы астарлы ой мен шынайы сезімге құрылатын сыршыл жазушы ретінде оқырманын баурап алатын. Тіпті, жалғыз өзі бүкіл ауыл-аймақтың мәселесін көтеріп, билік орындарына жеткізіп, шешімін табуына ықпал ететіні де жергілікті халықтың есінде. Мәдениет және әлеуметтік түйткілдерден бөлек, ономастика, терминология мәселесіне де үн қосты. Жер-су аттарының ежелгі атауын тауып, ғылыми негізде дәлелдеп отырып, жасап бергенін жұрт ұмыта қойған жоқ.
Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы:
Мархабат – Дулат екемізге ортақ іні болды

– Мархабат Байғұт – талантты жазушы. Құдай берген талантты ешкім бұзып, жара алмайды. Бір сөзден бір сөйлем, екі сөзден бір сөйлем жазатын әдісті меңгерді. Мұндай ешкімде жоқ. Бейімбетте, Ілияста, Сәкенде, ешкімде болмады. Мархабат – Дулат екемізге ортақ іні болды. Дулат Исабеков те оны қатты жақсы көретін, сыйлайтын. Ол ұлтына өле-өлгенше қызмет жасап кетті. Ұлтын сүйген ұлды сен де сүюің керек. Мархабатты неге жақсы көреміз? Өйткені, қолынан келгеннің бәрін істеді.
Ұлықбек Есдәулет, ақын:
Оңтүстікке көзімді ашқан Мархабат Байғұт еді
– Француз халқында көнеден келе жатқан «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген қанатты сөз бар. Соны өзімізге бейімдеп «Ақын-жазушылар ауылда туып, Алматыда өледі» деп айтып жүрдік. Міне, осыны жоққа шығарған Мархабат Байғұт еді. Ауылда да классикалық көркем әдебиет тудыруға болатынын дәлелдеді. Жазушының кітаптарын оқып-ақ сөз байлығын дамытуға болады. Өйткені, шұрайлы тіл сол кісінің шығармаларында мен мұндалап тұр.
Қазір біз 80 жылдығына орай бас қосып отырмыз ғой. Қайбір жылы 50 жасын тойлағанда мені және Исраил Сапарбай ағаны шақырды. Сол кезде Мархабат Байғұттың ауылын көріп, марқайдық. Алатау мен Қаратаудың аңғары, Түлкібастың тарихын әңгілемеп айтып берген еді. Бұл оның шығармаларында да тұнып тұр. Абай атамыздың айтты деген «Дүниеге көзімді ашқан Михаэлис» деген сөз бар ғой. Сол секілді менің оңтүстікке көзімді ашқан Мархабат Байғұт еді. Әдебиеттің мектебін қалыптастырып кеткен жазушының кейіпкерлері, оқиғалары көз алдыма келеді. Оның шығармаларынан көркем фильм түсірілсе, құба-құп болар еді. Мархабат ағаның елге, жерге сіңірген қызметінен басқа көркем әдебиеттегі орны бөлек.
Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Мархабат оңтүстіктің ғана емес, бүкіл қазақтың азаматы деңгейіне көтерілді

– Мархабат Байғұт екеуміз 1-курста бірге оқыдық. Кітапханадан шықпайтын. Бірақ 2-курста келмей қалды. Сөйтіп, сырттай оқуға ауысып кетті. Кейін әңгімелері, мақалалары жарық көріп тұрды. Өзінің ауылында жүріп-ақ елге танымал болды. Қазір Мархабаттың мәңгілік өмірі басталғанда оның ұлтына, туған жеріне қандай қызмет еткеніне көзіміз жетіп отыр. Ол сөз өнерінің барлық саласында еңбек етті. Журналистикадан бастап, көркем прозаға дейін қалам тербеді. Қазақ руханиятында сөзі жүретін жердің барлық жерінде жүрді. Сөз – адам. Адамның тағдыры – ұлттың тағдыры. Бұл қасиет ұлтына адал, саналы азаматқа ғана берілген. Мархабат оңтүстіктің ғана емес, бүкіл қазақтың азаматы деңгейіне көтерілді. Алдағы уақытта осындай еске алу жиыны жиі өтіп тұрса деймін. Артында іздеушісі болмаса, ұмыт қала береді. Мархабаттың шығармасы, мұрасы халқына қызмет ететін кезі келді. Оны жалғастыру біздің міндетіміз.
Бауыржан Жақып, ақын «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы:
Мархабат ағаның 80 жылдығы тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің тойы
– Бір ай бұрын жазушы Мархабат Байғұттың 80 жылдығына орай Түркістан облысында симпозиум, Шымкентте ауқымды конференция өтіп, қазақтың прозасына қосқан үлесі ұлықталды. Одан кейін туған өңірі Таупістеліде «Түркі әлемі және Мархабат Байғұт» деген жиын өтіп, ас берілді. Түркия, Қырғызстан, Өзбекстаннан делегация келіп, мәртебемізді асырды. Яғни, Мархабат ағаның 80 жылдығы тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің тойы екенін әспеттеп айтты. Махаңның сіңірген еңбегі, жазған дүниелері мәңгілікпен астасып кетті. Шығармалары өте биік деңгейде жазылды. Шын жазушы өлмейді екен, ол жұлдыз болып сөнбейді екен.
Ұлттық кітапханаға жиналған зиялы қауым жазушы Мархабат Байғұттың 80 жылдығын атап өту шарасын ұйымдастыудың басы-қасында жүрген журналист Ғалымжан Елшібайға ерекше алғыс білдірді. Жазушы-қаламгердің атын ұмытпай, есімін ұлықтап, мұрасын жаңғыртып жүрген жанашыр азаматтың Ғалымжан Елшібайдың айтуынша, еліміздің он өңіріне 2 мың данамен тарайтын «Мархабат» журналы жарық көруде. «Бүгінде жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған пьеса көрерменге жол тартты. Өзі де талай жылдар бойы ономастика бөлімін басқарып, елді мекен атауларының қазақшалануына атсалысқан Мархабат Байғұттың атын көше, мектептерге беру мәселесі де қарастырылып жатыр. Жазушының шығармаларын ұрпақ санасында жаңғырту үшін әдеби байқаулар да ұйымдастырылып келеді», – деді журналист.
Түркістанда түңлігі түріліп, екінші күні Шымкентте, үшінші күні туған жері Түлкібаста – «Таупістелі тағылымы» конференциясы төртінші рет ұйымдастырылды. Осы және Алматыда жарасымды жалғасын тапқан іс-шараның бәрінде айтылған бір ой – оңтүстікте Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйін ашу туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.